Жағалауға баруға болмайды

Мам 22, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Бүгінде облыс көлемінде шыбын-шіркейге қарсы күрес жұмыстары қызып тұр. Ертіс өзенінің бойындағы аудандар, қалалар әкімдіктері қансорғыштардың қатарын азайту үшін өңдеу жұмыстарын жүргізуде. Мұндай бағыттағы ауқымды іс облыс орталығында да кеңінен атқарылып жатыр.

Павлодар қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтардағы шыбын-шіркейге қарсы күрес мәселесі шаһар басшысы Хасар Хабылбековтің тікелей бақылауында. Күні кеше қала әкімі қолға алынған жұмыстардың барысын байқап қайтты.

Облыс орталығындағы өңдеу шараларының барлығы ғылыми топтың қатысуымен іске асуда. Бұл өз кезегінде шыбын-шіркей санының өзгерісін тиімді бақылауға және реттеуге мүмкіндік береді.

— 1 сәуірден бастап маса дернәсілдеріне қарсы үй-жайлардың жертөлесін өңдеу жұмыстары басталды. 24 сәуірден су қоймаларын, дренаждарда жиналған суды, сондай-ақ саяжайларда, бақтар мен саябақтарда, аулаларда өңдеу жүргізілуде. Жұмысқа 40-тан астам адам мен арнайы техника тартылған. Тиісті қызметтерге жұмысты күшейтілген режимде жалғастыруды тапсырдым. Біз үшін басты мақсат — тұрғындар үшін қауіпсіз және жайлы орта қалыптастыру, — деді шаһар басшысы.

Бұл ретте 19 мамыр мен 5 маусым аралығында Орталық жағалауда маса мен шыбын-шіркейге қарсы дезинсекциялық-бөгеттік өңдеу жұмыстары жүргі-зілетінін ерекше атап өткен жөн. Өңдеу жұмыстары жұмыс күндері сағат 20:00-де басталып, 22:00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, Орталық жағалау күн сайын түнгі уақытта, яғни сағат 00:00-ден 04:00-ге дейінгі аралықта да өңделеді.

Сондықтан жергілікті билік тұрғындардан осы уақыт аралығында жағалауға бармауды және сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды. Яғни, кешкі серуенді қаланың өзге саябақтары мен аумақтарында ұйымдастырған дұрыс.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.

Суретті түсірген — Есенжол Исабек.