Өткен аптада облыс орталығында табиғатқа жанашыр қала тұрғын-дарының қатысуымен жалпыхалықтық сенбілік өтті. Ауқымды шара аясында жүздеген түп ағаш отырғызылып, бірқатар аула абаттандырылып, жолдар мен тротуарлар, саябақтар мен гүлзарларды тазалау жұмыстары жүргізілді.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына орай облыс әкімі Асайын Байханов, Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков және бірқатар мемлекеттік мекемелердің жетекшілері орталық жағалауда орналасқан Благовещенск кафедралды собо-рының жанындағы скверге үш жүз түпке жуық шырша отырғызды. Айта кетейік, биыл қазан айында аталмыш ғибадатхана өзінің 25 жылдығын атап өтпек. Көшеттер тамыр алса, қоңыраулы сәулет өнерінің аумағына сән кіргізіп, ажарын аша түсер еді.
Аймақ басшысы бүгінгі таңда облыс орталығы мен аудандарды көгалдандырып, жасыл мекенге айналдыру мақсатында кешенді жоспар әзірленіп, бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ, ол сенбілік — бір реттік қана науқан емес, жүйелі түрде өтетін жиынға айналуы керек екенін айтып, жергілікті тұрғындарды тазалық акциясына белсенді түрде қатысуға шақырды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясына қолдау білдіріп, қала тұрғындарының көп қатысуы көңіл қуантады. Қаланың әр тұрғыны өз ауласын, айналасын таза ұстаса ғана шаһарымыздың көркі кірмек. Биыл облыстың қалалары мен аудандарын көгалдандыруға ауқымды үлес қосы-латын болады. Павлодар аумағында ағымдағы жылы 20 мың түпке жуық жасыл желек отырғызу жоспарлануда. Осындай жұмыстар басқа елді мекендерде де жүргізіледі. Бұл іс-шаралардың барлығы аймақтың жасыл алабын ұлғайтуға және сапасын жақсартуға бағытталған, — деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, Асайын Байханов жасыл желектерге күтім жасалмаса және суарылмаса көгалдандыруға жұмсалған күш-жігердің зая кететінін айтып, Павлодар қаласы әкіміне саябақтарға автоматтандырылған суару жүйесін орнатуды тапсырды. Осылайша биыл Павлодар қаласындағы төрт бірдей орталық саябақтар тамшылатып суару жүйесімен қамтылады.
— Жасыл желектерге сапалы күтім жасау үшін біз қалада кезең-кезеңімен автоматтандырылған суару жүйесін енгізудеміз. Өткен жылы автономды автоматтандырылған суару жүйесі Павлодардың екі скверінде орнатылды. 2024 жылы бұл жұмыстар жалғасып, осындай жүйелер тағы төрт қалалық саябақта пайда болады. Атап өтсек, суару жүйелері орталық жағалауда, Конституция скверінде, Мәшһүр Жүсіп атындағы орталық мешіттің ауласында және «Қазқонақ» табиғи ескерткіші аумағында орнатылады, — деп толықтырды А.Байханов.
Сенбілік барысында Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков облыс орталығын одан әрі абаттандыру және көгалдандыру жоспарымен таныстырды. Айтуынша, биыл қалада 20 мыңға жуық көшет отырғызу жоспарлануда. Оның ішінде, жасыл белдеуде 10 000 түп ағаш отырғызылады. Бұдан бөлек, қалалық саябақтар мен скверлерге 3000 түп жас ағаш егілмек. Күзде тағы 7000 жасыл желек отырғызылады.
Орталық жағалауда жас көшет отырғызғаннан кейін облыс әкімі бастаған бір топ мекеме басшылары М.Жүсіп көшесі, 1-үй тұрғындарымен кездесті. Сондай-ақ, қала сыртын-дағы «Березка» саяжайы маңындағы жалпықалалық сенбілікке қатысты. Облыс әкімі өңірдің тазалығына бей-жай қарамайтын барлық табиғат жанашырларына зор алғысын білдірді.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.