Алдағы екі жылдың ішінде еліміздегі барлық облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтары ашылмақ. Себебі, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты құқықбұзушылық әрекеттері әлі де тыйылмай келеді. Мамандар бұл жағдай балалардың психологиясына кері әсерін тигізіп жатқанын айтуда.
Сол себепті әр өңірде арнайы психологиялық көмек көрсететін орталықтар ашудың маңызы зор. Тек биыл жыл басынан бері елдегі полиция бөлімдеріне отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі бойынша 74 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Әкімшілік қамауға алынғандар саны 2 есеге көбейген. Өңірлерде отбасыға қолдау көрсететін 70-ке жуық орталық құрылып, жұмыс істеуде. Онда зардап шеккендерге медициналық, психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп келеді. Дегенмен, бұл орталықтар аздық ететін көрінеді. Аталған мәселеге мемлекеттік деңгейде мән беріліп, нәтижесінде алдағы 2-3 жылдың ішінде қосымша 97 орталық ашу көзделуде. Қазіргі уақытта олардың қызметін жүйеге келтіру жұмыстары қолға алынуда. Жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов жауапты мамандарға бұл орталықтарды тиісті кадрлармен қамту мәселесін шешуді тапсырды.
— Талдау нәтижесі көрсеткендей, тұрмыстық құқықбұзушылық-тардың жартысын азаматтар мас күйінде жасайды екен. Ішімдік ішкен бұзақылар үшін уақытша бейімдеу және детоксикация орта-лықтары мен әкімшілік қамауға алынғандарды арнайы қабылдау орындары жұмыс істейді. Бірақ онда да орын тапшылығы бар. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған отбасыларға жүйелі түрде психологиялық көмек беру жұмыстары жүргізілмейді, — деген Үкімет басшысы осы олқылықтарға назар аудару қажеттігін қадап айтты. Сонымен қатар, ол ҚР Оқу-ағарту министрлігіне 2025 жылға дейін әр облыста балаларға арналған психологиялық қолдау орталықтарын ашу жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Н.АҚЫТЕГІ.