Былтыр Үкімет вейптерді, оларға арналған сұйық заттар мен хош иістендіргіштерді сатуға тыйым салу жоспарын жариялаған болатын. Осылайша, ағымдағы жылдың 20 маусымынан бастап электронды темекі өнімдерін, оның ішінде осы вейптерді сатуға, таратуға және жарнамалауға тыйым салынды. Электронды темекі өнімдерін сатқан азаматтар қандай жауапкершілікке тартылады? Айыппұлдың көлемі қандай? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Қамбар Қабдуллинмен әңгімелестік.
— Электронды темекі өнімдерін, вейптерді, оларға арналған хош иістендіргіштерді және сұйық заттарды сатқан азаматтарды қандай жаза күтеді?
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Заңға қол қойды. Өзгертулер мен толықтырулар «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» заңға енгізілді. Оларға сәйкес, Қылмыстық кодекске «Шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйық заттар айналымы» (301-1-бап) бабы енгізілді. Вейп сатқан және таратқан адамға 200 АЕК айыппұл (738 400 теңге) немесе 200 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеу не болмаса 50 күнге қамау жазасы тағайындалады. Ал елге вейп әкелгендерге және оны өндіргендерге 2000 АЕК көлемінде (7,3 миллион теңге) айыппұл, 600 сағат қоғамдық жұмыс міндеттеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған. Айыппұл салынып, электронды темекі өнімдерін қайта сатылымға шығарған азаматтарға 5000 АЕК (18,4 миллион теңге) айыппұл немесе 1200 сағат қоғамдық жұмысқа салу немесе 5 жылға бостандығын шектеу жазасы белгіленеді.
— Тұтынушылар жауапкершілікке тартыла ма?
— Жоқ, заң бойынша тәртіптік жаза тек сатушылар, таратушылар мен жарнамалаушыларға қатысты. Сонымен қатар, өзге елден тасымалдаумен айналысатын азаматтарға қолданылады.
— Бүгінгі таңда облыс бойынша әлеуметтік нысандар мен сауда нүктелері тексеріліп жатыр ма? Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?
— Қазіргі уақытта электронды тұтыну жүйелерінің (вейптер), хош иістендіргіштер мен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымына қарсы тұруға бағытталған профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында темекі өнімдеріне, атап айтқанда электронды темекіге және вейптерге сәйкестендіру құралдары мен тіркеу-бақылау белгілерінің түпнұсқалығы бойынша тақырыптық салықтық тексеру жүргізілді. Мәселен, 2023 жылы жүргізілген жедел іздестіру іс-шаралары барысында 13 құқық бұзушылық фактісі анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 283-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасалып, сотқа жолданды. Тәркіленген электронды темекі мен вейптердің жалпы саны -9 302 қорап, 2270 дана. Сондай-ақ, жалпы сомасы 38,2 млн теңгеге кальянға арналған темекі бұйымдарында тіркеу-бақылау белгілері мен сәйкестендіру құралдары жоқ болды.
2024 жылғы 29 маусымында департаментпен темекі шегуге болмайтын «Вейп» құрылғылары мен оларға арналған сұйықтықтарды заңсыз сату фактілерін анықтауға бағытталған бірқатар жедел іздестіру іс-шарасы жүргізілді. Жүргізілген іс-шаралар барысында 1,4 млн теңгені құрайтын 292 дана бір рет қолданылатын электронды темекі және оларға арналған сұйықтықтар анықталып, тәркіленді. Кешенді жоспарға сәйкес бұл бағытта жұмыстар жалғасады.
— Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.