Жасанды интеллект — жарқын болашақ!

Қаң 8, 2026

«Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын білетін мамандарға деген сұраныс артып келеді. Сол себепті менің тапсырмаммен 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін Al-Sana бағдарламасы жүзеге асырыла бастады».

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан:
өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты халыққа жолдауынан.

Облыстағы сұранысқа ие мамандар даярлайтын дара оқу орнының бірі – ақпараттық технологиялар колледжі. Бүгінде бұл білім шаңырағы толағай табыстарға, жемісті жетістіктерге жетуде. Атап айтқанда, колледж Ұлыбританиядағы жетекші кәсіптік білім беру және сертификаттау органының City & Guilds халықаралық деңгейдегі аккредиттеуінен сәтті өтті. Сондай-ақ, 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ең үздік IT колледж атанды.

Міне, аз уақыттың ішінде осындай биік белестерді бағындырған аймақтағы «Ақпараттық технологиялар колледжі» ШЖҚ КМК басшысы, Британ университетінің түлегі Жартыбаев Серік Тілеуханұлымен сұхбаттасып, оқу ордасының мүмкіндіктері және болашақтағы жоба-жоспарларымен бөліскенді жөн көрдік.

– Серік Тілеуханұлы, алдымен ақпараттық технологиялар колледжінің қазіргі тыныс-тіршілігі, білім-ғылым саласындағы табысы жайлы айта кетсеңіз…

– Біздің колледж заман көшінен қалмай тынымсыз жұмыс істеп келеді. Студенттеріміз ақпараттық технологияның қыр-сырын терең меңгеріп, білікті маман атануға ұмтылуда. Бүгінгі таңда 1357 жас алты түрлі мамандық бойынша білім алып жатыр. Алдағы уақытта тағы да жаңа мамандықтар ашуды жоспарлап отырмыз.

Қуантарлығы, жыл сайын осы оқу орнына қызығушылық танытатындар қатары артуда.

Әсіресе, білім беру мекемесінде бірнеше жыл бұрын болған жаңару үдерісінен кейін көптеген оң өзгерістер орын алды. Соның нәтижесінде, колледж ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жетті. Материалдық-техникалық база жаңартылып, қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Облыс бойынша ең жоғары жылдамдықтағы 500 Мбит/с интернет байланысы іске қосылды.

Студенттердің сапалы білім алуы үшін осы саладағы мықты сарапшылар, тәжірибелі және шығармашыл оқытушыларды тарттық. Колледжімізде еңбек ететін педагогтар қауымы халықаралық және ұлттық журналдарда, «Инновациялық педагогикалық тәжірибе: идеядан іске асыруға дейін» деп аталатын жинақта 120 авторлық мақалаларын жариялады. Сондай-ақ, 20 оқытушымыз ұлттық және өңірлік диалог алаңдарына белсенді қатысып, озық тәжірибелерімен бөлісіп жүр. Осындай білімді мамандар жұмыс істейтін колледждің әлеуеті артып, дамуда. Әрдайым жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде. Мәселен, өткен жылы оқу ордасы «Қазақстанның үздік IT колледжі» жүлдесін жеңіп алды. Аталған награданы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова өз қолымен табыс етті. Сонымен қатар, былтыр колледж City & Guilds стандарты бойынша халықаралық аккредиттеуден сүрінбей өтіп, үлкен мәртебеге ие болғанын да мақтанышпен атап өткен жөн. Бұл дегеніміз – біздің білім беруге арналған бағдарламамыз мамандар даярлаудың халықаралық стандарттарына сәйкес келетінін және әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

Демек, аккредиттеу шарасы колледж студенттері мен оқытушылары үшін дамудың даңғыл жол десек те болады. Ең бастысы, бұдан былай бағдарламашы түлектер колледж дипломымен қатар, City & Guilds аккредиттеу агенттігінің халықаралық стандарттарға сәйкес келетінін растайтын диплом қоса алып шығады. Осы орайда мұндай жетістікке жетуімізге үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімдігі мен облыстық білім беру басқармасына ризашылығымды білдіремін.

Ақпараттық технологиялар кол-леджінің базасында сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлескен киберқауіпсіздік тобы құрылып, жұмыс істеуде. Небары 3 айдың ішінде бұл топ егде жастағы 300-ден астам павлодарлықтың қатысуымен бірқатар іс-шара ұйымдастырып, цифрлық әлемдегі қауіпсіздікті сақтау жолдарын түсіндіріп үлгерді.

Жалпы, тізбектеп айта берсек, оқу орнының бұдан басқа да қол жеткізген табыстары толағай.

– Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жасанды интеллектіні дамытуға, цифрлық өзгерістер арқылы мәселелерді шешуге айрықша мән берді. Осы орайда колледжде қандай жаңа жобалар жүзеге асуда?

– Әрине, ІТ колледж болғандықтан бізге жүктелетін міндет те, жауапкершілік те зор. Сондықтан ел Президентінің тапсырмаларын орындап, жасанды интеллектті дамытуға үлес қосуымыз қажет.

Атап өтерлігі, біздің студенттеріміздің цифрлық салаға деген қызығушылықтары мол. Айталық, өткен бір жылдың ішінде колледж жастары 25 инновациялық IT жобаны іске асырды. Бұл осында оқитын студенттердің креативті әрі кәсіби маман екендіктерінің дәлелі десем, артық айтқандық болмас. Енді соларға тоқталар болсақ, 3 курста оқитын Руслан Сыздықов пен Асанәли Өскенбай екеуі бірігіп, «Uirme» жобасын іске қосты. Соның көмегімен сыныптан тыс болатын түрлі іс-шаралар туралы есеп алу және оған қатысушыларды бақылауға мүмкіндік тумақ. Осы жүйе арқылы оқушылардың үйірмелерге қатысуы жайлы ақпарат ашық болады әрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азаяды деген сенімдеміз. Жасанды интеллектпен жұмыс істейтін аталмыш бағдарлама 2025 жылдың қазан айында облыстағы барлық мектепке енгізіліп, сынақтан өтті. Ал Илья Курышин мен Георгий Голубцов есімді студенттер жасанды интеллект негізінде колледж кестесін құруға арналған қосымша жасап шығарса, Илья Кривошапов «EDU ассистент — Оқытушы көмекшісі — жұмыс жоспарын дайындау және әдістемелік қолдау» бағдарламасын құрды. Талантты баламыз Ерсұлтан Базарбай «КIT_GUIDE» деп аталатын колледж талапкерлеріне арналған веб-мобильді қосымшаны іске қосты. Онда көпшілікке қажетті құжаттар тізімі, мамандықтар, оқыту және жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы ақпараттар жан-жақты қамтылған. Колледжімізде білім алатын Арестид Папандопало, Жігер Жапар, Барат Кахималаев, Әділ Төлебаев есімді студенттер IELTS Master — IELTS тестілеуіне дайындалуға және тілдік білім деңгейін анықтауға мүмкіндік беретін қосымша құрастырды. Олар сондай-ақ, «Balam» деп аталатын Қазақстандағы алғашқы толықтай жасанды интеллектімен басқарылатын стипендия және грант іріктеу платформасын дайындады. Студентіміз Карина Рахматуллина виртуалды химия зертханасын, ал Никита Смоляников пен Александр Копьев «Фотоальбом» веб-қосымшасын әзірледі. Талапты жастардың бірі – Барат Кахималаев «Токен Тендер» деген атаумен жасанды интеллект пен солан блокчейнінің көмегімен тендер процесін қауіпсіз ететін жобаны іске қосты. Сонымен қатар, колледж ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, «Демалыс күнінің мектебі» (AI Skils) жобасын жүзеге асыруда. Осы платформаның көмегімен 8-9-сыныптардың 300-ден астам оқушысы тегін білім алады.

Қуантарлығы, біздің колледждің ұл-қыздары бұл аталғандардан басқа да қызықты бағдарламалар мен жобаларды сәтті жасауда.

Осылайша, студенттеріміз жолдау жүктеген міндеттерді орындауға, жалпы, отандық ІТ индустрияны дамытуға өз үлестерін қосуда.

– Студенттердің көп ізденіп, түрлі бағдарламалар жасап, еңбектеніп жатқанын атап өттіңіз. Ал іс жүзінде бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қалай? Жалпы, колледж жастары өз жобаларымен үлкен жарыстарға қатысып жүр ме және жетістіктері бар ма?

– Сөз басында атап өткенімдей, колледжде студенттер үшін көп мүмкіндік жасалған. Сондықтан да болар, жастарымыз сапалы білім, мол тәжірибе жинап, оны үлкен байқауларда дәлелдеп жүр. Тек өткен бір жылдың ішінде біраз студентіміз жоғары нәтижеге жетті. Нақты мысал келтірер болсам, «WorldSkills Pavlodar – 2025» өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатында ақпараттық технологиялар колледжінің білім алушылары 9 алтын, 1 қола және 2 меда-льон жеңіп алды. Ал «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық байқауында біздің ұл-қыздарымыз 10 жүлделі орынды олжалады. Яғни, бұл жолы 2 алтын, 2 қола және 6 медальонмен оралды. Жүлдегерлер қатарында І орынды  Дарья Мельник «Өнеркәсіптік дизайн» жобасы үшін және «Бизнеске арналған IT-шешімдер» атты жұмысын ұсынған Илья Кривошапов иеленді. Сонымен қатар, «Прототиптеу» тақырыбын зерттеген Денис Госс пен «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалану» жобасымен Иван Доронин ІІІ орын алды. Ал Ержан Құнанбаев, Руслан Сыздықов, Даниил Древов, Әлфараби Құсайынұлы, Ян Трубицкий, Әлімхан Мансұров, Паруаз Бейбіт есімді студенттер «Үздік маман» медальонымен марапатталды. Бұдан бөлек, былтыр колледж жастары бағдарламалау бойынша да республикалық және облыстық хакатондарда топ жарып, он шақты жүлделі орынды еншіледі. Бұлардан басқа да халықаралық, республикалық және облыстық конкурстардан 200 грамота, ғылыми-тәжірибелік конференциялардан 20 диплом алды. Сондай-ақ, оқу орынындағы «Сұңқар» әскери-патриоттық клубының құрама командасы облыстық жарыстарда рух пен шеберліктерін көрсетіп, ІІ орын иеленді. Бұл команда өңірдегі әскери-қолданбалы спорт түрлері бойынша құрылған топпен бірге «Айбын-2025» халықаралық жастар жиынында ІІІ орынға ие болды. Білімдегі жетістіктері үшін 2-курс студенттері Жан Бейсикеев пен Ділназ Құсайынова облыс әкімінің атынан ақшалай сыйлық алып, «Тәуелсіздік ұланы» медалімен марапатталды. Тағы екі студентіміз — Даниил Барт пен Роман Устименко — әлемдік деңгейдегі ең мықты бағдарламашылар жиналатын Google корпорациясының тағылымдамасына қатысу үшін жеке шақырту алды.

Міне, студент жастардың бұл жеңісі – колледждегі жүйелі жұмыстың, педагогтар еңбегінің жемісі деп білемін.

– Сіз басқарып отырған колледж бірқатар ірі кәсіпорындармен қоян-қолтық жұмыс істеуде екен. Тіпті, жаңа технология сұранысы бойынша мамандар даярлау үшін шетелдік университеттермен де серіктестік орнатуды жоспарлап отырғандарыңызды естідік…

– Иә, бүгінгі таңда ақпараттық технологиялар колледжі Сәтбаев университетімен бірге 75 кәсіпорын және 3 жоғары оқу орнымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Мұнда студенттер ақылы тәжірибеден өтеді, оқуларын жалғастырады, түрлі жобаларды бірлесе жүзеге асырады. Сол арқылы білімдерін кеңейте түседі.

Ал шетелдік университеттермен серіктестік орнату туралы жоспар бар. Нәтижесінде, нағыз сұранысқа ие мамандар даярлау көзделіп отыр.

Негізі, біздің серіктестеріміздің бірі дрон өндірісін іске қосатындықтан, онымен жұмыс істейтін кадрлар ауадай қажет. Оларды біз оқытып шығарамыз. Осы орайда түсінікті болу үшін бұл маңызды жобаны колледждің әлеуметтік серіктесі – «United Machinery Resources» ЖШС іске қосатынын айта кеткен жөн. Ол Оңтүстік Кореяның Preneu компаниясымен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды. Бұл компанияның пилотсыз ұшатын ұшу аппараттары қорғаныс саласында, әсіресе, Оңтүстік Корея әскерлері жиі қолданады. Олар Оңтүстік-Шығыс Азия мен Африка елде-ріне экспортталады. Осы ауқымды жобаға жұмсалатын инвестиция көлемі бастапқы кезеңде 1,5 миллион долларға бағаланады, ал алдағы 5 жылдың ішінде 15 миллион долларға дейін артады деп күтілуде. Біздің мемлекет аталмыш жобаны басқарушы серіктес болып табылады және үлесі 70 пайызды құрайды деп жоспарланып отыр. Бұл өндіріс орыны Павлодар облысында орналасады, компанияның иелігінде жер телімі мен ғимараттар кешені болады. Қазіргі таңда қажетті жабдықтар сатып алынуда және инженерлік-техникалық команда құрылуда. Жаңа жоба көп ұзамай, яғни 2026 жылдың қаңтар айында іске қосылмақ.

«United Machinery Resources» ЖШС-нің бас директоры Ержан Әуезов дрондар тек видео түсіруге арналған құрал ғана емес, сонымен қатар, маңызды инфрақұрылымды дамыту және бақылау, адамдарды іздеу, қиын жағдайлардан құтқару, табиғи ресурстар мен қоршаған орта көрсеткіштерін мониторингілеу үшін маңызды құрал екенін атап өткен еді.

Демек, қазіргі дамыған заманда адамзат үшін дрондардың пай-дасы мол, қажеттілігі зор деп айтуға болады.

Мамандардың сөзіне қарағанда, Павлодарда дрондардың күрделі модельдері шығарылады. Алғашқы кезеңде картаға түсіру мүмкіндігі бар, ұшу қашықтығы 50-100 шақырымға дейін баратын, орта есеппен 5 кг жүк көтере алатын түрі жасалады.

Қуантарлығы, біздің әлеуметтік серіктесіміздің болашақ өндіріс орны студенттердің тағылымдамадан өтетін және кейін жұмысқа орналаса алатын ортаға айналады деген үміт бар. Осы орайда ақпараттық технологиялар колледжі пилотсыз ұшатын ұшу аппараттарының операторларын оқытуға арналған лицензия алғанын айта кеткім келеді. Біз бұл мамандарды даярлау барысында студенттері-мізге аппараттарды басқаруды ғана үйретіп қоймаймыз, сондай-ақ, құрастыру, жөндеу, қызмет көрсету, бағдарламалау және басқа да дағдыларды меңгеріп шығуына көмектесеміз. Бұл салаға талапкерлерді қабылдау алдағы жаңа оқу жылында басталады. Бірақ бүгінде білім беру мекемесінде қажетті курстар мен факультативтер бар. Мен таяуда Қытай мен Оңтүстік Кореяның оқу орындарында болып, келіссөздер жүргізіп келдім. Бұдан былай біздің колледж Оңтүстік Кореяның JEI университетімен пилотсыз ұшатын ұшу аппараттары мамандарын даярлау мәселелері бойынша бірлесе жұмыс істейді. Бұл мүмкіндік халықаралық оқыту бағдарламаларына қол жеткізуге жол ашады.

– Өзіңіз білесіз, өңірімізде IT мамандары жетіспейтіні байқалады. Түлектеріңіз осы олқылықтың орнын толтыра ала ма? Яғни, олардың жұмыспен қамтылуы қалай және осы бағытта қандай іс-шаралар қолға алынуда?

– Соңғы жылдары елімізде сұранысқа сай ІТ мамандарын даярлауға баса мән берілуде. Мәселен, былтыр біздің колледжді 411 түлек тәмамдап, диплом алды. Бұл – ақпараттық технологиялар колледж тарихындағы рекордтық көрсеткіш десек те болады. Осы түлектердің 390-ы өз салалары бойынша жұмысқа орналасты. Ал қалғандарының көбі жоғары оқу орындарына түсті. Жұмыспен қатар университеттегі оқуын алып жүрген шәкірттеріміз де бар. Сондай-ақ, кейбір ер балалар әскерге кетсе, қыз балалар тұрмыс құрып, декреттік демалыста отыр. Жалпы, колледж бітірушілердің ешқайсысы далада қалған жоқ. Бәрі өз орындарын тапты.

Атап өтерлігі, қазіргі студенттердің 600-і кәсіпорындардағы теория мен тәжірибені үйлестіре отырып, дуалды оқыту жүйесіне көшті. Бұл тәсіл болашақтың кәсіби дағдыларын қалыптастырып, жастардың бірден тұрақты жұмысқа орналасуларына мүмкіндік береді.

Ерекше атап өтерлігі, осы оқу жылының басынан бері 900-ден астам студентіміз аймақтағы жетекші кәсіпорындарда ақылы түрде тағылымдамадан өтті. Олар мол тәжірибе жинаумен қатар, орта есеппен 250 мың теңге көлемінде айлық алды. Мұндай қолдаудың нәтижесінде жастардың осы салаға деген қызығушылығы ғана емес, білімі мен тәжірибесі де арта түсері сөзсіз.

Біздің колледж халықаралық деңгейде өзін дәлелдегендіктен осындағы жастар да сапалы білім алып, кез келген ортада өздерін жақсы қырынан көрсете алады деген үміттемін.

– Қазіргі таңда колледжде қандай қиындықтар бар?

– Басты мәселе – біздің студенттерге білім беретін білікті ІТ мамандар тапшылығы. Шыны керек, мектеппен салыстырғанда, колледж оқытушыларының айлығы аздау болғандықтан, мықты кадрларды ұстап тұру қиынға соғуда. Оның үстіне жасанды интеллект дамыған сайын қазіргі ІТ мамандар осы салада жақсы ақша табады. Сөйтіп, колледжде педагог  болғысы келмейді. Сол үшін оларды қызықтыратындай қадамдар жасау қажет деп ойлаймын.

Біз өз тарапымыздан үлгілі студенттерімізді жоғары білім алу үшін Сәтбаев университетіне оқуға жіберетін боламыз. Аталмыш жоғары оқу орнының ректоры Мейрам Бегентаев мырза жастарымызға үнемі қолдау көрсетіп, гранттар үлестіруге көмектеседі. Бұл ретте, оларға қоятын басты талабымыз – Сәтбаев университетін тегін оқып, диплом алған түлектеріміз колледжге қайтып келіп жұмыс істеуі тиіс.

Өкінішке қарай, көптеген білімді ұл-қыздарымыз, әсіресе, жоба жасап жүрген талантты студенттеріміз колледж бітіргеннен кейін Европа елдеріне барып білімдерін жетілдіргісі келетінін айтады. Сондықтан оларды шет мемлекеттерге жібермей, туған өлкесінде білім алуларына жан-жақты жағдай жасаған дұрыс деп санаймын. Осы мақсатта өзім Қытай мен Оңтүстік Кореяға барған сапарымда ондағы бірнеше жоғары оқу орындарының ректорларымен бұл бағыттағы маңызды мәселелер туралы сөйлесіп келдім. Егер жоспарлаған ісіміз ойдағыдай орындалып, мүмкіндіктер туып жатса, болашақта осында шетелдік университеттердің филиалдарын ашуды көздеп отырмыз. Онда жастарымыз басқа елге бармас еді деп үміттенемін.

– Сөз соңында колледж директоры ретінде алға қойған мақсаттарыңызбен бөлісе кетсеңіз…

– Өздеріңіз білесіздер, бүгінде ғылым, технология, жасанды интеллект салалары үздіксіз әрі өте жылдам дамуда. Біз бұған төтеп беріп, ілесе алуымыз қажет. Сондықтан колледждің басты мақсаты – заман көшінен қалмай, бәсекеге қабілетті, білікті әрі сұранысқа ие мамандар дайындап шығару. Сондай-ақ, қазір нарық заманы. Кез келген мекеме мемлекетке қарап қол жаймай, өзін өзі қаржыландыратындай, өз күшімен табысқа шыға алатындай деңгейге жетуі тиіс. Біздің колледж де алдағы
20 жылдың ішінде осындай дәрежеге жетсе екен деп армандаймын. Қалай десеңіз, өздеріңіз куә болғандай студенттеріміз жасанды интеллект арқылы тың жобалар мен бағдарламалар жасап, іске қосуда. Оларды әбден сынақтан өткізіп, сатылымға шығарып, пайда әкелуі үшін әрекет етуіміз керек. Студенттеріміз жасаған әр жоба маңызды, құнды екеніне еш күмәнім жоқ.

Міне, осы ойлар орындалса, жаңа мамандықтар мен шетелдік университеттердің филиалдары ашылса, өндірісті өңіріміз ІТ саласы бойынша да алдыңғы қатардан көрініп, үлкен жетістіктерге жетер еді.

– Әңгімеңізге рақмет! Жұмыстарыңыз жемісті болсын!

 

Біз бұл жолы апараттық технологиялар колледжі басшысымен сұхбаттасып қана қоймай, ондағы студенттердің инновациялық ІТ жобаларын өз көзімізбен көріп қайттық. Жас болса да жаңа технологияларды жетік меңгеруге ұмтылып, талаптанған ұл-қыздың жасанды интеллект жүйесі арқылы жасаған жұмыстары жоғары бағалануда екен. Оқу орнындағы мол мүмкіндіктер олардың осындай жетістіктерге жетуіне жол ашуда.

Сондай-ақ, колледждің ІТ/HUB ғимаратында орналасқан сандық бағдарламаларды басқару, 3D модельдеу, грфикалық және веб-дизайн зертханалары, өндірістік цехтар, роботтық және электр техникасы, басқа да жаңғыртылған оқу кабинеттерімен де таныс болдық. Бір байқағанымыз, мұнда білім-ғылымға құштар жастар үшін барлық жағдай жасалғаны қуантты. Біз сөзге тартқан студенттер де ақпараттық технологиялар колледжінде оқу қызықты әрі ізденген адам үшін мол мүмкіндік бар екенін жарыса жеткізді.

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген – Есенжол Исабек.