Қазіргі таңда 2 миллиондай қазақстандықтың жалдамалы пәтерде тұрып жатқаны белгілі болды. Олардың басым бөлігін жастар құрайды екен. Елімізде жыл сайын жаңа тұрғын үйлер бой көтергенімен, баспанасыз жүрген жандар саны әлі де азаяр емес. Әсіресе, үлкен қалаларда үй жалдап тұратындардың қатары артуда. Яғни, айлап жүріп тапқан табысының жартысын жалдамалы пәтерге төлеп, қалғанын ас-суына әзер жеткізіп отырған отбасылар көбейген. Олардың осындай жағдайына алаңдаған халық қалаулылары жалдауға беретін пәтерлердің шекті бағасын бекіту туралы мәселе қозғап, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне депутаттық сауал жолдады. Бұл ұсынысты үй жалдап тұрушылар қуана қолдаса, басыбайлы баспанасын жалға берушілер қарсылық танытып жатқан жайы бар.
Сонымен, жалдамалы пәтер бағасын бекіту дұрыс па? Қоғамда қызу пікір-талас тудырған осы мәселені «Алаңның» талқысына салып көрген едік.
Нұргүл ТАУ, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты (пікір интернеттен әзірленді):
— Бүгінде елімізде үйге мұқтаж жандардың қатары 4 жарым миллионға жеткені белгілі болды. Олардың 1 жарым миллионнан астамын жастар құрайды екен. Алайда қазір 2 миллиондай қазақстандық азамат жалдамалы пәтерді паналап жүргені мәлім. Ал біздің елімізде жалға берілетін пәтерлердің бағасы күннен-күнге шарықтап өсіп келеді. Яғни, баспананы жалдау құны қымбаттамаса, арзандаған емес. Сондықтан мен тұрғын үйді жалға беру және алу нарығын реттейтін уақыт жетті деп санаймын. Бұл жерде жалға берілетін пәтерлердің жағдайына сәйкес оларға жұлдыз санын қойып, хабарландыру сайттарына орналастыру керек деп ойлаймын. Сонымен қатар, бұл үрдіс жүзеге асырылу үшін жалға берушілердің бірыңғай тізімін құру, жалға алу мен беруші шарттарының типтік жобасын бекіту қажет деп есептеймін.
Серік ЖОЛДАСБАЕВ, заңгер:
— Нарықтық экономика заманында өмір сүріп жатқандықтан біреудің жеке меншік пәтерінің жалдау құнын бекіту ақылға қонбайтын сияқты. Сондықтан бұл мәселені терең зерттеген жөн. Мысалы, бір адам ипотекасын төлей алмағандықтан уақытша жалға беріп, өзі жақындарының үйін паналауы мүмкін. Енді біреу көпбалалы отбасы шығар, мемлекеттік бағдарлама бойынша үй алып, қалада тұруға жағдайы келмегендіктен немесе несиесін төлеу мақсатында жалға берген болар. Сол үшін әр адамның жағдайы әртүрлі екенін ескеру керек. Тағы бір мәселе бар, қазір кейбіреулер тамыр-танысы арқылы пәтерін заңсыз жалдайды. Оларды анықтау оңай емес. Салық туралы заңда үйін жалға берушілер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, тапқан табысының 3 пайызын салық ретінде төлеуі тиіс. Бұл талапқа бағынбайтындар жетерлік. Сондай-ақ, жалданатын пәтердің бағасы да оның жағдайына, орналасқан жеріне, қай класқа жататынына қарап қойылады. Демек, бұл — өте күрделі іс. Ойланып шешім қабылдау қажет.
Еркежан ӘУБӘКІРОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
— Бүгінгідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан заманда пәтер жалдап тұру өте қиын. Өзім де көптен бері үй жалдап жүрмін. Әрине, жеке меншік баспанаң болмаған соң, шарасыздан біреудің пәтерін паналап, ай сайын сұраған ақшасын төлеп тұруға тура келеді. Басқа жол жоқ. Пәтер жалдау құны да жыл сайын өсіп келеді. Ал кейбір үйдің иелері аспандағы бағаны сұрайды. Арзандауын таба алмағандар амалсыздан алып, айлығы шайлығына жетпей қиналып, тіпті, несие рәсімдеп жатады.
Сондықтан пәтерді жалдау бағасын бақылап, бекіткен өте дұрыс деп ойлаймын. Сондай-ақ, бұл іске мемлекет тарапынан да қолдау болғаны жөн. Яғни, үйді жалға алушылар отбасындағы адам саны ескеріліп, соған сай жеңілдіктер қарастырылса деген ұсынысым бар. Мәселен, бөлме санына байланысты жалдау құны да қымбат болып келеді. Сол үшін мемлекеттен үлкен отбасыларына үйін жалға беретін азаматтарға арнайы субсидия төленіп, салық төлеуіне жеңілдіктер қарасты-рылса, қарапайым халыққа үлкен көмек болар еді.
«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.