Жаңа жобалар қанат қағады

Қаң 29, 2026

Өткен жылы Шарбақты ауданындағы Маралды курорттық аймағына баратын туристер саны күрт өскен. Осыған орай демалушыларға бұрынғыдан да қолайлы жағдай жасалып, жаңа жобалар жүзеге аспақ. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында белгілі болды. 

Аудан әкімі Сержан Иманқұловтың айтуынша, өңірде туристердің ойдағыдай демалуы үшін барлық жағдай жасалуда.

– Былтыр жаз айларында біздің аудандағы курорттық аймаққа 45 мыңнан астам адамның келгені белгілі болды. Ал осыдан үш жыл бұрын небары 7 мыңдай ғана турист келген екен. Бұған қарап, алыс-жақынан келушілер саны артып бара жатқанын байқауға болады. Сол үшін аудандағы туризмді дамытуға күш салуымыз қажет. Осы мақсатта биыл Маралды көлінің курорттық аймағына арналған эскиздік жоба дайындалды. Соның аясында Жылыбұлақ ауылы арқылы көлге баратын жол салынып, екінші жағажай ашу жоспарланып отыр, – деді Сержан Иманқұлов. Бұдан бөлек, осы жылы туристік кластерді дамытуға инвесторларды тарту үшін қосымша 6 жер учаскесін бөлу мәселесі қарастырылуда екен.

Аудан әкімі сондай-ақ, өңірдің өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдайы жөнінде де баяндады. Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шарбақтыда бірқатар игі істер атқарылып, жақсы көрсеткіштерге қол жеткен. Мәселен, ауданның өнеркәсіп орындары жоспарды артығымен, яғни 106,7% орындаған.

– Аудан экономикасының негізгі капиталына салынған инвестициялар 21 176,1 миллион теңгені құрады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9 870,4 миллион теңгеге жетті немесе жоспар 153,1% орындалды. Сонымен қатар, бөлшек тауар айналымы 105%-ды, ал ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамту көрсеткіші 112,6%-ды қамтыды. Тұрғындардың 95%-ы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізді. Бүгінде Шарбақтыдағы 27 ауылдың 18-і орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған, – деп атап өтті аудан басшысы.

Баспасөз мәслихатында ауыл көшелеріндегі жолдарды жөндеуге ерекше мән берілгені сөз болды. Мәселен, 766,7 миллион теңгенің 9 жобасы жүзеге асуда. Бұл жолдардың ұзындығы 672,3 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2025 жылы 7 елді мекенде жалпы ұзындығы 12,7 шақырым ауылішілік жолдарға жөндеу жүргізілді. Ал ағымдағы жылы 8 жоба қанат қақпақ. Сол бойынша Назаровка ауылына апаратын жолды асфальттау, аудан орталығындағы бірнеше көшелерді жөндеу көзделуде.

Шарбақтыда абаттандыру жұмыстары да өз деңгейінде қолға алынуда. Осы мақсатта 48 миллионға жуық теңгенің 8 жобасы іске асқан. Атап айтқанда, Есілбай және Красиловка ауылдарында 2 балалар ойын алаңы салынған. Бірнеше елді мекеннің көшелері жарықтандырылып, басқа да абаттандыру жұмыстары жалғасын тапқан.

Жылумен жабдықтау жүйесінде де тың істер атқарылуда. Мәселен, аудан бойынша 14 жылыту қазандығы ауыстырылған. Сонымен қатар, былтыр Шарбақты ауылындағы аудандық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өткен.

Құрылыс саласы да қарқын алуда. Сондай-ақ, өткен жылы 110 пәтер сатып алынған. Сөйтіп, тұрғын үй кезегінде тұрған шарбақтылықтар баспаналы болған.

Ал білім беру саласына тоқталсақ, 4 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи оқу кабинеттері сатып алынған.

Денсаулық сақтау жүйесінде де ауыз толтырып айтарлықтай игі істер баршылық. Мәселен, дәрігерлік амбулаториялар 2025 жылы 3 санитарлық көлік, 43 медициналық құрал-жабдықпен қамтылған. Қуантарлығы, медициналық мамандар жеткілікті. Ендігі кезекте Красиловка ауылындағы медициналық пункт ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.

Ауыл шаруашылығы саласында да алға басу бар. Былтыр аудандағы шаруа қожалықтары комбайн, трактор, пресс жинағыш сынды 100 арнайы техника сатып алған. Бұл шаруалардың кәсібін дөңгелетіп, ісін өнімді етуге септігін тигізуде.

Атап өтерлігі, ауданда қуатты аграрлық кластер құру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда өндірістік қуаттарды ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған 4 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда екен.

– Негізі, 2025 жылы Шарбақты ауданы тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген жүйелі жұмыстар атқарылды. Халықтың игілігіне бағдарланған жобаларды іске асыру алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, – деді Сержан Иманқұлов.

Н.ШОДЫР.