Елімізде жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артуда. Бұған алаңдаушылық білдірген депутаттар арнайы кеңес өткізіп, мәселенің алдын алу, жарымжан жеткіншектерді оңалту жолдарын талқылады. Өкінішке қарай, облысымыздағы жағдай да мәз емес. Бүгінгі таңда өңірде 18 жасқа дейінгі
4 мыңға жуық мүгедек бала бар.

ҚР Парламенті Сенатының ғимаратында өткен Инклюзия жөніндегі кеңес төрағасы Ләззат Қалтаева елімізде көптеген баланың денсаулығындағы кінәрат кеш анықталатынын айтып, бұл жағдай кейін түрлі асқынуларға, оның соңы мүгедектікке дейін әкеліп соғатынын жеткізді.

— Сырқатқа тап болған балалар біздің жүйеде 3 жастан кейін барып қамтылады. Сол кезде қауіпті топтағы балаларды анықтау және мұқтаж жандарға уақытылы көмек көрсететін ең қолайлы уақытты жіберіп алады. Біз әлемде және Қазақстанда қалыптасқан жағдайларға салыстырмалы түрде талдау жасауымыз керек. Балалардың мүгедектік себебінің негізгі құрылымын және бұл ерекше баланың отбасының әлеуметтік деңгейіне қалай байланысты екенін түсіну керек, — деді Ләззат Қалтаева. Халық қалаулылары балаларды дамыту және баланы мүгедектік тобына жатқызуды күтпей, ауру анықталған сәттен бастап емдеу шарасын уақытында бастау мәселелерін жан-жақты талқылады. Осылайша, елімізде соңғы жылдары жарымжан балалар санының көбейіп бара жатқанына алаңдаған сенаторлар бұл жағдайдың алдын алу үшін барлық мүмкіндікті қарастыру керектігін қадап айтты. Статистикалық мәліметтер бойынша қазіргі таңда 100 мыңдай қазақстандық балғынның жарымжан екені анықталған. Оның 4 мыңға жуығын павлодарлық балалар құрайды. Өкініштісі, оның тең жартысы өмірге аман-сау келіп, түрлі жағдайға байланысты кейін жарымжан болып қалғандар. Жүре келе мүгедек болған бұл балалардың ішінде жүйке жүйесі ауруларына шалдыққандар саны көш бастап тұр. Екінші орында психикалық ауытқулар, үшінші орында эндокриндік жүйе ауруларына шалдыққан бала саны артуда. Елімізде мұндай жеткіншектерді оңалтуға бағытталған жұмыстар жүйелі қолға алынып жатқанымен, оңалту орталықтарындағы орын тапшылығы қиындық тудыруда, дейді мамандар. Аталмыш кеңеске қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Назгүл Сағындықова осы кедергілерді азайту мақсатында мүгедек балаларды инновациялық техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етуге әрі шағын және микро оңалту орта-лықтарын құруға бағытталған «Техникалық оңалту құралдарының инновациялық фабрикасы» атты жаңа жобаның іске асып жатқанын мәлімдеді. Көпшілік бұл жаңа жобадан үлкен үміт күтпек.

Н.АҚЫТЕГІ.