«Жасыл ел» жастарының белсенділігі қандай?

Мау 12, 2025

Елімізде жастар саясаты басым бағытқа ие. Осы орайда көптеген бастама мен жобалар өз жемісін беруде. Солардың бірі де бірегейі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Экологияны қорғау мен жастарды жұмыспен қамтуды қатар алып жүрген «Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын мыңдаған жасты біріктіреді. Жуырда басылымның Instagram әлеуметтік желісіндегі «Тікелей желі» айдарында өзінің жиырмасыншы маусымын ашқан аталмыш жобаның  атқарып жатқан жұмыстары және алға қойған жоспарлары талқыланды. Бұл жолғы спикеріміз — «Жасыл ел» облыстық еңбек штабының басшысы Русана Сулаймоновамен

— Русана Русланқызы, «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті маусымында  облыс бойынша қанша жас қамтылмақ? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…

— Осы жылдың еңбек маусымының соңына дейін облыс бойынша 2 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде көбі — студенттер мен мектеп оқушылары. Одан бөлек, ауыл жастары, жұмыссыз жастар бар. Олардың негізі жасы 16-34 жас аралығын қамтиды. Әрине, еңбекке қызығушылық танытатын жастар баршылық. Алайда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келе жатқандықтан, еңбек ететін жастардың саны шектеулі. Яғни, олардың саны 2 мыңға шақ. Алдағы жылдары олардың саны көбейеді деп ойлаймыз.

 

— Жалпы, бұл жобаның мақсаты мен міндеттері қандай?

— «Жасыл ел» бағдарламасы – ел жастарының белсенділігі мен
бастамасының жарқын үлгісі. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақ-тарының негізгі мақсаты – жазғы маусымдық кезеңде жастарды жұмыспен қамту, еңбекке баулу, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану және өңірдегі эколо-гиялық ахуалды жақсарту. Ал маңызына тоқталатын болсам, табиғатты қорғап, экологияны сақтауға ғана емес, бастысы, жастарды тәрбиелеп, еңбекке баулу. Сондықтан осындай игі бастама еліміздің түкпір-түкпірінде қолдауға ие болып, жүйелі түрде жүзеге асуда.

«Жасыл елдің» басты ерекше-лігі – бұл жоба жастарды еңбекке баулумен қатар, патриоттық және экологиялық тәрбиені де қатар жүргізеді. Табиғатпен етене жұмыс істеу, оның тазалығы үшін жауапкершілік алу – жастардың сана-сезімінде қоршаған ортаға деген жанашырлықты қалыптастырады. Сонымен қатар, қоғамдық жұмысқа белсене арқылы жастардың азаматтық белсенділігі артады.

 

— Ал бұл жоба біздің облысымызда қалай жүзеге асуда?

— Бүгінде, республика деңге-йіндегі бұл жобаға облыс жастары да белсенділік танытуда.  Олар осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Жалынды аймақ жастарының көмегімен бұл бағдарлама өңіріміздің өркендеуіне елеулі үлес қосып, осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде.

Штабтың қызметі 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: экология және абаттандыру, құрылыс және қайта құру, шығармашылық және еріктілік. Экологиялық бағыт жасақтардың көгалдандыру, абаттандыру, тазалау және басқа да жұмыс түрлерімен қамтылған. Құрылыс және реконструкция-әлеуметтік нысандарды жөндеу және қосалқы жұмыстарға қатысатын табанды жасақтар бар. Осы жасақтарға жұмысқа орналастырумен қатар, штаб жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған шығармашылық, зияткерлік, ғылыми және спорттық сипаттағы түрлі іс-шара өткізеді. Штабтардың орналасу жеріне байланысты жұмысқа қабылданушы жастар қоқыс қалдықтарын тазарту және тағы басқа жұмыстарды атқарады.

Біздің облыстық штабымыз аймағымыздың қалалары мен аудандарында жұмыс істейді. Аймақтық штабтары құрылған. Олардың әрқайсысында отряд командирлері тағайындалған. Олардың міндеті атқарылған жұмысқа мониторинг жүргізіп, өздерінің жұмыстарына есеп беруі тиіс. Экологиялық жұмыстар саябақтарда, жағалаудың маңай-ларында өтеді. Ағаштар мен гүлдерді отырғызумен ісімен де айналысады. Құрылыс жасақтарына келсек, бұл біздің әлеуметтік нысандардың жұмыстарын жасаумен байланысты.

Жоғарыда аталған жұмыстың нәтижесі бар. Біріншіден, жастары-мыздың аймағымыздың гүлденуіне үлес қосқандығы көңіл қуантады. Тұрғылықты тұрып жатқан жерінің әсем де көз қызығардай болуына әр сарбаз септігін тигізеді. Әрине, атқарылған жұмыстың айқындығы баршаға мәлім. Яғни, еңбектеніп, өңірімізді көгалдандырып, маңдай терімен келген табыстың қадірін түсінеді деп ойлаймын. Бастысы, балалар экологиялық мәдениеті мен білімін көтеріп, игі іс жасайды.

 

— «Жасыл ел» еңбек жасағына жастар қалай қабыл-данады? Оларға қандай жұмыстар ұсынылады?

— Жоғарыда айтып кеткендей, «Жасыл ел» еңбек жасағына облы-сымыздың 16-34 жас аралығындағы жастар қосыла алады. Олардың қатарына оқушылар, орта және жоғары оқу орындарының студент-тері мен жұмыссыз жастар кіреді. Мектеп оқушылары да осы іске қызығып жатады. Алайда қауіпсіздік шарасын сақтау мақсатында жасаққа 16 жастан бастап аламыз. Біздің негізгі аудиториямыз — студенттер.

Жасаққа қосылу үшін алдымен қалалық және аудандық жастар орталығына немесе аудандық Ішкі саясат бөліміне өтінім қалдыру қажет. Одан бөлек, біздің өңірлік штабтың әлеуметтік желілеріндегі парақшаға да жазуға болады. Кейін кезекпен жұмысқа қабылданады. Жалпы, «Жасыл ел» жасағының сарбаздарына бірнеше бағыт бойынша жұмыстар ұсынылады. Мәселен, ағаш отырғызу, оларды суару, саябақтар мен қоғамдық орындарға гүл егу, орман, өзен-көл маңдарын қоқыстан тазарту, демалыс орындарын ретке келтіру, саябақтарға орындық, қоқыс жәшіктерін орнату секілді жұмыстар. Сондай-ақ, олар өлкемізді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен қатар,  түрлі тақырыптық іс-шаралар мен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына да белсенді қатысады.

 

— Ал олардың жұмыстары қалай қадағаланады?

— «Жасыл ел» облыстық штабы әр аудан мен қалаларда аймақтық штабтарын қадағалап, мониторинг жасау керек. Сол себептен арнайы штаб командирлері тағайындалған. Командирлер күн сайын фото, видеоесептер жолдайды. Өйткені осы материалдар арқылы атқарылған жұмысты байқаймыз. Одан бөлек, аудандарға іссапармен барып, сарбаздармен кездесеміз. Тек жұмыстарын тексеру не болмаса белгілі бір іске салып қою емес, түрлі шараларды өткізіп, диалог алаңдарын жасаймыз. Сөзсіз бақылау керек. Бұл сарбаздардың қауіпсіздігі үшін аса қажет.

 

Арман САҒЫНТАЕВ, Павлодар қаласының тұрғыны:

— «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына кірейін деген едім. Өтініштер қалай қабылданады?

— Құжаттар электрондық түрде қабылданады. Тілек білдіру-шілер электрондық сауалнаманы (@jasylel_pvl Instagram профайлының сілтемесі бойынша) толтырып, PDF форматындағы нысандағы цифрлық нұсқадағы құжаттарды тіркеуі қажет. Сондай-ақ, Павлодар қаласы Лермонтов көшесі, 44-үй мекенжайындағы штабтың кеңсесіне келіп, өтінім қалдыруға болады. Айта кетерлігі, бүгінде жұмысқа орналасамын деген жастардың саны артып келеді. Бұл — қуанышты жайт. Алайда тәртіпке байланысты олар кезекпен қабылданады.

 

— Басқа экологиялық ұйымдармен немесе халықара-
лық серіктестермен бірлескен жобалар бар ма?

— Біз экологиялық және жастарды жұмыспен қамтудан бөлек, жастар ұйымдарымен, орта және жоғары оқу орындарымен, мектептермен тығыз байланыстамыз. Мәселен, жастар ресурстық орталықтарымен өңірлердегі жастарды экологиялық және волонтерлік жұмыстарға тарту, орта және жоғары оқу орындарымен студент жастардың экологиялық жобаларға қатысуын ұйымдас-тырсақ, қоғамдық бірлестіктер мен экологиялық ұйымдармен бірлесіп экологиялық акциялар, тренингтер, эко-білім жұмыстарын жүргіземіз. Ал Бұқаралық ақпарат құралдары экологиялық мәселелерге қоғам назарын аудару үшін ақпараттық қолдау көрсетеді.

Мәселен, өткен айда Павлодар қаласындағы №11 орта мектепте жергілікті экологиялық ұйымдармен бірлескен іс-шара өтті. Сонымен қатар, жыл басынан бері республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында да бірқатар шара өткіздік.

 

Ақмарал ЖАНСЕЙІТОВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Жалақы мөлшері қандай? Қанша сағат жұмыс істейміз?

— Жалақы мөлшері жұмыстың бағытына байланысты. Жоғарыда айтып кеткендей, біздің жасақ 3 бағыт бойынша еңбек етеді. Яғни, экология және абаттандыру, құрылыс және қайта құру, шығар-машылық және еріктілік. Жалақысы қанағаттанарлық десек болады. Мәселен, негізгі экологиялық бағытта жалақы мөлшері 35 мың мен 75 мың теңге аралықты қамтиды.

Аталмыш жұмыстар тамыз айының аяғына дейін жалғасады. Жұмыс уақыты негізгі тәртібі бойынша 8 сағат деп берілген. Бірақ жасы 18-ге толмаған немесе еңбекке жарамсыздық қағазы бар жандардың жұмыс уақыты қысқарады. Жұмыстар маусым айының басында басталды. Жастар берілген жұмысты еш қиындықсыз, жауапкершілікпен атқарып жатыр.

 

— Болашақта «Жасыл ел» қызметін кеңейту жоспарда бар ма?

— Осы жылы біз өзіміздің жиырмасыншы еңбек маусымы-мызды аштық. Аталған мақсаттар мен міндеттер аясында жұмысы-мызды жалғастыратын боламыз. Осы жылдың сәуір айынан бастап республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірнеше шара өткіздік. Алдағы уақытта да осы бағытта еңбек етеміз. Жуырда кезекті еңбек маусымының ашылуын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл шара жастардың таныстық алаңы болмақ. Кейін кезекті маусым аяқталған соң жыл соңында жабылу салтанаты ұйымдастырылады. Онда түрлі шараларға қатысып, белсенділік танытқан үздік командирлер мен сарбаздар марапатталады.

— Әңгімеңізге рақмет!

Түйін:

Жастар – ұлт келешегі һәм қоғам айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қарай бұру дұрыс. Жалпы жастарды «Жасыл ел» секілді іске жұмыл-дыру — жақсы құбылыс. Әсте, еңбек бәрін жеңбек!

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана БОРАНБАЕВА.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.