Павлодар қаласының тұрғындары дүниеден өткен жақындарын Мойылды, Атамекен сынды қалаға жақын ауылдардағы мұсылмандар зиратына жерлейтіні белгілі. Соңғы уақытта Атамекен кентіндегі жерлеу орнының толуына байланысты жаңа зират ашылды.
Атамекен кентінің әкімі Мүнира Дүйсенбекованың айтуынша, жаңа зират өткен жылы іске қосылып, тұрғындарға жерлеу орындары беріле бастады. Бүгінгі күнге дейін екі қатары толған. Әр қатарына 50 адамнан қойылады. Мұсылман-дарға берілген жаңа бейіттің аумағы 12 гектарды құрайды.
— Бұл жерде мұсылмандық ғұрыппен жерлеу үшін барлық жағдай жасалған. Орындар тұрғындарға рет-ретімен беріліп, жерлеу жұмыстары да бір стандарт бойынша жүргізілуде. Алғаш ашылған кезде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоршау орнатып берді. Сонымен қатар, ұзындығы 800 метр жол және көлік тұрағын құрды. Ендігі күтіп, баптау жұмыстары біздің қолымызда, — деді Мүнира Сапарбекқызы.
Атамекен кенті ақсақалдарының ендігі тілегі – бейіттер бір жүйе бойынша көтерілсе дейді. Осы ауылда 60 жылдан бері тұратын Асқар Мүбәракұлының сөзінше, ауылдың зиратында ауыл адамдары қызмет етуі керек. Өкінішке қарай, тендер арқылы сырттан келген кәсіпкерлер жерлеу ісін жанашырлықпен жүргізбейді. Сондықтан, күтіп-баптау, жерді бөлу, қабір қазу жұмыстары өте мұқият жүргізілуі керек. Одан бөлек марқұмдардың басына белгі ретінде зират көтеру ісін бір тәртіпке салып, зәулім-зәулім ғимарат тұрғызуға тосқауыл қойған жөн деген ұсынысын жеткізді.
— Менің бүкіл ғұмырым осы Атамекен кентінде өтіп жатыр. Ауылдың 70 пайызы — қазақтар. Барлық жақсылықты да, жамандықты да елмен бірге көріп келеміз. Сондықтан жерлеу ісі біз үшін өте өзекті әрі маңызды. Ескі зиратта орын болмай қалғандықтан жергілікті әкімдік өкілдеріне өтініш білдіріп, жаңа орын алдырдық. Бастапқы кезде көптеген кемшілік болды, дегенмен бәрі рет-ретімен оң шешімін табуда. Алғаш қолданысқа берілген кезде тек Атамекен кентінің тұрғындары ғана жерленсе деген ұсыныстар болды. Бірақ, ол ұсыны-сымыз орындалмады. Атамекен қанатын кеңге жайған үлкен ауыл, біздің талай ауылдасымыз қалаға қоныс аударған. Міне, солардың барлығы дүние салған әке-шеше, ата-әжелерін өзінің туған ауылына әкеледі, — дейді ауыл ақсақалы Асқар Мүбәракұлы.
«Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бір адам дүние есігін ашып, өмірге келіп жатса, кей адамдар бұл дүниеден озып жатады. Бұл — өзгермейтін ақиқат. Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақірет әлемінің бастауы. Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындары «Марқұмның топырағы торқа болсын», «Алла алдынан жарылқасын», «Жаны пейіште шалқысын», «Иманды болсын» деп ізгі тілек пен дұға жасап жататыны сондықтан. Қасиетті Құранда айтылғандай, Алла Тағала адам баласын тіршілік иелерінің ең ардақтысы етіп жаратқан. Сондықтан тірі адам қандай құрметті болса, қайтқан кісілер де сондай қадірлі. Сол себепті адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін түзету секілді бірқатар әдепті ұстану тірілер үшін талап етіледі.
Осы ретте Қазақстан Мұсыл-мандары діни басқармасы «Зират және зиярат мәдениеті» кітабын шығарып, онда өмірден өткен адамды жерлеу рәсімдерін тәптіштеп көрсеткен. Ең негізгілеріне тоқталсақ, «Қабірге белгі қою Аллаға серік қосуға, орынсыз жаңашылдыққа, қатаң тыйым салынған іске жатпайды делінген. Бірақ «Жерлеу орындарында мешіт, медресе, құлшылық ету орындарын тұрғызуға, зәулім ескерткіш немесе биік күмбез орнатуға болмайды» деп ескертілген.
Тілеуберді САХАБА