Жайнаған шамдар, жаңарған Павлодар

Жел 18, 2025

Соңғы уақытта Павлодар қаласында көріктендіру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асуда. Көшелерге жаңа жарық шамдары орнатылып, қысқы демалысқа арналған мұз айдындары мен қысқы ойын алаңдары дайындалуда. Бұдан бөлек, жаңа жыл мерекесі қарсаңында қала аумағы мерекелік безендірумен әрленіп, шаһар тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда.

Қазіргі уақытта негізгі жұмыстардың бірі – мұз айдындарына арналған аумақтарды дайындау. Алдымен жұмысшылар алаңдарды қоқыстан тазартып, бүйір қоршауларын ретке келтіруде, кейін тегістеу жұмыстарын жүргізеді. Осының бәрі аяқталған соң ғана мұз құю жұмыстары басталады.

Павлодарда қысқы спортқа ерекше жанашырлықпен қарайтын тұрғындар мен клубтар  бар. Соның бірі – Назарбаев даңғылындағы 6/3-үйдің ауласында орналасқан аты аңызға айналған «Құрдас» клубы. Мұнда бірнеше жыл бойы коньки тебуге құмар жандар жиналып, аула мұз айдынын өз қолдарымен күтіп ұстап келеді.

Қала бойынша негізгі мұз айдындарының тізімі айтарлықтай кең. Балалар мен жастар спорт орталығының спорт ғимараттары бойынша меңгерушісі Еркін Макешовтің айтуынша, биыл тұрғындар 24 қоғамдық мұз айдынына бара алады. Ал Орталық алаңда биыл алғаш рет қосымша екі жаңа мұз айдыны пайда болады.

– Биылғы маусымда тұрғындар үшін 24 қоғамдық мұз айдыны жұмыс істемек. Олар Орталық алаңда (екі айдын), Ш.Құдайбердіұлы, 6, Гагарин, 30, Ломов, 159, Катаев, 101, Ак. Сәтбаев, 243, Павлов, 44, Н.Назарбаев, 20, Айманов, 29, Н.Назарбаев, 42, Нұрмағамбетов, 130, Торайғыров, 44/1, Айманов, 52, Қамзин, 68, Астана, 10, Бектұров, 15, Н.Назарбаев, 6/3, Ткачев, 15-үйлерінің аулаларында, Павлодарское ауылы, Заводская, 1, «Ertis» шаңғы базасы, Малайсары, 39 мекенжайындағы «Восточный» жабық корты, Ген. Дүйсенов, 105 (Қалалық бақ) пен Гагарин саябағында және 39 жабық кортта ірі мұз айдындары жұмыс істейді. 20 желтоқсанға дейін барлық нысанды толық дайындауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Бұдан бөлек, қала мектептерінің аумағында, спорт орталықтарының жанында және көптеген аула маңында мұз айдындары құйылады. Кейбір аулалық айдындар өткен жылы ерекше сұранысқа ие болып, биыл ол жерлерде қосымша жарықтандыру орнату туралы шешім қабылданған.

Аулаішілік мұз айдындарында сырғанау толықтай тегін. Сондай-ақ Орталық алаңда, Қалалық бақта, Гагарин атындағы саябақта және Малайсары 39 мекенжайындағы жабық хоккей кортында коньки тегін беріледі. Қалған мұз айдындарында тұрғындар өз конькилерімен сырғанай алады. Сондай-ақ, қала аумағында «Зеленая роща» және «Усолка» шаңғы базасында шаңғылар тегін беріледі. Жұмыс күндері 12.00-ден 19.00-ге дейін, демалыс күндері 11.00-ден 19.00-ге дейін, сейсенбі – демалыс күні. Шаңғы барлық адамдар үшін қол жетімді.

Сондай-ақ, шаһарда 10 сырғанайтын төбешік орнатылады. Олар Гагарин саябағы, Ertis Olimpic бассейні, Ж.Аймауытов атындағы театр, Химгородок («Гусиный рейсі»), Восточный шағын ауданындағы Малайсары көшесі, 21, Достық шағын ауданында, Металлургтер паркінде, Назарбаев даңғылы, 3/2, 2 Павлодар шағын ауданында, сондай–ақ МДС-Дачный ауданында орналасады. Қала аумағында «Зеленая роща» және «Усолка» шаңғы базасында шаңғыларды тегін алуға болады. Жұмыс күндері: 12.00-ден 19.00-ге дейін, демалыс күндері 11.00-ден 19.00-ге дейін, сейсенбі-демалыс күндері ашық. Шаңғы барлық адам үшін қолжетімді.

Одан бөлек, саябақтар мен скверлерді жарықтандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Мәселен, осы жылы 17 заманауи шағын саябаққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, келесі жылы тағы 15 аумақ абаттандырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, қала көшелерінде бұрын бос және күтімсіз болған алаңдарға жарықтандыру тартылып, тұрғындарға арналған орындықтар мен әткеншектер орнатылды. 700-ден астам ағашқа жарық орнатылып, қала көшесіндегі 17 көпқабатты тұрғын үйдің қасбетіне сәулеттік жарықтандыру орнатылды.

Айта кетейік, биыл қаланың Жаңа жылдық безендірілуіне бюджеттен 23 млн теңге бөлінді. Шаһардың барлық шағын ауданында бұған дейін қолданылған шыршалар орнатылады. Ал Орталық алаңдағы қазақы үлгіде безендірілген шыршаға биыл сәукеле элементі қосылып, ұлттық өрнек айшықтала түсті.

Айдана БОРАНБАЕВА, Павлодар қаласы.