Павлодарлық жастарға кәсіптік бағдар беру және жұмыспен қамтуға бағытталған кешенді іс-шаралар үздіксіз жалғасуда. Осы мақсатта облысымызда арнайы орталықтар қызмет көрсетуде.
Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде аймағымызда 14-35 жас аралығындағы 192 мыңнан астам жас азамат бар. Олардың 70 пайызы қалалық жерде, ал қалған 30 пайызы ауылда тұрады. Бұл жастардың жайлы да жақсы өмір сүруі үшін өңірімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда.
— Аймақ жастарын жұмыспен қамту, баспаналы болуына жағдай жасау және кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге қолдау көрсетуге бағытталған игі істер сәтті жүзеге асуда. Осы мақсатта облыста жастар бастамаларын дамытудың 13 орталығы жұмыс істейді. Олар былтырдан бері жастар мен жас отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу, жастар кәсіпкерлігін қолдау бойынша 61 516 консультация өткізді, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова. Оның айтуынша, жастар орталықтары бос жұмыс орындарына арналған 127 жәрмеңке ұйымдастырып, нәтижесінде 465 адамды тұрақты жұмыспен, 359 азаматты уақытша жұмыспен қамтыған. Сонымен қатар, Мансап орталықтары арқылы 7 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылған. «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша әлеуметтік осал топтарға жататын 173 тұрғын қайтарымсыз гранттарға қол жеткізген. Бұдан бөлек, жастарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін өңірде «Ертіс жастары» жобасы іске асуда. Сол арқылы былтыр 39 отбасы үйлі болды. Ал биыл қаңтар айынан бастап Екібастұз қаласында тұрғын үй бағдарламасына қатысу үшін өтінімдер қабылдау жүріп жатыр, деді Айгүл Мәлікова.
Нұржайна ШОДЫР.