Жасыл желек – жaңа реңк

Мау 19, 2025

Қаламызда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Соның бірі – шағын саябақтарды абаттандыру бастамасы. Биыл қала аумағында барлығы 17 шағын саябақты жаңарту жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Павлодар қаласында 21 шағын саябақ бар. Олардың басым бөлігі тұрғын үй кешендеріне жақын орналасқан, олар – күнделікті серуендеуге, демалуға ыңғайлы аумақтар. Яғни, әр павлодарлыққа өз үйінің маңынан-ақ тыныш, таза, көрікті ортада демалуға мүмкіндік жасау.

Шағын саябақтардың орналасатын аумақтарын қала сәулет бөлімі ұсынады. Әрине, бұл ретте, тұрғындар тарапынан түскен өтініш-ұсыныстар да назардан тыс қалмайды. Жобалық жұмыстарды жүзеге асырушы мердігер ұйым – «ДМ» ЖШС. Олар саябақ ішіне кеспетас төсеу, жарық шамдарын орнату, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін қою, гүлзарлар мен әткеншектер орнату секілді кешенді жұмыстарды атқарып жатыр. Көптеген аумақта көлеңке түсіретін заманауи шатыр орнату да қарастырылған. Шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің айтуынша, барлық жұмыс тұрғындардың ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып жүзеге асуда.

— Биыл 17 шағын саябақ абаттандырылады. Бұл – тұрғын үйлерге жақын орналасқан демалыс аймақтары. Саябақтарда тұрғындардың жайлылығы үшін көлеңкелік шатырлар, орындықтар орнатылады. Абаттандыру жұмыстары осы жылдың шілде айының соңына дейін аяқталады, –
деді қала әкімі.

Қазірдің өзінде бірнеше нысан толығымен аяқталып, халық игілігіне берілді. Атап айтқанда, Назарбаев даңғылы, 309 және 3/2, Ломов көшесі, 154/5, Набережная көшесі, 7,  9 және Авиақалашық аумағы. Сонымен қатар, абаттандыру жұмыстары Назарбаев даңғылы – Естай көшесі қиылысы, академик Шөкин көшесі, 94 және 96, Баян батыр көшесі, 9 және Гагарин көшесі, 44/1 мекенжайларында қарқынды жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, қалған 8 шағын саябақтың жөндеу жұмысы шілденің соңына дейін аяқталуы тиіс.

Тұрғындар тарапынан бұл бастамаға деген ризашылық ерекше. Мәселен, Айдана Төлегенова есімді көпбалалы ана бұл жаңарту жұмысының балалармен серуендеуге қауіпсіз жағдай жасайтынын атап өтті.

— Бұрын тастай қараңғы әрі бос жатқан аумақ енді ыңғайлы демалыс орнына айналды. Балалармен серуендеуге шығу әлдеқайда қауіпсіз болатын болды, – дейді ол.

Шағын саябақтар жастарға да жайлы. Мәселен, студент Ерлан Байкенов мұндай орындардың қолайлы екенін алға тартты.

— Қоғамдық орындар жастар үшін аса маңызды. Сабақтан кейін немесе демалыста достарымызбен серуендеп, таза ауада демалу үшін осындай шағын саябақтар керек-ақ. Қала ортасында тыныстайтын орындардың жаңарып жатқаны көңіл қуантады, – деген пікірін білдірді.

Сондай-ақ, жаңарған жасыл аулалардың қала тұрғындарының жақсы әдет қалыптастыруына да үлкен сеп болып жатқандығы қуаныш сыйлайды. Оған себеп, қала тұрғыны, зейнеткер Қаршыға Әубәкіровтің айтуынша, бұрын ол таңертеңгілік серуен үшін тек орталық саябаққа баратын. Ал қазір үйінің маңынан саябақтар ашылып, олар жаңарғалы бұл шағын демалыс аумақтарында серуендеу күнделікті әдетке айналған,

Айта кетейік, өткен жылы қала бойынша 8 шағын саябақ ағымдағы жөндеуден өткен болатын. Бұл нысандар бүгінде тұрғындардың тұрақты баратын қоғамдық кеңістігіне айналды. Қала әкімдігінің жоспары бойынша, абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Бұл ретте, тұрғындардың сұранысына сай жаңа демалыс аумақтарын ашу әрі оларды жаңғырту бағытында жұмыс жалғасады. Бұл бастама – тек қаланы көркейту емес, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс.

 

Әдемі КӘУКЕН,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті,

Павлодар қаласы.