Жазғы уақыт — жастардың жұмысқа белсенді араласатын мезгілі. Осы ретте еңбекке ниетті жастарды жұмысқа тарту мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады. Бағдарлама кімдерге арналған? «Жасыл ел» қатарына қосылу үшін қайтпек керек?

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық «Жасыл ел» штабының директоры Русана Сулаймонова хабарлады. «Жасыл ел» жастар еңбек жасағының кезекті жиырмасыншы маусымы жылдағы дәстүр бойынша жаздың алғашқы айына жоспарланған.

— Аталмыш республикалық бағдарлама үш бағыт бойынша қызмет атқарады. Олар – экологиялық, құрылыс және еріктілік бағыт. Сәуір айынан бастап бізде еріктілік пен экологиялық жасақ жұмыс істеп жатыр. Олар көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен айналысуда. Жазда құрылыс жасағы өз қызметін бастайды. Бұл еңбек жасағы жоғары оқу орындарындағы студенттерден құралады. Студенттер қатарынан тек ұлдар емес, қыздар да қатыса алады, — деді ол.

Бағдарлама қараша айына дейін жалғасын таппақ. Бекітілген үш еңбек жасағының жалақысы экологиялық бағыт бойынша 65-70 мың теңгені құраса, ал құрылыс бағыты бойынша 100-110 мың теңге аралығында болады. Жоба аясында сарбаздар қоршаған ортаны суару, тазалау, әктеу, абаттандыру, көгалдандыру және көріктендіру арқылы өңіріміздің экологиялық жағдайын жақсартса, қоғамдық шараларға тарту арқылы белсенділікті арттырады.

— Қатысушылар арасында танымал жасақ түрі — экологиялық бағыт. Қазіргі таңда бізге мыңдаған өтінім келіп түсті. Олардың басым бөлігі — мектеп оқушылары. Бірақ бағдарламаға сәйкес біз 16-34 жас аралығындағы қатысушыларды ғана қабылдаймыз. Олар «Жасыл ел» еңбек жасағына қосылу үшін @Jasylel_pvl инстаграм парақ-шасында көрсетілген сілтеме арқылы немесе Лермонтов көшесі, 44 мекенжайындағы облыстық штабқа келіп, өтінім бере алады, — деді «Жасыл ел» қалалық штабының командирі Арина Краскова.

Сондай-ақ, аталмыш үш бағыттан бөлек, әлеуметтік желіні жүргізу бойынша да қызмет атқаруға болады. Бұл жасақ арқылы қатысушы SMM, мобилография, контент салаларын үйреніп, меңгере алады. Бірақ, бұл қатысушының талабы мен өз еркіңе байланысты.

Аталмыш жобаның басты мақсаты – жас ұрпақ бойына қоршаған ортаны қорғау, еңбекке баулу, табиғатты аялау арқылы патриоттық және экологиялық тәрбие бере отырып, елдегі жұмыссыздық көлемін азайту. Соған сәйкес, алдағы уақытта өңірімізде 16-34 жас аралығындағы 2000-ға жуық жасты уақытша жұмыспен қамту жоспарда бар.

 

Әдемі КӘУКЕН, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ студенті.