Бұған дейін хабарлағанымыздай, елімізде биыл 1 қаңтардан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлемақы берілмек. Бүгінгі таңда облыс бойынша осындай 57 мың адам бар. Ал оның нақты қаншасына жаңа төлемақы тағайындалатыны әзірге белгісіз. Себебі, ол жағын анықтауға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Бұл жөнінде кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.
«БЖЗҚ» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Владимир Питраковтың айтуынша, аймағымызда зиянды жұмыс орны саналатын 300-ге тарта мекеме бар. Оларға өңірдегі ірі зауыттар, өндіріс орын-дары, медициналық ұйымдар және өзге де мекемелер кіреді. Яғни, ауыр жұмыс істейтіндерге тау-кен, өңдеу өнеркәсібінде еңбек ететіндермен қатар, ультрадыбыстық зерттеу құрылғыларымен жұмыс істейтін ақ желеңділер де жатады екен.
— Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының деректері бойынша, елімізде 2024 жылы – 37 097, 2025 жылы – 42 287, 2026 жылы 47 182 адамның аталмыш арнайы төлемді алуға құқығы бар. Әлеуметтік төлем жұмыскерлердің жүгінген күнінен бастап тағайындалады және «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ ресімдейтін төлем тапсырмасы негізінде бірыңғай төлеммен жұмыскердің банктегі шотына түседі, — дейді Владимир Питраков.
Мамандар бұл әлеуметтік төлем кез келгенге бұйыра бермейтінін айтады. Оның заң бойынша бекітілген талап-тәртібін түсіндірген ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Алмагүл Мұхамедова:
— Жаңа төлем тағайындалатын азаматтардың жасы 55-ке толған болуы шарт. Сонымен қатар, олардың еңбек өтілі міндетті түрде кемінде 7 жылды құрауы тиіс. Осындай талапқа сай келетін әрі ауыр жұмыста істеген азаматтар ғана әлеуметтік төлемақы алуға үміткер бола алады, — дейді.
Айта кетерлігі, арнайы әлеу-меттік төлемдер зиянды жұмыс жағдайына байланысты екі және төрт көзден қаржыландырылатын болады. Нақтырақ айтқанда, респуб-ликалық бюджеттен, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті кәсіптік зейнетақы мен жинақталған зейнетақы жарналары есебінен, өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан және жұмыс берушілердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Төлем осы төрт көзден де алынған жағдайда азаматтарға ай сайын орта есеппен 208 мың теңге көлемінде төлемақы беріледі. Сондай-ақ, төлем алған адам зейнет жасына жетіп, зейнеткерлікке шыққаннан кейін бұл қаржылай қолдау тоқтатылатын болады.
Нұржайна ШОДЫР.