Жауапқа тарту жасын төмендету керек пе?

Сәу 10, 2025

Өкінішке қарай, соңғы уақытта балалар арасындағы қылмыс саны артуда. Бұл туралы жақында Бас прокурор Берік Асылов: «Ақтөбе, Атырау, Павлодар және басқа да өңірлерде жасөспірімдер қылмысы көбейіп отыр. Профилактикалық шараларды күшейтуді, антибуллинг бағдарламаларының тиімділігін зерделеуді тапсырдым», – деп мәлімдеді.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, әсіресе, әлімжеттік әрекеттерінің үдеп бара жатқаны байқалады. Өрімдей ұл-қыздың бір-бірін аяусыз ұрып-соғып, арты ажал құштыруға дейін апарғаны жайлы жантүршігерлік ақпараттар әлеуметтік желіде де желдей есуде. Аталған жағдайға алаңдаған халық қалаулылары жасөспірімдерді қылмыстық жауапқа тарту жасын төмендету, яғни 12 жасқа дейін азайту туралы ұсыныс жасап, Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Мұны біреулер құптаса, кейбіреулер қарсылық танытуда. Сонымен, желіккен жеткіншектерге қандай жаза қолданған жөн? Тентектерді тезге салудың жолы қандай? Қоғамда екіұдай пікір туғызып, қызу талқыланып жатқан айтулы мәселені «Алаң» айдарында да ортаға салып көрген едік.

Бақыт БЕКСЕЙІТОВА, ҚР Оқу ісінің үздігі, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі:

— Әрине, қазіргі таңда жасөспірімдердің түрлі қылмыстық әрекеттерге барып жатқаны қай-қайсымызды да алаңдатады. Алайда бұл мәселені шешу үшін жеткіншектерді 12 жасынан бастап жауапкершілікке тарту керек деген оймен келіспеймін. Жалпы, мұндай ұсыныс айтпас бұрын мәселені әбден зерттеп, зерделеп, статистика мен қылмыс деңгейін қарап, талдау жүргізу қажет. Шыны керек, 12-14 жас аралығындағы балалардың көбі оңы мен солын айыра алмайды. Яғни, өз әрекеттерін түсіне бермейді. Сондықтан алдымен ата-ананың жауапкершілігін күшейткен жөн. Бүгінде елімізде қылмыс жасаған баланың әке-шешесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Тіпті, ұл-қызының тәрбиесіне селқос қарағандардың ата-ана құқығынан айырылып жатқан жайы бар. Бұған қарап, біздің мемлекетте заң осал деп ойламаймын.

Негізі, ҚР Қылмыстық кодексінің 99 және 104-баптары бойынша 14 жасқа толған жасөспірімдер кісі өлтіру, өзгеге қасақана ауыр зиян келтіру жағдайлары орын алса ғана қылмыстық жаза арқалайды. Ал басқа қылмыстар бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады. Сондықтан жаңалық ашпай, қолданыстағы осы заңға құрметпен қараған дұрыс деп санаймын.

Серік ЖОЛДАСБАЕВ, заңгер:

— Өз басым 12 жасар баланы қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарсымын. Сол үшін бұрынғыдай ауыр қылмыс жасаған жасөспірімдерді 14 жасынан бастап қана жазалаған жөн. Бұл заңды қабылдаған кезде ғалымдар, жауапты мамандар бала психологиясын әбден зерттеп, содан кейін ғана шешім шығарғаны белгілі. «Он үште — отау иесі» демекші, осы жастан асып, 14-ке толған баланың ақыл-ойы толысады. Өз ісіне жауап бере алатындай деңгейге жетеді. Сондықтан қылмыстық жауапқа тарту жасын төмендеткенше, ата-ананың міндетін күшейту керек. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан балаларды дамытуға, бос уақыттарын өткізуге арналған орталықтар санын арттырып, тегін үйірмелерді көбейту қажет. Өйткені, қазір мұндай мекемелердің көбі жеке меншік, яғни ақылы түрде қызмет көрсетеді. Оған баласын беруге кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермейді. Сөйтіп, таңнан кешке дейін әке-шешесі жұмыста жүреді, ал балалары ойына келгенін, интернеттен көргенін істеп, көше кезеді. Одан қалса, телефонға телміріп, ондағы неше түрлі қатыгездікке толы видеоларды көріп, кесірлі ойын ойнайды. Соның салдарынан баланың психологиясы бұзылады. Ал саналы, ақылды бала қылмыс жасамайды. Сол үшін балаларға жазаны ауырлатқаннан гөрі тәрбиесіне, дамуына мән берген дұрыс.

Саягүл КҮРКІМБАЕВА, көпбалалы ана:

— Ешбір ата-ана бауыр еті – баласына жаман тәрбие бермейді. Соған қарамастан бүгінгі қоғамда жеткіншектердің неше түрлі сұмдық жағдайларға барып жатқаны жаныңды жаралайды. Осындай тәрбиесі таяз, қатыгез балалардың кесірінен неге өзгелер жапа шегуі тиіс? Шыны керек, соңғы кезде 12-13 жастағы балалар арасында буллинг көбейіп кетті. Мұндай бұзықтарды дұрыс жолға салу үшін қылмыстық жауапқа тарту жасын төмендеткен жөн. Қазіргі балалар ерте есейеді. Сондықтан оларды «кішкентай» деп аямау қажет. Мәселен, Ұлыбританияда балаларды 12 жастан бастап жауапқа тартады екен. Құптарлық жағдай дер едім.

Тағы бір мәселе – біздің елде қылмыс жасаған жеткіншектердің кесірінен мектеп директоры, ауыл-аудан әкімдері жазаланып жатады. Бұл ақылға сыймайды ғой. Одан да мемлекеттік деңгейде әр баланың моральдық-этикалық мінез-құлқы, психологиясы қатаң қадағаланып, жайсыз жағдайлардың алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Сондай-ақ, жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру керек. Сонда ғана нәтиже болады деп ойлаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Нұржайна ШОДЫР.