Жамағатқа жайлы жаңа мешіт

Нау 5, 2026

Жақында ғана Екібастұз қаласында «ABU HANIFA» деп аталатын жаңа мешіт ашылған болатын. Бұл қасиетті Рамазан айында мұсылман жамағатына үлкен сыйлық болған еді. Бүгінде сол жаңа мешіттің бас имамы қызметін Дидар Салман есімді жас маман атқарып, халыққа діни рәсімдер бойынша қызмет көрсетуді бастап кетті.

– Дидар Мұратұлы, жаңа мешіттің алғашқы бас имамы болып қызметке кірістіңіз. Ішкі техникалық-материалдық базасы толық жабдықталды ма?

– Мешітті елімізге белгілі дін жанашырларының қолдауымен «КазЕвроСтрой» ЖШС фирмасы салды. Құрылыс сапасы мен дизайнның тартымдылығы көпшіліктің көңілінен шықты деуге болады. Ғибадат үйінің жалпы сыйымдылығына келер болсақ, бір мезетте  500-ден астам адам намаз оқуға арналған. Оның ішінде 450 орын ер адамдарға, 60 орын әйел жамағатына беріліп отыр. Мешітке әйел адамдар бөлек есіктен кіреді. Мешіттің жанына 200 орындық асхана салынып, іске қосылды. Мұнда түрлі астар мен жабдықтар өткізуге болады.  Бұл – ғибадат үйі өзін-өзі қаржыландыруға арналған, өз шығынын өзі жауып тұрсын деген мақсатпен салынды. Ішкі техникалық-материалдық базасы толық қамтылған. Жетіспей жатқан дүниелерді өзіміз ақырындап алып жатырмыз. Себебі, көш жүре түзеледі дейді. Мешітке қызметкерлер де толық алынды.

– Қасиетті Рамазан айына қандай дайынықпен келдіңіздер? Тарауық намазын кім оқытып жатыр?

– Қасиетті Рамазан айының басталуынан тура бір ай бұрын ашылсақ та, дайындығымыз жаман емес. Күнделікті тарауық намазын үзбей өткізіп жатырмыз, түнгі намазда жамағатқа екі жас қари имам болады. Оның бірі жергілікті мешітте білім алған  шәкірт болса, екіншісі Астанадан келді. Жаңа мешітке жамағат жақсы үйреніп қалды. Жұма және тарауық намаздарында адамдар толық жиналуда. Екібастұз үлкен қала болғандықтан, бұған дейін бір мешіт тарлық еткен еді. Себебі, мұнда мұсылман жамағаты өте көп. Мысалы, қалалық орталық мешіттің жалпы сыйымдылығы 1,5 мың адамға арналған. Соған қарамастан көпшілік көп жиналатын Айт, жұма, тарауық намаздарында көп адам сыймай, сыртта қалатын еді. Енді міне, екінші мешіт салынып,  жамағатқа тамаша тарту болды. Жалпы, мұндай қалаларда қанша ғибадат үйі болса да, көптік етпейді. Жамағаттың сұрауы бойынша болашақта тағы бір мешіт бой көтеруі мүмкін. Оған орындар қарастырылуда.

– Жаңа ашылған мешіттің алғашқы имамы болып тағайындалу үлкен жауап-кершілік болар…

– Әрине, бұл — мен үшін үлкен жауапкершілік әрі сауапты іс. Себебі, жаңа басталған мешіт жұмысын жүргізу, оны бір қалыпқа, бір жүйеге түсіру оңай шаруа емес. Күн тәртібіндегі басты мәселе ішкі құрал-жабдығын толықтыру, материалдық базасын құру болса, екіншісі — кадр мәселесін ретке келтіру. Себебі, мұнда имамдар ғана жұмыс істемейді ғой. Сонымен қатар, нысанның электр жүйесін, жылу желілерін түсінетін, қолынан іс келетін техникалық мамандарды да тартып жатырмыз. Одан бөлек, мешіттің алқа мүшесін құрып, қаржылық жағын ретке келтірудеміз. Міне, осы секілді көзге көрінбейтін мәселелер көп кездесуде. Мешітіміз жаңа болса да, жамағат өте белсенді. Көп мәселені сол кісілермен ақылдасып шешіп жатырмыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тілеуберді САХАБА.