Қазақ мемлекетінің жеке шаңырақ көтеріп, еңселі һәм егеменді ел болғанына 34 жылға аяқ басып барады. Қазақ халқы бұл Тәуелсіздікке бірден қол жеткізе қойған жоқ. Осы жолда халқымыз қаншама тар жол, тайғақ кешуден өтіп, қайғылы оқиғаларды, қаһарлы күндерді бастан өткізді. Солардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы.

Бұл — Кеңес өкіметінің қаһарлы қанжарынан қаймықпай, азаттық үшін бас көтерген қазақ жастарының ерлігі мен батырлығының символы. Дәл осы кезде Алматыда болған біздің жерлестеріміз де бұғып қалмай, өз замандастарымен бірге алаңға шығып, жоғары билікке барша Алаштың талабы мен тілегін жеткізді. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 40-тан астам желтоқсан оқиғасының қатысушысы бар. Бірақ, олардың көбі бүгінгі күнге дейін ақталған жоқ. Бұл туралы Тәуелсіздік күні мерекесіне орай өткен «Жауратады желтоқсанның ызғары…» атты дөңгелек үстелде айтылды. С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өткен кездесуге облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, жерлестеріміздің бұл ерлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті. Сонымен қатар, Желтоқсан оқиғасының қатысушылары — Бейбіт Шәнім, Амантай Құдабаев, Ақан Алпысов, Айман Зейнуллина, Арман Ақышев, Рыскүл Шақаман, Кенжебай Садығұлов, Сая Торбаева, Сәуле Жақаева, Гүлнәр Смағұлова сынды азаматтар да арнайы шақырылып, өз естеліктерімен бөлісті. «Желтоқсан тарихы» ҚБ облыстық филиалының төрағасы, тарихшы Амантай Құдабаев желтоқсаншыларды жаппай ақтау және оларға көрсетілетін жеңілдіктер мен әлеуметтік көмек туралы ұсыныстарын ортаға салды.

— Желтоқсан оқиғасына қатысушыларды әлі күнге дейін ақталғандар мен ақталмағандар деп бөледі. Бұған біз қарсымыз. Себебі, олардың барлығы 1993 жылы заң бойынша автоматты түрде ақталған болатын. Екіншіден, осы желтоқсаншыларға көрсетілетін жеңілдіктер мен көмекке мүлдем көңіліміз толмайды. Мысал ретінде бірнешеуін айтсам, үй телефонын тегін орнату, үйді жекешелендіруге тегін купон беру, қарттар үйіне кезексіз кіру деген секілді «жеңілдіктеріміз» бар. Сонымен қатар, ай сайын 4 мың теңге жәрдемақы түседі. Бұған да көңілге қонымды бір зат ала алмайсыз. Сондықтан, билік өкілдері осы мәселелерді ескеріп, қайта қарауын сұраймыз, — деді Амантай Құдабаев.

Желтоқсан оқиғасы ұлтымыздың жүрегіне жазылмас жара салып кеткені жасырын емес. Бұл күні өз ұлтының азаттығы үшін азаматтық пікірін айтуға шыққан талай жас қыршын кетті. Бірақ олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды.

Тілеуберді САХАБА.