Жедел жәрдемде — видеожетон

Там 14, 2025

Бұдан былай облыстық жедел жәрдем станциясының мамандары шақыртуға видеожетонмен барады. Науқастың үйіне кірген сәттен бастап қызмет көрсету барысы толығымен заманауи құрылғыға жазылады. Бұл жаңашылдық медицина мамандарын науқас пен оның туыстары тарапынан орын алатын шабуыл, ұрыс-керістен қорғайды.

 

Бүгінде аймағымыздағы 103 қызметінің мамандары 100 пайыз видеожетонмен қамтылған. Шақыртуға шығатын 70 бригада жаңа құрылғыны қолдануды меңгерген. Облыстық жедел жәрдем станциясы басшысының орынбасары Ирина Мищенко видеожетондар шақырту кезінде тіркелетін келеңсіздіктің алдын алатынын айтады.

— Өкінішке қарай, қызмет барысында қоңырау шалған тұрғындар тарапынан шағым еститін кездер болады. Тіпті, диспетчердің кеңесін тыңдағысы келмей, дөрекілік танытатын адамдар бар. Шақыртуға барған жедел жәрдем мамандарына шабуыл жасайтын жағдайлар да тіркеледі. Қызметкерлердің ұялы телефонын сындырған жағдайлар кездесті. Қазір жедел жәрдем мамандары смартфон арқылы жұмыс істейді. Бұл құрылғы дәрігерге науқас туралы барлық мәліметті көруге мүмкіндік береді. Кейбір адамдар қызметкерді ұялы телефонға телміріп, науқасты дұрыс қарамайды деп ойлайды. Тіпті, жедел жәрдем көлігіне зақым келтіріп, медициналық құрылғыны бұзған жағдайлар да тіркеледі. Жыл басынан бері облыста жедел жәрдем қызметіне 3 шабуыл жасалды. Мұндай факті орын алғанда мәселеге полиция араласады, — дейді И.Мищенко.

Ирина Борисовнаның айтуынша, бір бригадаға бір видеожетон берілген. Жедел жәрдем қызметіндегі 70 бригаданың әрқайсысы құны 240 мың теңге тұратын құрылғымен жабдықталған. Мамандар күн сайын кем дегенде 1500 шақыртуға шығады. Күз мезгілінде вирустық инфекцияның таралуына байланысты шақыртулар саны көбейеді.

— Қызмет барысында жалған шақыртулар да орын алады. Бірақ қазір мұндай фактілердің саны азайып келеді. Көп жағдайда балалар ойнап қоңырау соғады. Көшеде жағдайы нашарлаған адамдар үшін жедел жәрдем шақыратын тұрғындар болады. Бірақ көпшілігі мамандар жеткенше науқастың жанында күтпейді. Салдарынан дәрігерлер жағдайы нашарлаған адамды табуда әбігерге түседі, — дейді И.Мищенко.

Жедел жәрдем станциясының дәрігері Ален Мұсабеков видеожетон мамандармен қатар науқастар үшін де қауіпсіздікті қамтамасыз ететінін айтады. Қызмет етіп жүрген 5 жылдың ішінде науқас және оның туыстары тарапынан шабуыл жасалған кездер орын алғанын жасырмады. Науқасты тексеру кезінде ішімдікке тойып алған ағасы мамандарға пышақ ала жүгірген. Дәрігер әлгі адаммен байланыспай, көмекке полицияны шақырған.

— Науқастың үйіне кірген сәтте видеожетонды қосамыз, қызмет көрсету барысы толығымен жазылады. Науқасқа да арадағы әңгіме видеоға жазылатынын ескертеміз. Үйден шыққан сәтте құрылғыны сөндіреміз. Құрылғы қуаттағыш арқылы жұмыс істейді. Күніне кем дегенде 20 шақырту қабылдаймын, — дейді дәрігер.

Жедел жәрдем станциясында 8 жыл жұмыс істеп жүрген дәрігер Павел Мельник қызмет барысында жүкті әйелдің күйеуі тарапынан шабуыл жасалғанын айтады.

— Жүктіліктің аз мерзіміндегі әйелді денсаулық жағдайына байланысты ауруханаға жеткізетін болдық. Ішімдік ішкен күйеуі біздің қызметімізге қарсылық көрсетті. Әйелін жедел жәрдемге отырғызып, ауруханаға жеткіздік. Күйеуі соңымыздан таксимен келіп, көлігіміздің терезесін сындырды. Біз полиция шақыруға мәжбүр болдық. Жалпы, қызмет барысында дөрекі сөйлесетін тұрғындар жиі кездеседі, — дейді дәрігер.

Еске сала кетейік, медицина саласындағы жаңашылдық Қостанай қаласында орын алған оқыс оқиғадан кейін қолға алынып отыр. Жұмыста жүріп, емделушіден оңбай таяқ жеген хирург жансақтау бөліміне түсіп, өмір мен өлім арасында арпалысқан болатын. Аймағымызда ауруханалардың қабылдау бөлімдеріне бейнебақылау жүйесі мен дабыл батырмалары да орнатылмақ. Жедел жәрдем қызметінің видеожетондармен қамтылуы мамандардың қауіпсіздігін арттырып, шақыруларды тіркеуге мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.