«Жасыл ел» жұмысын бастады

Сәу 9, 2026

Облыста еңбекке құштар жастарға арналған «Жасыл ел» жасағына қабылдау басталды. Бұл жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері мен белсенді жастарды уақытша жұмыспен қамту арқылы қала мен елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру және басқа да қоғамдық жұмыстарға тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, биыл еңбек жасағына қанша жас тартылмақ? Жастарға қояр талаптар қандай? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде «Жасыл ел» облыстық еңбек штабының басшысы Русана Сулаймоновамен тілдескен едік.

– Русана Русланқызы, «Жасыл ел» еңбек жасағының кезекті маусымында облыс бойынша қанша жас қамтылмақ? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ. 

– Осы жылдың еңбек маусымының соңына дейін облыс бойынша 2 мыңнан астам жасты жұмыспен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде көбі — студенттер мен мектеп оқушылары. Одан бөлек, ауыл жастары, жұмыссыз жастар бар. Олардың негізгі жасы 16-34 жас аралығын қамтиды. Әрине, еңбекке қызығушылық танытатын жастар баршылық. Алайда «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жүзеге асырылып келе жатқандықтан, жобаға қабылданатын жастардың саны шектеулі.

– «Жасыл ел» еңбек жасағына жастар қалай қабылданады? Оларға қандай жұмыстар ұсынылады?

— Жоғарыда айтып кеткендей, «Жасыл ел» еңбек жасағына облысымыздың 16-34 жас аралығындағы жастар қосыла алады. Олардың қатарына оқушылар, орта және жоғары оқу орындарының студенттері және жұмыссыз жастар кіреді. Мектеп оқушылары да осы іске қызығып жатады. Алайда қауіпсіздік шарасын сақтау мақсатында жасаққа 16 жастан бастап аламыз. Біздің негізгі аудиториямыз — студенттер.

Жасаққа қосылу үшін алдымен қалалық және аудандық жастар орталығына немесе аудандық ішкі саясат бөліміне өтінім қалдыру қажет. Одан бөлек, біздің өңірлік штабтың әлеуметтік желілердегі парақшасына да жазуға болады. Кейін кезекпен жұмысқа қабылданады. Жалпы, «Жасыл ел» жасағының сарбаздарына бірнеше бағыт бойынша жұмыстар ұсынылады. Мәселен, ағаш отырғызу, оларды суару, саябақтар мен қоғамдық орындарға гүл егу, орман, өзен-көл маңдарын қоқыстан тазарту, демалыс орындарын ретке келтіру, саябақтарға орындық, қоқыс жәшіктерін орнату секілді жұмыстар. Сондай-ақ, олар өлкемізді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарымен қатар, түрлі тақырыптық іс-шаралар мен «Таза Қазақстан» экологиялық акцияларына да белсенді қатысады.

– Жұмыстар қай бағыттар бойынша атқарылады?

– Штабтың қызметі 3 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады: экология және абаттандыру, құрылыс және қайта құру, шығармашылық және еріктілік. Экологиялық бағыт жасақтардың көгалдандыру, абаттандыру, тазалау және басқа да жұмыс түрлерімен қамтылған. Құрылыс және реконструкция-әлеуметтік нысандарды жөндеу және қосалқы жұмыстарға қатысатын табанды жасақтар бар. Осы жасақтарға жұмысқа орналастырумен қатар, штаб жастардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған шығармашылық, зияткерлік, ғылыми және спорттық сипаттағы түрлі іс-шара өткізеді. Штабтардың орналасу жеріне байланысты жұмысқа қабылданушы жастар қоқыс қалдықтарын тазарту және тағы басқа жұмыстарды атқарады.

– Ал олардың жұмыстары қалай қадағаланады?

— «Жасыл ел» облыстық штабы әр аудан мен қалаларда аймақтық штабтарын қадағалап, мониторинг жасау керек. Сол себептен арнайы штаб командирлері тағайындалған. Командирлер күн сайын фото, видеоесептер жолдайды. Өйткені осы материалдар арқылы атқарылған жұмысты байқаймыз. Одан бөлек, аудандарға іссапармен барып, сарбаздармен кездесеміз. Тек жұмыстарын тексеру не болмаса белгілі бір іске салып қою емес, түрлі шараларды өткізіп, диалог алаңдарын жасаймыз. Сөзсіз бақылау керек. Бұл сарбаздардың қауіпсіздігі үшін аса қажет.

Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.