Жамандықтың қалқаны

Ақп 20, 2025

Бүгін — мұсылман күнтізбесі бойынша Шағбан айының 20-сы. Рамазан айына небары 10 күн уақыт қалды. Биыл қасиетті Рамазан айының алғашқы күні 1 наурызбен тұспа-тұс келеді. Дін ғұламалары Рамазан оразасы адамзат үшін тозақтан қалқан болар амал екендігін айтқан болса, бұл дүниеде жамандықтың қалқаны екеніне көз жеткіземіз. Себебі, шын ниетімен ораза тұтқан адамның бойында қандай да бір жағымсыз қылық байқай алмайсыз.

Ораза – Ислам шарттарына жататын бес парыздың бірі. Екіншіден, иманның төрттен бірі. Бұл сөзіме Алла елшісінің (с.ғ.с) «Ораза – сабырлықтың жартысы» және «Иман екіге бөлінеді: жартысы –сабыр, жартысы – шүкір» мәтінінде жеткен хадистері негіз бола алады. Шынында математикалық есепке салар болсақ: ораза – Х1, сабырлық – Х2, иман – Х3,  ораза иманның төрттен бір бөлігіне тең екені белгілі болады.

Оразаның басқа құлшылықтардан ерекшелігі өте зор. Рамазан оразасының мәртебесі өте жоғары, себебі оның сауабының санына ешкім жете алмайды. Қасиетті Құранда: «Оразадан басқа барлық жақсы амалдың сауабы он еседен жеті жүз есеге дейін артады. Өйткені ораза Мен үшін атқарылды. Ендеше оның сауабын Мен беремін» деген. Құлшылықтар ішінде сабырды сынайтын амал ораза екені айдан анық. Демек, оразаны лайықты түрде тұтсақ, сансыз сауапқа кенелеріміз анық.

Оразаны бүкіл құлшылықтар есігі деп сипаттаймыз. Көптеген адамдар тақуалық жолына рамазан айында ораза ұстау арқылы келіп жатады. Логикалық тұрғыдан бұның бірінші әсері Рамазан айында шайтанның адамды азғыру, тура жолдан тайдыру есігі жабылғандығы дер едік. Бұл мәселеге алдағы уақытта арнайы тоқталатын боламыз. Ал негізгі себебіне келер болсақ, Алла елшісі: «Әрбір нәрсенің есігі бар. Ал құлшылықтар есігі – ораза» деген. Шынында ораза – бес парыздың ішінде сабырлықты аса талап ететін, кәффараты (құлшылық нормасын әдейі бұзған жағдайда орнын толтыру) ең ауыр құлшылық. Сондықтан да, ораза құлшылығына төзімділік танытқан адамға басқа құлшылықтар оразаға қарағанда жеңіл тимек.

Исламтанушылар ораза ұстаған адамның ұйқысы да құлшылық дейді. Шынында бұл мағынада «Ораза ұстаған адамның ұйқысы да құлшылық» деген хадис бар. Мысалы, таңғы сәресіне дейін ұйқысыз күтіп жүретін адамдар бар. Осылайша күндізгі уақытта көз шырымын қандырып жатады. Ал мұндай ұйқыны құлшылыққа балауға әбден болады. Сахабалар Рамазанның түнін ұйқысыз өткізуді кеңес еткен. Алайда күндізін ұйқымен өткізбеген. Олардың көздері түнде ұйықтамағаннан қызарып кеткен. Сонда «Неге көзіңіз қызарып кеткен?» деген сұраққа «түнде ұйықтамаған едім» деп емес, «көзім ауырып қалып еді» деп жауап бергені кей деректерде айтылады. Бұдан бұрынғылар өзінің жеке басының құлшылығын мақтан ретінде жария етпегенін көреміз.

Ораза жәннаттың есігін қағады. Ораза ұстаған адам жәннаттың есігін қаққан адаммен тең. Сол себепті де Алла елшісі (с.ғ.с): «Жәннәттің есігін қағуыңды тоқтатпа», – дегенде Айша анамыз: «Қалай қағамын», – дейді. Сонда Алла елшісі: «Аштықпен қақ», – деген екен. Бұл хадис біздің әрбір ұстаған оразамыздағы ашығу-ымыз жәннаттың есігін қаққанымызбен тең екенін айқындауда.

Ораза жайлы бір хадистерде «Ораза Мен үшін. Әрі оның сауабын Мен (белгілеймін) беремін» деген мағынадағы мәтін қайталанады. Бұның сыры неде? Адамның ғибадатын талдар болсақ, намазды оқығаныңыз не оқымағаныңыз айналаңыздағы адамдарға белгілі. Сол сияқты басқа құлшылықтар да куә болған адамға көрінеу болып тұрады. Ал оразаның жайы басқа. Оразада аштық пен шөлге төзімділік танытқаныңыз өзгелерге сезілмек түгілі көрінбейді де. Сондықтан оразадағы ықыласыңызды өзгелерге қаншалықты түсіндіріп суреттегеніңізбен тек Алла мен сіздің араңызда ғана көрініс табады. Бұл дегеніміз Алладан басқаға көрсете алмайтын жалғыз құлшылығыңыз  ораза екенін айқындайды.

Тілеуберді САХАБА.