Павлодарда облыстық дін істері басқармасы жанындағы «Рухани келісім» клубы жастармен жұмыс жүргізу бағытында жаңа бастамаларды қолға алуда. Атап айтсақ, биылғы Рухани келісім күніне орай алғаш рет өзге дін өкілдері арасында квест ойыны өтіп, оған діни бірлестіктердің жастары қатысқан. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Байбәкіров айтты.
Басқарма басшысының айту-ынша, өңірде діни бірлестіктердің басшылары тұрақты түрде «Рухани келісім» клубы аясында бас қосып, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайды.
– Дін істері басқармасы екі бағытта жұмыс жүргізеді. Оның бірі конфессияаралық татулық пен түсіністікті нығайту болса, екіншісі жат ағымдармен күрес және оңалту бағыты. Сонымен қатар, дінаралық, ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында діни бірлестік жастарымен де тығыз байланыста жұмыс жүргізілуде. Мысалы, алғаш рет конфессияаралық қатынастарды талдау және дамыту орталығының ұйымдастыруымен квест танымдық сайысы өтті. Шараға өңірдегі әртүрлі діни бірлестіктердің жастар тобы қатысты, – деді басқарма басшысы.
Ойынға Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің, Благовещенск кафедралды соборының, Рим-католик және жетінші күн шіркеуінің, «Новая жизнь», «Иисус Христос» және Евангельдік христиан-баптистер қауымдарының жастары қатысты. Зияткерлік додада қатысушылар бес діннің тарихы мен мәдениеті, сондай-ақ Қазақстандағы рухани келісім мен толеранттылық қағидаттары жөнінде қойылған сұрақтарға жауап берді.
– Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның көпұлтты қоғам ретінде бейбіт өмір сүру тәжірибесін жоғары бағалап, «Толеранттылық пен өзара түсіністік –
біздің ең басты жетістігіміз» деп айтқан еді. Бұл сөздер елдің рухани және қоғамдық өміріндегі үйлесімділіктің маңызын айқын көрсетеді. Біз де осы бағытта тұрақты жұмыс жүргізіп, дін деген ұғымды келісім мен тұрақтылық нышанына айналдыруымыз керек, –
деді Нұрлан Байбәкіров.
Облыстық дін істері басқармасының деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде облыс аумағында 16 түрлі конфессияның өкілдері болып табылатын 169 діни қауымдастық бар. Оның 50-інде діни бірлестік мәртебе болса, 119-ы филиал саналады. Сондай-ақ 14 діни миссионерлік ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында Польша, Украина, Словакия, АҚШ, Ресей, Үндістан, Бангладеш, Австрия және Сингапур елдерінен келген азаматтар
бар.
Брифингке Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің наиб имамы Қанат Қабаев, Павлодар қаласындағы Михаил Архангель шіркеуінің приход иерейі Артемий Жданов қатысып, діни бірлестіктер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Тілеуберді САХАБА.