Қазіргі қоғамда ерекше қамқорлықты, қолдауды, қорғауды қажет ететін жарымжан жандар аз емес. Ал олардың жағдайын жасап, әрдайым қолұшын беруге әзір тұратын арнайы мамандар бар. Солардың бірі – әлеуметтік саланың қызметкері Динара Ризабекқызы Тілебалдина.
Ол осы салада он бір жыл бойы еңбек етіп келеді. Яғни, әлеуметтік қорғау жүйесінің отымен кіріп, күлімен шыққан білікті маман.
— Мен 2013 жылы Павлодар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығына жұмысқа қабылдандым. Бастапқыда әлеуметтік қызметкер, кейін әлеуметтiк мәселелер жөніндегі кеңесші болып еңбек еттім. Ал бүгінде 18 жастан асқан психологиялық-неврологиялық аурулары бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мекеменің әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің меңгерушісімін. Әрине, жұмысымыз оңай деп айта алмаймын. Үлкен жауапкершілікті, шыдамдылықты, мейірімділікті, адалдықты қажет етеді, — дейді Динара Ризабекқызы.
Қазіргі уақытта ол басқаратын бөлімде 14 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Олар жүйке жүйесінде түрлі ауытқуы бар павлодарлық 90 жарымжан жанға қызмет көрсетеді. Аталған бөлімнің меңгерушісі күн сайын қарамағындағы мамандардың жұмысын қадағалаумен қатар мүгедектігі бар ересек азаматтардың да жай-күйін үнемі бақылап отыратынын айтады. Себебі, мұндай науқастар ерекше көңіл бөлуді қажет ететіні белгілі.
— Біз біріншіден өзіміз жауаптанған мүгедектігі бар жандарға түрлі әлеуметтік қызмет көрсетсек, екіншіден олардың ата-аналарымен де психологиялық кеңес беру, басқа да бағытта жұмыс жүргіземіз. Өйткені, ақыл-ойында кемістігі бар адамдардың кейбіреуі түнде ұйықтамайды, кей сәтте іс-әрекеті өзгеріп, дерті дендеп кетеді. Олардың осы күйін көру ата-анасына өте ауыр тиетіні айтпаса да түсінікті ғой. Сол себепті ол кісілермен де, науқас балаларымен де ортақ тіл табысу үшін барымызды саламыз. Мұндай жандарға керегі – жан жылуы мен жайлы жағдай ғана, — дейді бөлім меңгерушісі.