Жуырда «JEBE» қоғамдық бірлестігінің 10 жылдығы қарсаңында «QUIZ» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Қазақ тілінде өткізілген білімділер додасына 15 команда, жалпы саны 60 адам қатысты.
Интеллектуалдық алаңда түрлі тақырыпта шамамен 50-ге жуық сұрақ қойылды. Бұл ретте додаға түскендерге Павлодар облысының тарихы, Қаныш Сәтбаевтың өмірбаяны, әдебиетке қатысты сұрақтар қойылды. Мақал-мәтел құрастырылып, логика да сыналды. Қатысушылар топ болып бірігіп, берілген сұрақтарға 30-60 секунд аралығында тез әрі шапшаң жауап берді. Жарыс 2-2,5 сағатқа ұласты.
Интеллектуалдық ойынның сұрақтарын құрастырушы Ернар Сейтахмет «QUIZ»-да жылдам ойлау керектігін айтады. Оның сөзінше, қойылған сауалдардың 80 пайызы мектеп бағдарламасынан алынған. Сонымен қатар, күнделікті өмірдегі ізденістер де дұрыс жауапты табуға септігін тигізеді. Мақсат – адамдарды жаңа білім алуға, ізденуге шақыру. «JEBE» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Данияр Жұмаділов «QUIZ» интеллектуалдық ойыны адамның миын жан-жақты қозғайтын ерекше жоба екенін атап өтті.
— «QUIZ» интеллектуалдық ойыны тек Павлодар қаласында ғана өтпеуі тиіс. Адам миын шайқайтын жобаны жиі өткізудің маңызы зор деп білемін. Сондықтан бұл ойынды облыстың әрбір қаласында, аудандарда, ауылдық деңгейде ұйымдастыру керек. Өйткені, ауылдарда білімді жас көп. Алдағы уақытта интеллектуалдық ойынды облыстық деңгейге шығарсақ деген жоспарымыз бар, — дейді Д.Жұмаділов.
Ойын қорытындысы бойынша 15 команданың ішінен суырылып шыққан «Сана саңлақтары» командасы жеңімпаз атанды. Жүлделі орынға ие болған командаларға ақшалай сыйлық табысталды. Қатысушыларға құнды кітаптар тарту етілді. Атап өтерлігі, «QUIZ» интеллектуалдық ойынына «Saryarqa samaly» газетінің журналистері де қатысып, ұйымдастырушылардың арнайы жүлдесіне ие болды.
Алпысбай ХОНЖ, жеңімпаз:
— «QUIZ»-дан бірінші орын алып, жеңімпаз атандық. Ойын өте тартысты әрі қызықты өтті. Жауабын таба алмаған сұрақтар да болды. Қазақ тілін дамытуда осындай сайыстарды жиі өткізу қажет. Интеллектуалдық ойынды жастар, ұстаздар, оқушылар, мекеме қызметкерлері ара-сында ұйымдастыру маңызды. Ойында жас ерекшелігіне шектеу қойылмағаны ұнады. Күнделікті тіршілікпен жүріп, оқыған дүниелерімізді ұмытыңқырап қалыппыз. Бұл жоба жедел ойлау дағдыларын жетілдірді.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.