Қазақстанда енді сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тек жемқорлардың өзіне емес, олардың туыстарына да қатаң шара қолданылып, бар мүлкі тәркіленуі мүмкін. Егер туыстардың атына жазылған мүліктің заңды жолмен алынғаны дәлелденбесе, ол мемлекет меншігіне өтеді. Бұл бастаманы жуырда ҚР Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов көтеріп, Бас прокурор Берік Асыловқа тиісті хат жолдады. Бірақ бұл ұсынысқа қарсылық танытқандар да табылды. Жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу қаншалықты дұрыс? Осы сауал төңірегінде «Алаң» айдарында аталмыш ұсынысты саралап көрдік.
Бәкір ДЕМЕУОВ, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы:
– Егер жемқордың ісі заңды түрде дәлелденсе, онда осы ұсынысты құптаймын. Өйткені қоғамымызда мұндай жағдайлар әбден көбейіп кетті. Ал жемқорлық бар жерде ешқашан мемлекет алға дами алмайды. Керісінше, бұл мәселе мемлекеттің дамуын тежейді. Қоғамды алға сүйреуге арналған, талай істің бастамасына айналуы тиіс шаралар осының салдарынан бір орыннан жылжымай жатқаны өкінішті. Сондықтан аталмыш іс бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілеу керек. Олар сеніп тапсырылған қазына қаржысын талан-таражға салып, өз мүддесі үшін жұмсап, ал мемлекет осы үшін неге өз дамуынан тежелуі керек? Біз жемқорға әрқашан да қатал болуымыз қажет.
Шыны керек, елімізде қолында билігі бар тұлғалардың туыстары түгіл, олардың өздерінің де дүние-мүлкі табыс декларациясына түгел ене бермейді. Олар соны пайдаланып, жақын туыстарының атына жылжымайтын мүлікті тіркеп қояды. Сондықтан жемқорлық бойынша істі болғандардың туған-туыс, жақын-жуығының да дүние-мүлкін тәркілеу қоғамға пайдалы іс болмақ.
Дариға БЕЙСЕНБЕКОВА, нотариус:
– Әлемде жемқорлардың туыстарының дүние-мүлкін тәркілейтін елдер бар. Мәселен, Беларусь мемлекетінде заң солай. Кімде-кім жемқорлық фактісі бойынша ұсталып жазаланатын болса, оның туыстарының да дүние-мүлкі есепке алынып, тәркіленеді. Ал біздің елде мұндай заң қабылданбаған.
Негізі, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, 366-ыншы (Пара алу) және 361-інші бап (Лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) баптар бар. Бұл баптарда кінәлі тұлғалардың мүлкін тәркілеу мүмкіндігі көзделген. Алайда туыстардың мүлкін тәркілеу үшін олар мүлікті заңсыз жолмен алғаны дәлелденуі қажет. Бұл жағдайда сот нақты дәлелдерге сүйеніп қана шешім қабылдай алады.
Жемқордың туыстарының мүлкін тәркілеу мәселесі құқықтық тұрғыдан мұқият қарауды талап етеді. Мұндай әрекеттер тек нақты дәлелдер мен заңды негіздер болған жағдайда жүзеге асырылуы тиіс. Елімізде құқық қорғау орындары, қадағалаушы орындар жетерлік. Сол себепті, тоқсан сайын тексеру жұмыстарын жүргізіп, қоғамда жемқорлық орын алмауы үшін жұмыс істеу керек.
Мәдина БАЙСАЛБАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:
– Әрине, жемқорлықты тыю үшін қандай шараға барсақ та артық емес. Бірақ дәл осы мәселені жан-жақты ойластыру қажет. Рас, жемқорлық бойынша сотталғандардың туыстарының да дүние-мүлкін тәркілейтін елдер баршылық. Дегенмен біз әрбір жазаны қолданбас бұрын адам құқығының бұзылмауын естен шығармауымыз керек. Кез келген мәселеге адам құқығы тұрғысынан қарап, оның қатаң сақталуын қадағалауымыз керек. Мәселен, кейбір тұлғалар туған-туысымен араласпайды, жақын-жуығына қарайласпайды. Ал ертеңгі күні сол тұлға жемқор ретінде жазаланып жатса, оның туысқанының дүние-мүлкін тәркілеу оның құқығын бұзу болып табылмай ма? Бәлкім, оның туысқаны өз еңбегімен дүние-мүлік жиған шығар немесе өзінің жеке кәсібі бар шығар. Соны дөңгелетіп, тірлігін енді жолға қойып келе жатқан шығар.
Мұндай жағдайда «сен соның туысы екенсің» деп, өз маңдай терімен тапқан дүние-мүлкін тәркілеу оның құқығын бұзу болып табылмай ма?! Неге ол туысқаны үшін жауап беруі керек? Сондықтан өз басым жемқорлық бойынша істі болғандардың туған-туысының да дүние-мүлкін тәркілеу дұрыс емес деп санаймын.
«Алаңды» үйлестірген – Айдана БОРАНБАЕВА.