Жуырда Республика күніне орай «Жастар рухы» жастар қанаты Павлодар қаласында «Менің елім – менің туым» атты акциясын өткізді.
Аталмыш шара жас ұрпақтың адамгершілік-патриоттық тәрбиесін нығайтуға және оның азаматтық белсенділігін арттыруға арналды. «Менің елім – менің туым» акциясы Павлодарда Торайғыров университетінің қабырғасында басталды. Жатақхана ғимаратының балкондарында студенттер өздерінің патриоттық сезімдерін білдіріп, елдің басты белгісін ілді. Бастама 25 қазан, яғни бүгінге дейін жалғасады.
— Біздің идеямызды көптеген жас қолдады. Енді аспан түстес көк Туымызбен ғимараттардың қасбеттерін, стендтерін, қалқандары мен билбордтарын безендірдік. Суретшілер өз жұмыстарын әлеуметтік желілер арқылы көрсетуде. Осылайша, жас қазақстандықтар Отанға деген сүйіспеншілігі мен құрметін, сондай-ақ жаңа жетістіктерге дайын екендіктерін білдірді, — дейді «AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Бәкіжан Кәкім.
Өз тілшіміз.