Бір апта уақыттан кейін осы оқу жылы аяқталады. Тоғыз ай бойы тынымсыз білім алған шәкірттер жазғы демалысты тағатсыздана күтуде. Олардың демалысы қалай ұйымдастырылмақ? Аймақ бойынша неше бала лагерьмен қамтылады деп жоспарлануда? Демалыс орындарындағы санитарлық жағдай мен қауіпсіздік ережелері талапқа сай ма? Осы және өзге де сұрақтарға облыстық білім беру басқармасының тәрбие жұмысы мен қосымша білім беру бөлімінің басшысы Айтмахан Бекбатыр Жанатұлы жауап береді.
— Бекбатыр Жанатұлы, биыл облыс бойынша неше оқушы жазғы лагерьмен қамтылатын болады?
— Бүгінде облыс бойынша 113 988 оқушы бар. Ағымдағы жазғы маусымда 108 мыңнан астам оқушыны жазғы лагерьмен қамту жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш 1-10-сынып оқушыла-рының жалпы санының 98,4 пайызын құрайды.
— Осы оқушылар қайда және қалай демалады?
— Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі көңілді ұйымдастыруға басымдық берілуде. Бұл мақсатта бірнеше бағыттағы лагерьлер жұмыс істейтін болады. Атап айтар болсақ, 44 216 оқушыны қамтитын 326 мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдар, 57 870 оқушыны қамтитын 424 профильді лагерьлер мен жасақтар жұмыс істейді деп жоспарлануда. Сонымен қатар, қала сыртында балаларға арналған 12 лагерь қызмет көрсетеді. Оның ішінде 9 мемлекеттік, 3 жекеменшік демалыс орны бар. Аталмыш лагерь-
лерде 6 146 павлодарлық оқушы демалып қана қоймай, сауықтыру қызметін де алады.
— Биыл жазғы лагерьдің құны шамамен қанша теңге деп белгіленді?
— Мектеп жанындағы лагерьлердің құны 1 күн үшін орта есеппен 684-900 теңге аралығында болады. Яғни, мұндай лагерьдің бағасы тамақтану сомасы мен күн санына байланысты есептеледі. Ал басқа лагерьлердегі баға көрсетілетін қызмет пен ас мәзіріне, тамақтану санына байланысты әр түрлі болып келеді.
— Қандай балаларға жеңілдік жасалады?
— ҚР Үкіметінің №64 Қаулысы бойынша келесі санаттағы білім алушыларға жеңілдіктер қарастырылған.
1) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы отбасының табысы ең төменгі күн көріс деңгейінің мөлшерінен төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) Төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) Білім беру ұйымының алқалы басқару органы (қамқоршылық кеңес) айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына жеңілдіктер жасалады.
— Облыстағы балаларға арналған демалыс орындарындағы санитарлық жағдай мен қауіпсіздік ережелері талапқа сай ма?
— Барлық лагерьде санитарлық нормалар мен қауіпсіздік ережелері қатаң сақталады. Оны осыған жауапты мекемелер бақылауда ұстауда. Сонымен қатар, демалысқа баратын балалардың денсаулығына байланысты медициналық анықтама талап етіледі. Профилактикалық медициналық тексеруден өтпеген балалар лагерьге қабылданбайды.
— Лагерьде жұмыс істейтін тәрбиешілерге қандай талаптар қойылады?
— Тәрбиешілерде міндетті түрде педагогикалық білімі, сотталмағандығы туралы анықтамасы болуы қажет. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге қарсы көрсетілімдері болмауы тиіс. Осы талапқа сай педагогтар ғана жазғы лагерьлерде балалармен жұмыс істейді.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.