Әлемдегі ең қауіпті мамандықтардың бірі — өрт сөндіруші. Нағыз ер азаматтарға тән мамандық жүректілік пен батылдықты талап етеді. Күнде өлім мен өмірдің арасында арпалысып жүрген батырлардың құрал-саймандары сақадай сай, дайындықтары жоғары болуы керек. Жалын ішіндегі жауынгерлерді өз ісінің нағыз мамандары десек артық болмас.
Осындай қайратты өрт сөндірушілердің бірі — Павлодар облысы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің Павлодар қаласы №4 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Марлен Әбенов. Қызмет атқарғанына 3 жылдан енді ғана асса да, ол бірнеше рет өрт сөндіруге, табиғи және техногендік сипаттағы ТЖ салдарын жоюға қатысты. Әріптестерінің айтуынша, Марлен өрт сөндіру барысында үнемі таңдап алған мамандығына бар ынта-жігерін жұмсап, өзінің кәсібилігі мен батылдығын бірнеше рет дәлелдеген. Мәселен, былтыр 28 желтоқсанда таңертең Павлодар қаласындағы 9 қабатты көп пәтерлі үйдің жоғарғы қабатындағы қоқыс жинайтын орыннан өрт шыққан. Осы кезде жұмысынан үйіңе келе жатқан өрт сөндіруші Марлен Әбенов терезеден будақтаған түтінді байқап, бірден оқиға орнына барып, бір өзі төрт адамды қауіпсіз жерге шығарған.
— Құтқару қызметтері келгенге дейін оқиға орнында азаматтық қорғаудың кіші сержанты, 4-ӨСБ өрт сөндіруші-құтқарушысы Марлен Әбенов болды. Көшеде келе жатып, терезеден будақтаған түтінді көрген ол еш ойланбас- тан қауіпті аймаққа бет алған. Марлен 9-қабатқа көтеріліп, төрт адамды, оның ішінде баласы бар әйелді эвакуациялаған. Негізі, Марлен ауысымнан кейін үйде демалыста болған еді. Бірақ соған қарамастан, өзінің азаматтық борышын абыроймен орындады, — дейді Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері. Міне, осылайша Павлодар қаласында тұрғын үйде шыққан өртті сөндіру кезінде жанкештілігімен жергілікті тұрғындарды тәнті еткен өрт сөндіруші Марлен Әбенов ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 2022 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрығымен өрт кезінде адам өмірін аман алып қалудағы ерен еңбегі үшін «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісімен марапатталды. Марленнің өзінің айтуынша, құтқарушы үшін ең үлкен марапат — ел алғысын алу, ең үлкен жеңіс – адам өмірін құтқарып қалу.
— Ең алғаш еңбек өтілімді бастаған кезде далалық өрттерді сөндіретінмін. Бірде Павлодар ауданына қарасты Черноярка елді мекеніндегі егістік алқаптарынан үлкен өрт шығып, оқиға орнына жедел жеттік. Сол кезде әріптестерімнің көзсіз батылдығымен тілсіз жау дер кезінде сөндірілді. Бұл ретте, маман ретіндегі кеңесім — өрт сөндіретін құрылғыларды пайдаланғанда сақтық шараларын қатаң сақтау қажет. Мысалы, ғимараттың немесе басқа да объектінің белгілі бір аймағын қорғау үшін құбырлар жүйесі, басқару модульдері, көбік шығаратын қондырғылар пайдаланылады. Өрт сөндірушінің күнделікті киетін киімі «боевка» деп аталады. Ыстық өткізбейтін киімдердің салмағы да ауыр. Өрт сөндіретін құрылғылар мен боевканың салмағын қосқанда бір өрт сөндіруші 7 келідей жүк арқалағанмен пара-пар болады. Ал осы арнайы киімді 1 минутта киіп, оқиға орнына жету — біздің басты міндетіміз, — дейді ол. Сонымен қатар, Марлен Әбенов құтқарушы мамандығында қызмет атқаратын мамандар міндетті түрде ержүрек, төзімді, физикалық тұрғыдан дайын, сондай-ақ, теориялық білімі мен өртпен күресуде практикалық дағдысы болуы керек екенін айтты. Оның сөзінше, нағыз өрт сөндіруші шаршауды әрі «қолымнан келмейді» деген сөзді білмейді. Тәуліктің кез келген уақытында, тіпті аптап ыстық пен қақаған аязда ол отқа да, суға да түседі. Осылайша жүктелген жауапкершілікті арқалаған жандар үшін құтқару, көмектесу деген мақсат күн сайын бірінші орында тұрады.
— Күн тәртібі белгіленген кестеге сай жүргізіледі. Таңертең 7.30-да өрт сөндірушілер жұмысына кіріседі. 7.45-те кезекшілікті қабылдап алады. Ауысымды қабылдап алған кезекші маман техникалық құрал-жабдықтардың дұрыстығын тексереді. Яғни, өрт сөндіру бөлімшесіндегі кезекшілік жұмыс аппараттарын тексеруден басталады. Оттегі толтырылған баллон мен тыныс алу құрылғысында ақау болмауы керек. Сондай-ақ, өрт сөндірушілер үшін қызыл жалынмен күресте қолданылатын әдіс-тәсілдер, қауіпсіздік шаралары мен құтқару амалдары туралы дәрістер тұрақты түрде өткізіледі. Сөйтіп, өрт оқиғасы тіркелмеген жағдайда күн сайын теориялық және практикалық сабақтарға қатысамыз. Сағат таңғы 08.00-де физикалық жаттығу жасаймыз. Себебі өрт сөндірушіге қойылатын ең басты талап — шыдамдылық пен ерік-жігер. Сонымен қатар, өрт сөндірушіге міндетті түрде спортпен шұғылдану керек. Кейде биік ғимараттардан тек заттар ғана емес, адамдарды да түсіруге тура келеді. Сонымен қатар, өрт сөндіруші арнайы техниканың барлық қыр-сырын меңгеру керек. Ал бұған физикалық даярлық керек екені белгілі, — деді Марлен Әбенов. Өрт сөндіруші сөзі абырой, батырлық, өжеттілік сөздерімен қатар естіледі. Өз өмірін қауіп-қатерге тіге жүріп, өзгенің өмірін арашалап қалатын жандар қызыл жалын тұтанған сайын ерлік жасайды. Иә, құтқарушылардың еңбегі қай жақтан болса да құрметке лайық. 19 қазан – Құтқарушылар күні ретінде өрт сөндіру мамандарының кәсіби күні болып белгіленген. Бірі білсе, бірі білмейтін бұл атаулы күннің маңызы зор. Өмір мен өлімнің арасында жүріп, ел үшін ерен еңбек сіңіріп жүрген азаматтар мақтан етуге тұрарлық.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суретті түсірген – Есенжол Исабек.