Желтоқсан оқиғасы не берді?

Жел 11, 2025

Тәуелсіздік оңайлықпен келмегені тарихтан белгілі. Бұл күнге жету жолында бодандыққа қарсы бұлқынған талай боздақ елі үшін жанын қиды. Ата-бабамыз адам айтқысыз аянышты күндерді басынан өткерді. Соның нәтижесінде, мың өліп, мың тірілген қайсар қазақ жылдар бойы аңсаған арманына қол жеткізді. Яғни, Тәуелсіздік алып, дербес мемлекет атанды.

Иә, азаттық жолындағы күрес ғасырларға жалғасқанын білеміз. Алайда соның ақырғысы – 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» екені белгілі. Сонымен, бұл саяси толқу бізге не берді? Жас буын нені білуі тиіс? Осы сұрақтарды көпті көрген, айтары бар азаматтарға қойып көрген едік.

Балжан СОЛТАНҚЫЗЫ, Баянауыл ауданының тұрғыны, Желтоқсаншы:

– «Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ», – демекші, жыл сайын Тәуелсіздік күні қарсаңында ызғарлы «Желтоқсан оқиғасы» еріксіз еске түседі. Мен де жылдар бойы көзден кетсе де, көңілден кетпейтін осы көтерілістің басы-қасында болған жандардың бірімін. Өткен күнге оралар  болсам, 1984 жылы Алматы полиграфия училищесін тәмамдап, баспа фабри-касында корректор болып жұмысқа орналастым. Дос қыздармен бірге жатақханада тұрып жаттым. Сөйтіп, арада екі жыл өткеннен кейін, яғни 1986 жылдың 16 желтоқсанында қазақ жастарының алаңға шыққанын естідік. Ертеңінде таңертең біз де үн қосайық деген оймен бейбіт шеруге аттандық. Бірақ бұзақылық жасау туралы мүлдем арам ой болған жоқ. Отан туралы ән шырқап, орталыққа жеткеніміз сол еді, таяққа іліндік. Арқама тиген ауыр соққының ізі әлі күнге дейін қалып қойды.

Ең бастысы, бүгінде осынау қорқынышты күндер артта қалып, қазағым Тәуелсіздікке қол жеткізді. Осы жолға жету үшін жанын пида еткен «Желтоқсан құрбандарының» есімдері ешқашан ұмыт болмауы тиіс. Соңғы жылдары 16 желтоқсанда осындай боздақтарымызды еске алуға басымдық берілгені дұрыс шешім болды.

Ал «Желтоқсан оқиғасы не берді?» дегенге тоқталар болсақ, бұл күн азаттық жолындағы алғашқы қадам, Тәуелсіздік әкелген отты оқиға ретінде тарихта қалды. Соның нәтижесінде, жылдар бойы бодандықта болған қазақ халқы бостандық алып, жеке мемлекет атанды. Төрткүл дүниенің әр бұрышына тарыдай шашылған қазақтар атажұртына ағылды, ағайын-туысымен қауышты.

Осылайша, туған еліміздің Туы биікте желбіреп, Әнұранымыз шырқалды. Ана тілінің аясы кеңейіп, қазақ мектептерінің саны артты. Балалар өз тілінде білім алуда. Біз үшін бұдан асқан бақыт та, бұдан артық құндылық та жоқ. Бабаларымыздың арманы да осы еді. Енді тәу еткен Тәуелсіздігіміз мәңгілік болып, жас ұрпақ көк туымызды биікте ұстаса екен деген тілегім ғана бар.

 

Қаршыға ШАЯХМЕТОВ,  «Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, Ақсу қаласының Құрметті азаматы:

– Түсінген адам үшін «Желтоқсан оқиғасының» мән-маңызы тереңде. Қазіргі таңда осы саяси толқудың арқасында еліміз Тәуелсіздік алып, ешкімге жалтақтамай жеке мемлекет болып отырған жайымыз бар.

Шыны керек, біздің жастық шағымыз кеңес дәуірінде өтті. Бірақ есейіп, ес жия бастаған кезде таным-түсінігіміз де өзгерді. Туған елге, халыққа деген жанашырлық сезімі жүректі баурап алды. Сол уақытта президиумдарда жиналыс өткізгендердің қатарында қазақтар болса қуанып қалатынбыз. Кейін қызметке кіріскен кезде билік басында «өз азаматымыз» отырса екен деген асқақ арман болды.

Тәубе! Міне, бүгінде бұл күнге де жеттік. Тәуелсіздік алғанда төбеміз көкке екі елі жетпей қалды десем де болады. Қатты қуандық. Қуаныштан қолыма қалам алып, өлең жазғаным бар.

Бір сөзбен айтқанда, егемендіктің арқасында қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман туды десем де болады. Шүкір, еліміз тыныш. Халықтың жағдайы да жақсы. Дастарханымыз мол. Не керек, бәрі бар. Осының барлығы Тәуелсіздіктің және Мемлекет басшысы берік ұстап отырған сарабдал  саясаттың жемісі екенін түсінуіміз керек. Сол үшін жас ұрпаққа елдігіміз бен теңдігімізді сақтаңдар, барды бағалай біліңдер, дегім келеді.

Өкінішке қарай, жан-жағымыздағы кейбір шет мемлекеттер бір-бірімен соғысуда. Ондағы адамдар бейбіт күнге зар болып, еңіреп отыр. Олардың жағдайын естігенде жүрегің ауырады, әрине.

Аллам мұндай қасіретті қазағыма, ұрпағыма көрсетпесін деп тілеймін. Отанымыз тыныш, жұртымыз аман, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай!

Қарлығаш АЙТЖАНОВА,  Павлодар қаласының тұрғыны, Желтоқсаншы:

– Сонау 1986 жылғы ызғарлы «Желтоқсан оқиға-сына» мен де қатыстым. Сол кезде Алматыдағы
Қазақ қыздар педагогикалық институтының мектепке дейінгі білім беру факультетінде 2-курста оқып жүрген болатынмын. Бір күні ұлтжанды қазақ жастарының азаттық үшін алаңға шығатынын естіп, группадағы барлық қыз үн қосуға бардық. Сөйтіп, таңнан кеш батқанға дейін жүрдік. Әбден қараңғы түскенде жанымыздағы 3 қызды жоғалтып алдық. Қалғанымыз алаңдағы аянышты жағдайды көзбен көріп, жанымыз ауырып, жатақханаға әзер жеттік. Бірнеше күн өткеннен кейін әлгі қыздар да келді. Оларды қамап тастаған екен. Таяқ жеген, денелері көгерген. Бірі оқудан шығып кетті. Бірақ біз оны ұмытқан жоқпыз, осы күнге дейін араласып тұрамыз. Былтыр Алматыда группаластар бас қосып едік, солардың барлығы келді. Өткен күндерді еске алдық, жыладық, қуандық дегендей…

Бір анығы, жүректе сызы қалған «Желтоқсан оқиғасы» ешқашан ұмытылмайды екен. Содан бері 40 жылға жуық уақыт өтсе де, сол бір тарихи сәт көз алдымызда сайрап тұр. Бұған қарап-ақ, елімізге елдік пен теңдік үлкен күреспен келгенін түсінген жөн және осыны өзгелердің де   жүрегіне жеткізе білуіміз керек. Сонда ғана Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болады деп ойлаймын. Мен өзім мектепте 3-сынып оқушы-ларына сабақ беремін. Жақында оларға басымнан өткен жағдайды айтып, видеоларды көрсетіп едім, әлгі кішкентай балалардың өзі көңілі босап, жылап қалды. Бұл жағдай менің де жанымды тебірентті. Бұдан былай, осы балаларымыз, ұрпағымыз мұндай қиындық көрмесін, жыламасын деп тілейміз.

«Желтоқсан оқиғасы» берген ең асыл құндылық – Тәуелсіздік! Соның нәтижесінде жеке ел болып, туған тіліміз бен дініміз қайта оралды. Ұлт мерейі өсіп, рухымыз көтерілді. Осы күнге жеткенімізге шүкір етемін!

Сауалнаманы жүргізген – Нұржайна ШОДЫР.