Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында «Үміт үзбеу» қоғамдық қорының 15 жылдық мерейтойы аталып өтті. Осыған орай «Кедергісіз келешек» атты мүгедектігі бар балалар мен жастарға арналған бірінші облыстық ашық фестиваль жеңімпаздарының гала-концерті ұйымдастырылды. Сондай-ақ, шараға жиналған қауым ерекше балалар мен жастардың шығармашылық көрмесін тамашалады.
«Үміт үзбеу» қоғамдық қорының негізін қалаушы әрі директоры Гаухар Омарованың айтуынша, мекеме осынау 15 жылдың ішінде жарымжан жандар үшін ауқымды жұмыс атқарған. Бұл жолы өтіп отырған фестиваль де мүгедектігі бар балалар мен жастардың талабын ұштап, талантын қолдау мақсатында ұйымдастырылуда екен.
— Біздің қор құрылғаннан бері көптеген қайырымдылық концерттері өткізіліп, түрлі акциялар мен жобалар жүзеге асуда. Осынау іс-шаралардан түскен қаражатқа 15 науқас баланы емдетуге мүмкіндік туды. Бұл жеткіншектер медицинасы дамыған Қытай, Үндістан, Ресей және басқа да шет мемлекеттерге барып, дәрігерлік көмек алды. Мұндай игі істер олардың ата-аналарына үміт сыйлап, балаларының денсаулығын жақсартуға ықпал етті. Сонымен қатар, біз мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтендіру, қоғамға бейімдеу мәселесіне де мән береміз. Яғни, денсаулығы сыр берген жеткіншектерге медициналық көмекпен қатар, толыққанды қоғам мүшесі болуы үшін де қолдан келгенше қолдау көрсетеміз, — дейді аталмыш қор директоры Гаухар Омарова. Оның айтуынша, мекеме ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға да қол ұшын созуда. Осы мақсатта арнайы жоба ұйымдастырылып, сол бойынша сал ауруы диагнозы бар балалардың аналарына массаж жасаудың қыр-сыры үйретілген екен. Нәтижесінде, олар өз балаларына күнделікті массаж жасап, дене мүшелерін сезінулеріне жәрдемдесуде. Қайырымдылық қоры сондай-ақ, жарымжан баласы бар жандарға тігін тігу, қолөнер бұйымдарын жасау, басқа да еңбек түрлері бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастырып, кейін жұмысқа оңай орналасуларына жағдай жасауда. Соның нәтижесінде, қазіргі таңда облысымыздағы мүгедектігі бар жеткіншектердің аналары өз балаларымен қатар, өзгелерге де жәрдемдесе алатын деңгейге жетті, дейді қор директоры. Бұдан бөлек, аталмыш мекеменің мұрындық болуымен жыл сайын өткізілетін түрлі бағыттағы іс-шаралардың әрқайсысына кемінде 100-ден астам жасөспірім қатысып, жаңа дос табуда. Сол арқылы ерекше балалардың қоғамға тез бейімделуіне мол мүмкіндік бар, дейді мамандар.
— Біздің қоғамдық қор мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында да жұмыс істейді. Сонымен қатар, демеушілермен бірлесіп бірнеше жобаны жүзеге асырудамыз. Мәселен, балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған «Тәлімгерлік» бағдарламасы, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдерге қолдау көрсетіп, балаларды қорғауға бағытталған жобаларымыз да бар, — деп атап өтті Гаухар Омарова.
Осылайша, 15 жылдың ішінде көптің алғысын арқалап, жығылғанға сүйеу, жылағанға тіреу болған қоғамдық қордың мерейтойына арналған салтанатты кешке өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Сондай-ақ, «Кедергісіз келешек» атты бірінші облыстық ашық фестиваль жеңімпаздары марапатталды.
Сонымен, аталған байқауда «Аспаптық орындау» бағыты бойынша жүлделі І орынды Әділбек Жәңгір мен Абай Ерғазы,
ІІ орынды Әйгерім Төлеген иеленді. Ал «Көркемсөз оқу» аталымында І орынды Андрей Симонович, ІІ орынды Алтынбек Ерсінұлы алды. «Сәндік-қолданбалы және көркем-бейнелеу шығармашылығы аталымында бір топ талантты жас марапатталды. Басқа аталым бойынша да жүзден жүйрік атанғандар сый-сыяпатқа бөленді.
Мерекелік кешке жиналғандар назарына ерекше балалар мен жастардың шығармашылық көрмесі ұсынылды. Онда 10 жасар Жанель Құдайбергенованың «Менің Отаным», 12 жасар Берден Аманғазының «Үй тұмары», 15 жасар Ерұлан Иранғалиевтің «Оюлар», Рамина Қожанның «Гүлдер», 16 жасар Мирхан Өмірбековтің «Құмыра», 17 жасар Антон Стяжкиннің «Менің Қазақстаным» атты суреттері және басқа да талантты балалар мен жастардың өз қолдарымен жасаған туындылары қойылған. Бұл еңбектердің қай-қайсысы да көрерменді тәнті етті.
Мамандар осындай фестивальдар мен көрмелерді көбірек ұйымдастыру арқылы жарымжан жандардың да дарынды екенін көруге, яғни жаңа қырынан тануға болатынын айтады.
— Бұл гала-концерт мүгедектігі бар жасөспірімдердің қоғамға еркін араласып, көпшіліктің алдында өздерін сенімді сезінулеріне жол ашатын алғашқы қадам болды деп ойлаймын. Біз осындай балалар мен жастардың да жарқырап шығуына жағдай жасап, мүмкіндік беруіміз керек. Мұндағы басты жетістік — олардың жүзіндегі қуаныш, өмірге деген құштарлық екенін ерекше атап өткім келеді. Бұл бағыттағы қолдау шаралары ары қарай да жалғасын таба береді, — деді қор басшысы.
Мерекелік кеш соңында ата-аналар мен балалар қоғамдық қор өкілдерін 15 жылдығымен құттықтап, ризашылықтарын жеткізді.
Алтынбек ЕРСІНҰЛЫ, фестиваль жүлдегері:
— Жарымжан жастарды қолдауға бағытталған «Кедергісіз келешек» фестиваліне қатысқаныма қуаныштымын. Өзім кішкентай кезімнен кітап оқуға құштармын. Әдебиет әлеміне деген қызығушылығым осы байқауға қатысуға ықпал етті. Мен осы жолы Абай Құнанбаевтың «Жасөспірім замандас қапа қылды» атты өлеңімен қатысып, бақ сынадым. Себебі, өлең мазмұны қазіргі заманға үндес келеді, жанға жақын. Сонысымен де, бұл еңбек оқырманға терең ой салары сөзсіз. Фестивальге дайындалуға анам көмектесті, отбасым қолдау көрсетті.
Менің ойымша, әр адамның бойында талант бар, тек соны аша білу керек. Ол үшін дәл осындай фестивальдер, сайыстарды көбірек ұйымдастырған жөн. Әсіресе, біз сияқты мүмкіндігі шектеулі жандардың алға қарай ұмтылуы үшін мұндай іс-шаралардың берері мол.
Нұржайна ШОДЫР.
Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.