Облыс орталығында дәстүрлі Президенттік шырша өтті. Салтанатты шараға 150-ден астам бала қатысты. Олардың арасында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқуда, спортта және шығармашылықта жетістікке жеткен дарынды балалар бар.

Мерекелік шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан балаларға жаңа жылдық құттықтауын жеткізіп, арнайы дайындалған сыйлықтарды табыстады. Әр балаға Президент атынан құттықтау ашық хаты, танымдық кітап, жұмсақ ойыншық, тәттілер жиынтығы және 150 000 теңге көлемінде ақшалай сертификат берілді.

— Құрметті балалар! Ел Президенті сендерге үлкен үміт артады. Өйткені еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда. Сондықтан қазірден бастап оқуды жақсы оқып, жоғары көрсеткіштерге жету керек. Ал біз сендерге барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Жаңа жыл – ғажайыпқа толы мереке. Жаңа жылда армандаған армандарың мен алға қойған мақсаттарына жете беріңдер! – деді аймақ басшысы.

Балаларға арналған шырша мерекесінің биылғы ерекшелігі – ертегі сценарийі, ұйымдастыру жұмыстары, модераторлары, музыкалық және хореографиялық нөмірлерінің барлығын М.Катаев атындағы облыстық Оқушылар сарайының ұжымы дайындаған. Сондай-ақ, Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрының актерлері де шараға атсалысты. Балаларға арналған мерекелік шара шынайы ертегіге айналды. Олар Аяз ата, Ақшақар, Ертіс, Баян, Ғалым-бот, Олаф, Айдаһар, Жылан, Жезтырнақ секілді кейіпкерлермен бірге қызықты сәттерді бастан кешті. Мерекеде «Блэйз» би студиясы, «Жаңа стар» және «Тұмар» вокалдық студиялары, сондай-ақ «Вдохновение» би ансамблінің жас өнерпаздары өнер көрсетті.

Шара барысында жас өрендер шыршаның шамдарын жағып, оны ежелгі петроглиф бейнеленген ойын-шықтармен безендіріп, ән айтып, би биледі. Әсемдеудің бұл бірегей идеясын Оқушылар сарайының эстетика бөлімі ұсынды. Соңында оларға арнайы дайындалған тәтті дастархан ұсынылды.

Президент атынан ұйымдастырылған жаңа жылдық шырша балаларға қуаныш пен ұмытылмас әсер сыйлаған шара болды. Сондай әсер алған балалардың бірі – Томирис Дәулет.

— Мерекелік шыршаға Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінен келдім. Сол кенттің Абай атындағы №28 орта мектебінде 5-сыныпта оқимын. Шара барысында көңіл көтердік, би биледік, ән айттық. Шыршаны әртүрлі ойыншықтармен безендірдік. Осы жылы оқуда жоғары жетістіктерге жеттім. Бұйырса, келесі жылы да жетемін деген ойдамын. Барлық баланы келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! – деді Томирис.

Айдана БОРАНБАЕВА.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.