1986 жылы елімізде орын алған Желтоқсан оқиғасы – қазақ жастарының ерлігі мен батылдығының айғағы. Сол алаңға шыққан әрбір жас өз намысын қорғаумен қатар, тәуелсіздікке бастар жолдың іргетасын қалады. Бүгінгі ұрпақ үшін бұл оқиға – ұлт санасын оятқан, азаматтық пен ұлттық жауапкершіліктің айқын үлгісі. Жуырда сол оқиғаға қатысқан желтоқсаншы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулинамен сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгіме барысында көрген-білгені мен ой-пікірін тыңдадық.
— Айман Файзоллақызы, 1986 жылы орын алған Желтоқсан оқиғасына биыл 39 жыл толып отыр екен. Жалпы, алаңға шыққан жастардың мақсаты қандай еді? Әңгімемізді осы сауалдан бастасақ…
— 1986 жылдың ызғарлы желтоқ-саны қазақ жастарының азаматтық ұстанымын айқын көрсеткен тарихи белес ретінде тарих беттерінде қалды. Алматыдағы орталық алаңға жиналған мыңдаған жасқа ортақ бір мақсат болды. Ол — ұлттық намысты қорғау және әділетсіз шешімге қарсылық білдіру.
Жастардың алаңға шығуына Мәскеудің Қазақстанға сырттан басшы тағайындау туралы шешімі түрткі болды. Бұл қадам сол кезеңдегі орталықтың республиканың ішкі жағдайына, халықтың пікіріне мән бермейтінін анық көрсетті. Ал мұндай әділетсіздікке үнсіз қалу жастар үшін мүмкін емес еді.
Алаңға шыққан буынның ұмтылыстары бірнеше маңызды бағытта тоғысты. Біріншіден, ұлттық қадір-қасиетті қорғау. Жастар «Өз елін өз азаматтары басқаруы тиіс» деген қарапайым әрі әділетті талап қойды. Қазақ халқының мемлекеттік басқарудағы орны мен құқықтары сақталуы керек деген ұстаным басым еді. Екіншіден, әділдікке деген талпыныс. Олар республиканың тағдыры сырттан шешілмеуі тиіс екенін ашық айтты. Кеңестік жүйедегі теңсіздік пен ұлттық мүдденің ескерілмеуі жастардың наразылығын күшейте түсті. Үшіншіден, ұлт санасын ояту. Желтоқсанға қатысқан мыңдаған жас өз әрекетімен қоғамдағы қорқыныш қабатын бұзып, халықты ойлануға, өз дауысын білдіруге шақырды. Бұл қадам кейінгі ұлттық серпіліске жол ашты. Төртіншіден, азаматтық жауапкершілік. Студенттердің көпшілігі елдің келешегін өз болаша-ғымен байланыстырды. Олар Қазақстанның тағдырына бейжай қара-майтынын дәлелдеп, қоғамдағы саяси өзгерістердің алғышартын жасады.
Желтоқсан оқиғасы бір күндік толқу емес, еркіндікке, ұлттық бірлікке, және өз тағдырын өзі шешуге деген ұмтылыстың көрінісі болды. Сол күнгі жастардың мақсаты төңкеріс жасау емес, қазақ халқының намысын қорғау және әділдікке жету еді. Олардың батылдығы мен ұстанымы кейінгі тәуелсіздік идеясын қалыптастыруға серпін берді.
– Тәуелсіздікке келу жолында Желтоқсанның рөлі қандай болды деп ойлайсыз?
– Желтоқсан оқиғасы бірден саяси шешім қабылдатпағанымен, тәуелсіздіктің рухани және тарихи негізін қалаған маңызды бетбұрыс болды. Сол желтоқсан күндері алаңға шыққан жастардың батылдығы мен ерлігі бүкіл Қазақстанға ғана емес, басқа одақтас республикаларға да әсер етті. Қазақ жастарының әділетсіздікке қарсы тұруын көрген өзге елдің халықтары өз тәуелсіздігі мен ұлттық құқығы туралы ойлай бастады.
Халық бұрынғыдай үнсіз отырмай, өз пікірін білдіре алатынын дәлелдеді. Бұл көтеріліс қоғамдағы ұлттық сананың оянуы мен рухани серпілістің бастауы болды. Сол сәттен кейін қазақ жастарының еркіндікке, әділдікке және өз тағдырына жауапкершілікпен қарау ұмтылысы күшейді.
Тәуелсіз Қазақстанның моральдік және рухани іргетасы дәл осы алаңда қаланды деп сеніммен айтуға болады. Бұл – Тәуелсіздікке бастар жолдағы алғашқы, ауыр, бірақ бағалы қадам, халық тарихында мәңгі есте қалатын кезең.
– Ал қазақ қоғамына қандай өзгеріс алып келді?
— Желтоқсаннан кейін қоғамның ішкі құрылымы, ойлау жүйесі түбегейлі өзгерді. Сол күнге дейін адамдар өз ойын ашық айтуға қорқатын, ұлттық мәселелерді көтеру қауіпті саналатын. Ал Желтоқсан алаңына шыққан жастар бүкіл халыққа «өз құқығыңды қорғауға болады» деген ойды сіңірді.
Оқиғадан кейін ұлттық сана күрт өсті. Қазақ тілін сақтау, тарихты қайта зерделеу, ұлттық мәдениетті дамыту мәселелері алдыңғы қатарға шықты. Адамдар өз өткеніне қызығушылық танытып, ұлт ретінде қалыптасуға нақты қадамдар жасай бастады. Бір сөзбен айтқанда, Желтоқсан қоғамдағы боямасыз шындықты көрсетті және қазақтың жасырын жатқан рухын тірілтті.
– Желтоқсан оқиғасына нақты қанша адам қатысты деген сұрақ жиі айтылады. Сіз қандай дерекке сүйенесіз?
– Нақты санын айту қиын, өйткені деректер әртүрлі. Бір деректе 2 мың, бірінде 3 мың адам қатысты деп көрсетілген. Дегенмен, меніңше, қатысушылар саны кем дегенде 100 мыңға жуық болды. Олардың барлығының есімі ресми түрде тіркелмегенімен, сол күнгі батылдығы мен ерлігі Қазақстан тарихында мәңгі қалды.
– Бүгінде желтоқсаншы-ларды «ақталған» немесе «ақталмаған» деп бөліп жатады. Бұл туралы не ойлайсыз?
– Бұл мәселе желтоқсаншылар үшін өте ауыр. Себебі, ешкім алаңға марапат алу үшін немесе көпке танылу үшін шыққан жоқ. Олар өз халқының намысын, ұлттық қадір-қасиетін қорғау мақсатында шықты. Сол кезде әрбір жас өз жүрегімен, рухымен, адал ниетпен тұрды. Барлығы қазақ халқының батыр жастары, әділет үшін күрескен азаматтар еді.
Бүгінде кейбіреулер «Мынау ақталған, анау ақталмаған» деп оларды санаттарға бөледі. Алайда әрбір желтоқсаншының ерлігі мен батылдығы өз дәрежесінде бағалануы тиіс. Ол күні алаңда әрбір жас тәуелсіздікке апаратын жолдағы маңызды ұстанымды көрсетті, ұлт намысын қорғады және қоғамдағы әділдікке үн қосты. Сондықтан біз барлық қатысушыларды бірдей құрметтеп, олардың әрқайсысын елдің тәуелсіздігі жолында күрескен тарихи тұлға ретінде бағалауымыз керек. Бұл – өткенге әділдік, болашаққа рухани сабақ болар маңызды қағида.
– Желтоқсан оқиғасы оқулықтарда қаншалықты дұрыс қамтылып отыр деп ойлайсыз?
– Шындықты айту керек, қазіргі уақытта оқулықтарда Желтоқсан оқиғасы толық ашылмаған. Оқушыларға тек жалпылама ақпарат беріледі, ал оқиғаның мәні, себептері мен салдары, сондай-ақ қатысушылардың тағдыры түгел қамтылмайды. Желтоқсан – тек бір күндік көтеріліс емес, бұл балалар үшін батылдықтың, ұлтшылдықтың, азаматтық позицияның белгісі болуы керек. Алайда оған арнайы тараулар, жан-жақты зерттеулер әлі жеткіліксіз.
Тарихшылар бұл оқиғаны әлі толық зерттеп болған жоқ. Жүздеген қатысушының есімі әлі күнге дейін аталмай отыр. Біз тек Қайрат, Ләззат, Сәбира сияқты белгілі тұлғаларды ғана білеміз, ал қалған жастардың ерлігі, күресі, тағдыры әлі тарих бетінде жасырылған. Сол себепті Желтоқсан оқиғасы тарихқа әділ қарау, ұмыт қалмас батылдықты бағалау міндетін еске салады.
Кезінде «Қызғыш құс», «Аллажар» фильмдері көрсетілімнен алынып тасталды. Бірақ бүгінде жағдай өзгерді. Соңғы жылдары Жақсыбай Самраттың «Бітеу жарасы», Мұхтар Шахановтың «Желтоқсан эпопеясы», «Мен көрген Желтоқсан» сияқты бірнеше маңызды еңбек жарық көрді.
Дегенмен, әлі де айтылмаған шындық көп. Келесі жылы оқиғаға 40 жыл толады. Осыған орай Павлодар облысындағы желтоқсан-шылармен бірлесіп, сол кезеңде көзбен көрген оқиға мен әрекеттерді бүгінгі қоғамға ашып жеткізу арқылы кітап шығару мақсаты қойылып отыр.
– Ал ұлттық идеология туралы не айта аласыз?
– Ұлттық идеология – мемле-кеттің рухани өзегі. Егер ұлттың тілі, діні, ділі, салт-дәстүрі әлсі-ресе, мемлекеттің де тірегі босай бастайды. Бүгінде осы құндылықтарды насихаттау мен түсіндіруде олқылықтар бар. Сондықтан ұлттық идеологияны тек сөзбен емес, нақты іспен қалыптастыруымыз керек.
Мысалы, Алаш қайраткерлері қозғаған ұлттық түйткілдер Желтоқсан оқиғасында да көтерілді. Бұл мәселелер бүгінде де өзекті күйінде тұр. Демек, біз әлі де ұлттық негізімізді толық қалыптастыра алған жоқпыз.
Қазақ халқының үлкен рухани байлығы – «обал болады», «ұят болады», «сауап болады» деген үш қасиет. Осы үш ұстаным ұрпақ бойына сіңгенде ғана ұлт өзінің рухани тірегін сақтайды. Бұл қасиеттер – тұтас бір идеологияның негізі. Егер олар күнделікті өмірге енгізілсе, ұлт ешқашан әлсіремейді және тәуелсіздік құндылықтары тұрақты болады.
– Ұлт ретінде сақталып қалу үшін не істеу керек?
– Ұлттың сақталуы – тек мемлекет немесе ұйымның міндеті емес, әрбір адамның жеке жауапкершілігі. Біз өзіміздің тілімізді, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық киім мен күнделікті әдет-ғұрпымызды сақтау арқылы ғана ұлт ретінде өмір сүре аламыз. Ұлттық білім беру, ұлттық ойлау, ұлттық қарым-қатынас — бәрі тәуелсіздік идеологиясының негізгі тіректері болып саналады.
Егер бұл құндылықтар күнделікті өмірде нақты көрініс тапса, ұлт ешқашан жоғалмайды. Мысалы, мектепте ұлттық тарих пен дәстүрді үйрету, отбасында ұрпаққа ұлттық тәрбиені жалғастыру, қоғамда өз мәдениетімізді дәріптеу – осының барлығы ұлттық сананы нығайтады.
— Әңгімеңізге рақмет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болсын!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
