Қайыржан Жансаринов — облыс орталығындағы ең ірі кәсіпорын — Павлодар алюминий зауытындағы тәжірибелі мамандардың бірі. Ол өндіріс орнында 30 жылға жуық уақыт табанды еңбек етіп келеді. Бүгінде жас шеберлерді күрделі салаға тәрбиелеп, бар білім-біліктілігімен бөлісуде.

Айдана ҚУАНЫШЕВА

Елімізде шілде айының үшінші жексенбісінде металлург күні тойланады. Осы салада қызмет ететін майталмандар ел экономикасының өркендеуіне зор үлес қосуда. Отандық экономиканы алға бастаушы, еліміздің өндірістік әлеуетін орнықты дамуын қамтамасыз ететін күрделі салада еңбек етіп жүрген әр маман зор құрметке лайық. Кәсіби мереке қарсаңында 28 жасында зауытқа қызметке тұрып, тағы 28 жылын металл өндіру ісіне арнаған аға шебер жайында жазуды жөн көрдік.

Қайыржан Жансаринов зауытқа келген сәттен бастап өз саласын адаспай тапқанын айтады. Қауіпті әрі қиын жұмысқа деген қызығушылығы қызметке қабылданған алғашқы күннен-ақ басталған. Ол кәсіпорынның бүгінгі жетістігі адал еңбек атқарып жүрген ұжымның ортақ еңбегі деп біледі.

Сонау 1996 жылы зауытқа қабылданған уақытта өз өмірін осы салаға арнау туралы шешім қабылдаған. Әу баста қарапайым жұмысшы ретінде зауыттағы еңбек жолын бастаған ол еңбекқорлығы мен біліктілігінің арқасында негізгі өндірістік учаскенің аға шебері атанды. Бүгінде оның қарамағында 120 адам жұмыс істейді.

— Біздің учаскедегі құрам натрий алюминатының ерітіндісі түрінде алюминий оксидін алумен айналысады. Қызмет қауіпті екенін жасыра алмаймыз. Температурасы 110 градусқа дейін жететін ыстық ерітінділермен жұмыс істейміз. Өндірісте ыстық буды, 240 градус температураны пайдаланамыз. Қызметте адамдармен тез тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болуға тырысамын. Мен үшін маңыздысы – осы, — дейді ол.

Қайыржан Жансариев тұтас учаскеде тынбай жұмыс істейтін мамандардың қызметін бақылап қана қоймай, ауысымның дайындығын да тексереді.

— Тоқсаныншы жылдардың соңында зауытқа келген кезде сол кездегі аға шеберлерден мол тәжірибе жинадым. Олардың қалай жұмыс істегенін көріп, ақыл-кеңес сұрадым. Қазір өзім сол кісілердің жолын жалғап, жас шеберлерге жұмыс тапсырамын. Шыны керек, басшылық қызметте жұмыс істеу зор жауапкершілікті жүктейді. Мен үшін маңыздысы — қызметкерлерімнің денсаулығы. Жұмысқа дені сау келген адамдар үйлеріне де солай оралуы керек. Сондықтан жұмыс барысында қауіпсіздік ережелері қатаң сақталуы тиіс. Міне, осы жағдайды да бақылаймын, — дейді аға шебер.

Қайыржан Жансариевтің әріптестері оның кәсіби шеберлігін жоғары бағалайды. Аға шебер бүгінде жас мамандарды өндіріске баулып, оқытуда. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін жас буынға үйретуде. Бұл еңбегі арқылы ол өз орнына білікті маман дайындауды мақсат етеді.

— Қазір зауытқа жастардың көп келетіні қуантады. Олар қарапайым жұмысшыдан басшылық лауазымға дейін көтерілуге болатынын жақсы біледі. Біз сияқты тәжірибе жинаған мамандардан үлгі алуға тырысатыны кәдімгідей көңілге медеу. Олардың жұмысқа деген ұқыптылығы маған шабыт сыйлайды. 30 жылға жуық уақыт ішінде жастарды тәрбиелеп жүргеніме де қуанамын. Мамандығыма адаспай келгенімді түсінемін, — дейді ол.

Шыны керек, металлургия саласында еңбек ететін әр адамның қызметі ерлікпен пара-пар десек, қателеспейміз. Олардың әр жұмыс күні жоғары өнімділікпен қатар, қауіп-қатерге де толы екенін түсінеміз. Ел экономикасын дамыту жолында табанды еңбек етіп жүрген металлургтің қызметіне табыс тілейміз.