Елімізде азаматтардың өтініштеріне арналған жаңа сервис іске қосылды. Нақтысы, @TazaQazBot телеграм-чат-боты жұмыс істейді. Қоршаған ортаның тазалығына бейжай қарамайтын азаматтар туындаған мәселелер туралы дәл осы сервиске хабарлауына болады.

 

Мұндай жаңа сервисті Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Таза Қазақстан» акциясы аясында жасаған. Осылайша, құзырлы министрлік айналаны таза ұстап, тәртіпті сақтауға белсене қатысуға шақырып отыр. Жолдар мен саябақтардың, подъездердің санитарлық жағдайына көңіліңіз толмаса, жарықтандыруға, абаттандыруға қатысты мәселені аңғарсаңыз, телеграм-чат арқылы жолдауға болады. Сол арқылы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру көзделген.

Егер айналаңызда бейберекеттік, ретсіздікті байқасаңыз, фотоға түсіріп, нақты мекенжайын көрсетіп, телеграм-ботқа жібересіз. Мәселені де айқындап жазып кетуіңізге болады. Телеграм-ботты табу үшін телеграм әлеуметтік желісінен іздеу жолағынан @TazaQazBot деп іздейсіз. Телеграм-ботқа енген соң байланысқа көшу үшін «бастау» дегенге басасыз. Содан соң «Өтініш құру»-ды таңдайсыз. Сонда tazaqazaqstan.kz сайты ашылады. Ол жерде шығатын тізімнен өз өңіріңізді, тұрған жеріңізді таңдайсыз да «Жүктеу» батырмасы арқылы өтінішіңізге фотоны қосып жолдайсыз. Фотоны сайтта бірден түсіруге де мүмкіндік қарастырылған. «Одан әрі» батырмасын басып, өтінішіңізді жалғастырасыз. Байланыс нөмірін де көрсеткен жөн.

Министрліктің мәлімдеуінше, барлық ақпарат өтініш ретінде жергілікті атқарушы органнан айқындалған операторға түседі. Мұнда кері байланыс та қарастырылған. Яғни, жергілікті орган өтініштен кейін атқарылған жұмысты фотоға түсіріп, өтініш иесіне жолдайды. Ол тұрғын жұмыстардың сапасына баға бере алады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.