Жалғыз жыршы еді

Нау 13, 2025

Абайтанушы, жыршы Даниял Әсеновтің өмірден озғанына бір жыл болды. Егер тірі болғанда, бүгін 75 жасқа толар еді. Бірақ тағдыр оны жазбаған екен. Замандасымызбен бірге өткізген күндерді еске түсіргенде, ол туралы жазбауға болмайды екен деген ойға келдім.

Даниял Әсенов 1950 жылғы 12 наурызда Павлодар облысы Май ауданының сол кездегі Қызылеңбек ауылында дүниеге келген. Балалық, жастық шағы қазіргі Абай облысының Бесқа-рағай ауданы Беген ауылында өткен. Беген орта мектебіндегі орыс сыныбында оқып жүргенде орыс сыныптары жабылып,
орта білімді Семей қаласындағы №1 мектеп-интернаттан алады. Анасы Ақан (Рақима) – мұғалім, әкесі Сабыр бухгалтер болып қызмет істеген. Әкесі небары отыз жеті жасында қайтыс болады.

Халқымыз «Тақыр жерге шөп шықпайды» деп тегін айтпаған. Өте сирек кездесетін жыршылық өнер Даниялға арғы аталарынан дарыған болу керек. Сабырдың әкесі — Мәди бір болысты басқарған, билік айтқан, елге есімі белгілі, текті адам болған. Ол туралы Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай 1995 жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Абай» энциклопедиясында былай деп жазылған: «Мәди Тәстембекұлы (1879 – ө.ж.б.) – бұрынғы Семей уезі, Айғыржал болысының адамы, Павлодар облысы, Бесқарағай ауданының Беген ауылында тұрған. Абайдың қайын жұрты Тіленші балалары – Тоқсанбай, Алшынбай, Берді болса, ақынның бәйбішесі Ділдә – Алшынбайдың Түсібінің қызы, ал Мәдидің шешесі – Бердінің қызы. Мәди нағашыларының ауылымен аралас өсіп, Абай шығармаларын көшіріп алып, жаттап өскен. Мәди 1951 жылы Абайдың Семей-дегі әдеби-мемориалдық қорық музейіне ақынның бұрын белгісіз «Бітіспес іске туыппыз…», «Лашын мен шымшық», «Бүркіт сыны» деген өлеңдерін тапсырған. Дегенмен, бұл өлеңдердің ақынның төл шығармалары екені әлі дәйекті дәлелдеуді қажет етеді. Ақын музейінде бұлармен қатар Мәдидің естелігі де сақтаулы» (401-бет).

Міне, бұл – ұрпақтар сабақ-тастығы. XX ғасырда текті тұлға Мәди нағашы жездесі Абайдың өлеңдерін жаттап, сақталуына қамқорлық жасаса, оның немересі Даниял да Абайдың шығармаларын жатқа біліп, ел ішінде кеңінен насихаттауға көп еңбек сіңірді.

Даниял 1973 жылы Семейдің педагогикалық институтының филология факультетін орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді. Алайда, оны мұғалімдіктен гөрі ішкі істер органдарында қызмет істеу көбірек қызықтырып, осы мақсатта міндетті әскери борышын өтеп, сол кезде өндірісте істеген жұмыс өтілі талап етілгендіктен, бір-екі жыл Павлодар алюминий зауытында еңбек етті. 1978 жылдан 1999 жылға дейін облыстық ішкі істер басқармасына қарасты мекемелерде қызмет істеп, подполковник шенінде отставкаға шықты.

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі болды. Бірлестік 2022 жылы «Ұлттық құндылықтар – ұрпаққа мұра» атты кітап шығарды. Онда бірлестік мүшелерінің өмірдеректері, шығармашылық туындылары, ұлттық құндылықтар мен жастар тәрбиесіне қатысты баспасөз беттерінде жарияланған мақалалары мен әртүрлі тақырыптағы өлеңдері топтастырылды. Кітапты баспаға дайындау кезінде Даниял өзінің өмірбаянын кешіктіріп берді және онда істеген қызметтерін өте қысқаша, небары үш-төрт сөйлеммен ғана көрсетіп, өзінің жыршылығы, басқа да атқарып отырған қоғамдық жұмыстары мен алған марапаттары туралы ештеңе жазбапты. Мен кітаптың редакторы ретінде оны сұраға-нымда, «Ту, сол не керек?» деп ұнатпай қалды. Кейін білгенімдей, 2019 жылы «Тілдер туралы» Заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Алғыс хатын» алған екен. Салалық кәсіподақтың «Еңбек даңқы» медалімен және облыс әкімінің Құрмет грамотасымен наградталған екен. Ал 2020 жылы оның 70 жылдығына орай С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен шарада сол кездегі облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов облыс әкімінің «Алғыс хатын» табыс етті. Осы арада оған «Алғыс хат» емес, «Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері» сияқты мемлекеттік награда болмаса да, «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағын беруге әбден болушы еді. Сөйтіп, көзі тірісінде мемлекет және қоғам алдында сіңірген мол еңбегі лайықты бағасын алмаған Даниял Әсенов туралы экспозиция Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде және Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде болса екен деген тілек білдіреміз.

Осыдан үш-төрт жыл бұрын «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі батагөй ақсақалдардың облыстық конкурсын өткізді. Оған белсене қатысып, тағы бір тамаша қырынан көрінген Даниялды республикалық конкурсқа қатыстыру туралы байлам жасалған еді. Бірақ ол күнге жетуді тағдыр жазбаған екен.

«Қобыланды», «Батыр Баян», «Қыз Жібек», «Еңлік-Кебек» сияқты эпикалық жырларды, Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Сұлтанмахмұттың, Мәшhүр Жүсіптің шығармаларын жұртшылық алдында мәнерлеп жатқа айтып жүрген ол ешқашан атақ пен марапатты дәметкен емес. Жаратушы Алладан адамға берілетін сирек талант пен дарындылықты қандай да бір мансап пен атақ үшін емес, халық игілігі үшін еңбек етуге пайдалануды мақсат еткен болу керек. Сол себепті жұрттың бәрі алып жатқан «Құрметті азамат» атағын алуға да әрекет етпеді және ойында ондай ниет те болған емес. Есесіне қалың жұртшылық оны абайтанушы, жыршы, аузы дуалы ақсақал деп таныды, мойындады және соған лайық құрметтеді. Бұл, әрине, атақ емес – абырой. Ал халықтың абыройына бөлену бәрінен жоғары мәртебе емес пе!

Қазір қарап отырсам, Даниял Сабырұлы уақыт шіркіннің атқан оқтай тез өте шығатынын, бәріне де үлгеріп қалу керектігін әрдайым есінен шығармаған ба деймін. Өйткені, ол бірнеше мыңдаған адамның біреуіне ғана даритын жыршылық өнерді, Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Сұлтан-махмұттың, Мәшhүр Жүсіптің шығармаларын және ауыз әдебиетіндегі эпикалық батырлар және лиро-эпостық жырларды ел ішінде барынша көбірек насихаттауға асыққан сияқты болды. 2012 жылы Астана қаласындағы 25 мектепте болып, жыршылық өнерді насихаттады. Абайдың туғанына 175 жыл толуы қарсаңында, 2018 жылы екі ай ішінде Ертістің Павлодар өңірінің елу ауылын облыстық мәдениет басқармасының «Ауылға Абай келді» атты арнайы жобасы бойынша аралап, хакім Абайдың образына ене отырып, оның даналық ойларын әсерлі етіп жеткізді. Бұл сахналық көріністер көпшіліктің көңілінен шықты, олардың жоғары бағасын алды, алғысқа бөленді.

Алайда, бұлармен шектеліп қалғысы келмей, өз бойындағы дара сипатты өнерді бүкіл республикаға таратуды ойлады. Сол мақсатпен Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа хат жазды. Онда соңғы 30 жыл бойы ұлы қазақ ойшылының идеяларын насихаттап келе жатқанын айта келіп, осындай игі шараларды Қазақстанның өзге өңірлерінде де өткізсек, оған мен қашан да дайынмын және көрермендердің ішінде сіз де болсаңыз деген ұсынысын білдірді. Кейін одан бұл хат туралы сұрағанымызда, «Жауап келді, ол үшін қаражат бөлу керек екен» деді, оң шешім шықпағанына қиналып. Сонымен бірге, сөздің ретіне қарай, ол: «Мен жыршылық өнерді, ұлттық әдеби құндылықтарды қаншама насихаттауға тырысып жатсам да, оны ешкім керек қылмайды» деп руханият жанашырларының енжарлығына, немкеттілігіне ренішін білдіріп еді.

Бала күнінен халқымыздың ауыз әдебиетін құмарта оқып, сусындап өскен Даниял кейін хакім Абайдың даналық сөздеріне ден қояды. Абайтанумен ойшылдың туғанына 150 жыл толуы кең көлемде аталып өткен тоқсаныншы жылдардың ортасынан бастап мықтап айналысқан екен. Абайға деген қызығушылық ақыры оны өнерге, театрға алып келеді. Бұл жөнінде Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының көркемдік жетекшісі, режиссер Әділет Ақанов былай дейді:

– 2016 жыл болуы керек. Даниял ағамыз театрға өзі келді. Абайтанушы, жыршы екенін бірден таныдым. Абай шығармалары негізінде бір моноспектакль қойсақ қайтеді деген ұсыныс жасады. Сөйтіп, бір жарым ай шамасында «Желсіз түнде жарық ай» қойылымын дайындадық. Мен қойылымның режиссері болдым. Ол сахналық қойылымға асқан жауапкершілікпен қарады. Сөздерін жатқа біліп тұрса да, дайындыққа ерте келіп, Абайдың ойын көркем әрі әсерлі жеткізуге барынша тырысты.

Моноспектакль кіші залда да, үлкен залда да көрермен назарына ұсынылды. Қойылымды тамашалаған зиялы қауым өкілдері мен көпшілік көрермен жақсы баға берді. Ол кейін Абай образына ене отырып, мектептерде, ауылдарда сахналық көріністі одан әрі жалғастырды. Алаш қайраткерлерінің туындыларын да жатқа білетін еді. Кейін «Батыр Баян» қойылымын дайындайық деп ұсыныс жасаған болатын. Бірақ оған тағдыр жазбаған екен. Даниял ағамыздың негізгі жұмысы ішкі істер органдарында болғанмен, сегіз қырлы, бір сырлы, өнерлі, парасатты адам болды, ұлт руханиятының дамуына мол үлес қосты, — деп еске алады.

Осы естелікті жазу кезінде мынадай бір тәмсіл сөз есіме түсті. Зиялы ақсақалдардың басты парызы – ұлтқа не керек, қазақ халқы қай жағынан «ақсап» жатыр дегенді сезінуі, сезініп қана қоймай, өзінің саналы ғұмырын сол «керектер» мен «ақтаңдақтарға» арнау. Міне, осындай ойлы да мүдделі мақсатты жыршы досымыз өзінің басты ұстанымы етіп алған ба деп ойлаймын. Сондай-ақ, оның мектепте орыс сыныбында оқып, кейін институтта орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығын алса да, ана тіліне деген құрметі – ұлтын сыйлаудың тамаша үлгісі.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта асыл дініміз қайта оралып, халқымыз оған жаппай бет бұрды. Ислам мәдениеті мен діни-рухани құндылықтар кеңінен насихаттала бастады. Міне, осы кезде Даниял Сабырұлы Павлодар қаласындағы мекемелерде осы тақырыптарда өткен шараларға белсене қатысып жүргенін байқадық. Ішкі істер саласының қызметкері дінімізді, ислам мәдениеті мен құндылықтарды қайдан біледі деген ойға қалдық. Сөйтсек, ол былай болған екен. 1988 жылы және 1989 жылдың басында Ташкент қаласында Ауған соғысына жіберуге офицерлерді бір жылдан аса уақыт дайындаған екен. Даниял осы жоғары әскери дайындық курсынан өткен. Оқу барысында курсанттар әскери дайындықтан басқа ислам дінін,
араб және парсы тілдерін терең-детілген бағдарлама бойынша оқыған. Олар соғысқа дәл жіберіледі деген кезде соғыс аяқталып, бармай қалған. Міне, сонда алған рухани білімінің кейінгі өмірінде керегі болған. Бұл жерде Ауған еліне барып, соғысқа қатысуға шешім жасауы – оның бойындағы патриоттық рухтың күшті болғанының айғағы.

Ұлтымыздың тілінің, әдебиеті мен өнерінің өркендеп өсуіне өлшеусіз үлес қосқан, өңіріміздегі, бәлкім, республикамыздағы жалғыз жыршы, абайтанушы Даниял Сабырұлының есімі халық жадында мәңгі сақталады. Марқұмның жатқан жері жаннат, топырағы торқа болсын.

Серік САТЫБАЛДИН, Павлодар қаласы.