Біріміз жер алып, үй салғымыз келеді. Біріміз ауыл шаруашылығы саласында бағымызды сынап көргіміз келеді. Егін шаруашылығы болса, ауқымды алқап, мал шаруашылығы болса, жайылымдық жер қажет етіледі. Міне, осындай қажеттіліктер үшін жер алудың өзіндік талабы мен тәртібі барын білесіздер. Әрине, заң талаптары заман ағымына, сұранысына қарай өзгеріп тұруы да – заңдылық. Осы ретте, жер қатынастары бағытында елімізде соңғы жылдары қандай өзгерістер орын алды? Ата заңымызда жазылған әр азаматтың тегін 10 сотық жер алу құқығын қалай пайдалануға болады? Жердің мақсатын ауыстырып, басқаша кәдеге жаратуға рұқсат па? Пайдалануға алып, бірақ, игермесеңіз, қандай шара қолданылуы мүмкін? Осы және өзге де сауалдарға «Тікелей желі» барысында жауап іздеп көрдік. Эфир қонағы – облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Қабылжапарұлы Хамитов.
Тілші сауалы:
— Мұрат Қабылжапарұлы, нарық талабына, сұранысқа қарай, жалпы саланы реттеу мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіліп тұратыны белгілі. Осы ретте, қатынастары бағы-тында елімізде қабылданған соңғы өзгерістерге тоқталсаңыз…
Мұрат ХАМИТОВ:
— Иә, ол рас, кез келген саланың ілгерілеуі үшін заман талабына қарай өзгерістер енгізіледі. Яғни, өмір ағымынан қалыспай, қатар аяқ басып отыруы қажет. Жер туралы заң 2013 жылы, Жер кодексі одан кейін қабылданды. Біраз уақыт өтті. Сондықтан, соңғы бірнеше жылда заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, 2024 жылы ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жайылымдарды пайда-лану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Жер кодексіне, Жайылымдар туралы Заңға бірқатар өзгеріс мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер өткен жылы сәуірде күшіне енді. Солардың бір парасына тоқталсақ, жайылымдардың жаңа кіші түрі – қоғамдық жайылымдар деген түсінік енгізілді. Бұл елді мекендердің іргелес аума-ғында орналасқан және мемлекеттік меншіктегі, жеке ауладағы ауыл шаруашылығы малдарын жаюға арналған. Жайылымдық жерлер жоспарына енген бұл аумақтарды акцион немесе конкурспен басқа түрге ауыстыруға болмайды. Егістікке жекеменшікке беруге болмайды. Сонымен қатар, халықтың мал жаюы және шалғайдағы мал шаруашылығы үшін жайылымдарды өтеусіз беру нормасы алынып тасталды. Яғни жайылымдар уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен конкурс арқылы ғана беріледі.
Сонымен қатар, жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың міндеттері туралы бап бірқатар тармақпен толықтырылды. Мәселен, олар жердің құнарлығын сақтауға міндеттеліп отыр. Яғни, жер телімдері адам өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейтін деңгейде кәдеге жаратылуы тиіс. Сонымен қатар, жер белгіленген мақсатында ғана пайдаланылуы қажет. Жайылымдық жер ретінде берілді ме, оны егін егуге бағыттауға болмайды.
Тілші сауалы:
— Бірнеше жыл бұрын ел Президенті игерілмей жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін айтқан болатын. Осы ретте, Павлодар облысында қанша гектар жер игерілмеуде? Қаншасы соңғы уақытта мемлекетке қайтарылды?
— 2022 жылы игерілмей жатқан жерлерді қайтару тапсырмасы берілді. Президент Халыққа Жолдауында осы мәселені көтерді. Құзырлы органдарға игерілмеген немесе заңсыз берілген жерлерді мемлекетке қайтару қажеттігі тапсырылды. Облысымызда 2023 жылы 380 мың гектар, 2024 жылы 148,9 мың гектар жер қайтарылды. Негізі, өткен жылы жоспар 140 мың гектарға белгіленген еді. Жоспар асыра орындалды. Қайтарылған жердің елу пайыздан астамы жалға алу мерзімінің аяқталуына байланысты қайтарылды. Себебі, заң талаптарына сәйкес оларды қайта жалғастыру құқығы болмады. Мемлекет меншігіне қайтарылған бұл жерлердің 26 пайызы конкурс арқылы халыққа таратылды. Яғни, ауыл шаруашылығымен айналысуға ниетті азаматтарға конкурс арқылы, жер комиссияларының шешімімен берілді.
Тілші сауалы:
— Жалға берілген мерзімі қандай жағдайда ұзартылмайды?
— Заңнамаға өзгерістер енгізілмей тұрған кезде Жер кодексінің 36-бабымен 5 жылға дейін жайылымдық жерлерді конкурссыз беру құқығы болған еді. Бұл бап алынып тасталды. Бұрын жайылымдық жерлердің көбі конкурссыз таратылып келген. Сол кезде 5 жылға дейін конкурссыз беріліп келді. Оларды ұзартуға да рұқсат болатын. Бірақ, мұнда жемқорлық белгілері бар деген тұжырым жасалып, кодекске өзгеріс енгізілді. Енді бүкіл жайылымдық жерлер тек конкурс арқылы үлестіріледі. Демек, кезінде 36-баппен берілгендердің мерзімі аяқталса, оны ұзартуға болмайды. Жер телімі конкурсқа қойылады, бұрынғы иесі де оған қатысып, қайтадан пайдалану құқығын ала алады.
Кодекстің 37-бабымен конкурс арқылы ауыл шаруашылығы мақсатында 10-нан 49 жылға дейінгі мерзімге берілген. Олар, ең бастысы, алған жерлерін игеруі, мақсатты пайдалануы тиіс. Конкурста ұтқаннан кейін жерді пайдаланушы мен жергілікті орган арасында шарт жасалады. Осы құжатта көрсетілген міндеттерді пайдаланушылар орындауы керек. Яғни, салығын, пайдаланғаны үшін ақысын төлеуі, жердің сапасын төмендетпеуі қажет. Құнарлығын арттыру шараларын жасауы тиіс. Міндеттер орындалмаса, тиісті құжаттарды жинап, жер инспекциясына жібереміз. Инспекцияның ескертулерін ескермесе, сот арқылы жерді мемлекет меншігіне қайтарылады. №37 баппен берілген жерді жалға алу мерзімі аяқталуға үш ай қалғанда иесі өтініш білдіруіне болады. Егер ол барлық талаптарды орындап отырса, комиссия мерзімін ұзартады. Жалпы, Жер комитеті міндеттерді бұлжытпай орындаушылардың мерзімі өтіп кетсе де, өтініштерін қанағаттандыру қажеттігін ескерткен еді. Себебі, тауар өндіруші қаншама адамға жұмыс орнын беріп, қазынаға салық төлеп, ауылды көркейтуге үлес қосып отыр.
Тілші сауалы:
— Игерілмей жатқан жерлерді қайтару науқаны басталғанын естіген шаруалар, азаматтар иелігіндегі жерлерді кәдеге жаратуға бет бұрды ма?
— 2022-2023 жылдары мұндай игерілмей жатқан жерлер көп болды. «Ғарыш сапары» арқылы картаға түсіріледі. Игерілмегені көрінсе, ескерту жіберіледі. «Игермесеңіз, мемлекетке қайтарылады» деп жіберілген соң жер пайдаланушылар іске кірісіп жатыр. Тіпті, сот шешімі шыққанша, әрекет етіп үлгергендер бар. Яғни, бірі иелігіндегі егістік жерді жыртып, егін салса, бірі мал сатып алып, жайылымдық жерін кәдеге жаратуда. Мұндайда сот мемлекетке қайтару жөнінде шешім шығар-майды.
Тілші сауалы:
— Жалпы, ауыл шаруашылығы бағытында және қазба байлықтарын өндіруге жер қанша уақытқа беріледі?
— Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер 10-нан 49 жылға дейін беріледі. Жер қойнауын пайдаланушыларға лицензия немесе рұқсаттама қанша жылға берілсе, жердің жалға берілу мерзімі осыған байланысты айқындалады.
Тілші сауалы:
— Игерілмей жатқан жерлерді қалай анықтайсыздар?
— Әр ауданда жер қатынастары бөлімі бар. Бөлім жерді аукцион, конкурс арқылы таратқанда жер пайдаланушымен шартқа отырады. Сол шарт бойынша міндеттердің тиісінше атқарылуына тексеру жүргізе алады. Біздің басқармада мұндай құқық жоқ. Біз теориялық түсіндірме беріп, көмектесе аламыз. Сараптамалық есеп жүргіземіз. Нақты жергілікті органдар бақы-лайды. Жер пайдаланушы статистика, әділет органдарына есеп тапсырады. Сол мекемелерден мәлімет алып, камералдық талдау жасаймыз. «Ғарыш сапары» АҚ-да жер инспекторы деген құралы бар. Аспаннан жерді көктемде жайылым көгергенде, мал шыққанда, егістікті жыртқанда зерттеп, картасын түсіріп алады да бізге жібереді. Ветеринария органдарында мал санының электронды базалары бар, арнайы формуламен жайылымдық жерлердегі мал есебі шығарылады.
Нұрбек:
— Ауылдың малы жайылатын жерлерді жекеменшік бизнеске беру мәселесі қалай шешілуде? Жақын жерлерді ауылдықтардан шаруашылыққа беру тәжірибесі тыйылды ма?
— Заңнамаға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес елді мекеннің жерлерін ауылшаруашылық мақсатына беруге болмайды. Ауылдың шекарасына тиіп тұрған жерлерді ең алдымен халықтың мұқтажына керек деп резервке қоямыз. Бірақ, бүгінге дейін конкурс арқылы заң негізінде ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп қойса, біз оны қайтарып алуға құқығымыз жоқ. Өйткені, инвестор қаражат салып, бірі тауарлы сүт фермасын салып қойды, бірі суармалы алқапқа айналдырды делік. Каншама адамға жұмыс орнын ашып, маңындағы ауылдарға әлеуметтік көмегін көрсетіп отыр. Осындай іскерлік танытып отырған азаматтарға жерлерді жалға алу мерзімі біткеннен кейін де «қайтар» деп айта алмаймыз. Ел экономикасы, ауыл дамуы үшін қажеттігі ескеріледі.
Жалпы, ауыл тұрғындарынан мал жаюға жер тапшылығы турасында арыз жиі түседі. Мал басы көбейгеннен кейін мұндай мәселе туындауда. 90 жылдары көп жер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне беріліп кеткен. 2022 жылы аймағымызда 400 мың гектарға дейін тапшылық болды. Жергілікті атқарушы органдармен, жер инспекциясымен бірлескен жұмысымыздың нәтижесінде былтыр бұл көрсеткіш 79 мың гектарға төмендеді. Бұл ретте, 2024 жылы мал есебі өтті. Үш жыл ішінде игерілмеген жерлер қайтарылуда. Қайтарылғаны халыққа үлестірілуде. Елді мекендердің шекараларын кеңейтіп жатырмыз. Осылайша, тапшылық төмендеді.
Айнұр:
— Қала аумағында иесіз қалған саяжайларды жекеменшікке алуға бола ма?
— Иесіз қалған саяжай көп. Бұл бағытта да жұмыстар атқарылуда. Павлодар қаласында да көп. Ақсу қаласында саяжайлардың 95 пайызы иесіз қалған. Оны көкөніс өсіру мақсатында мұндай саяжайларды мемлекет меншігіне қайтарып алғаннан кейін алуыңызға болады. Негізінен, кооперативтер бұл жұмысты жүргізуі тиіс. Яғни, иесі табылмаса, оны иесіз саяжай ретінде тіркеуге қояды. Бір жыл өткен соң мемлекет меншігіне қайтарылады. Содан соң өтініш беріп, пайдалануға болады. Жылына шамамен 20 шақты саяжай қайтарылуда.
Айдар:
— Конституция бойынша әр азамат 10 сотық жер тегін алуға құқығы бар. Павлодар қаласы маңынан жер алуға өтініш бере аламын ба? Жалпы, жер учаскесі беріліп жатыр ма?
— 18 жасқа толған әрбір азамат тегін 10 сотық жеру алуға кезекке тұруға құқылы. Электронды үкімет арқылы өтініш бере алады. Тіркелген жеріне қарамастан азаматтар еліміздің кез келген өңіріне кезекке тұра алады. Бірнеше елді мекенге кезекке тұруға болады. Бірақ, біреуінен жер кезегі келіп, жер телімін алғанда, өзге елді мекендердегі кезектен автоматты түрде түсіп қалады. Өйткені, мұның бәрі базада көрініп тұрады. Павлодар облысы бойынша 57 мың адам жер кезегінде тұр. Павлодар қаласында — 35 мың адам, Екібастұз қаласында — 13 мың адам, Ақсуда — 4 мың адам. Аудандар арасында Павлодарда – 1700, Баянауылда 3 мың адам кезекте тұр. Қалған аудандарда ондай кезек жоқ. Ұсыныс түскенде бірден беріліп отырады. Осы орайда, тұрғын үй салу учаскесін берудің өзіндік нормативі барын ескерте кетейін. Әр қаланың бас жоспары, егжей-тегжейлі жобалау жоспарына сәйкес қана мұндай жер телімдері үлестіріледі. Яғни, бұл жоспарларда жеке тұрғын үй салуға қарастырылған болса ғана, беруге рұқсат. Қала маңдарында ол аумаққа жылу, су және электр желісі тартылуы тиіс.
Аудандарда жарықтың болуы талап етіледі.
Қазіргі таңда Павлодар қала-сының бас жоспары қабылданған жоқ. Өзгерістер енгізіліп, сараптамадан өтуде. Қабылданғаннан кейін жер телімдері белгіленсе, содан кейін жерлер беріле бастайды. Екібастұз, Ақсу қалаларында да жағдай сол. Бас жоспарларын бекіткеннен кейін белгілі болады. Amanat партиясының бағдарламасы аясында облыста бес жылда 1000 жер телімі берілуі тиіс. 2023 жылы 250 жер телімі, былтыр 267 учаске үлестірілді. Оның 100-ден астамы Екібастұз қаласы мен ауылдық аймақта-рынан берілді. 14-і ғана Павлодар қаласы маңынан үлестірілді. Оның 11-ін азаматтар Мойылды ауылынан алды. Бас жоспарлар әлі бекітілмегендіктен қай жерден берілетінін білмейміз. Сондықтан партияға биыл көрсеткішті сәл төмендету жөнінде хат жолдамақпыз. Қазіргі кезде жер телімін алып жатқан азаматтар — осыдан 20 жыл бұрын кезекке тұрғандар. Айта кетейін, бір кездері кезектің әртүрлі базасы болды. Кейін олар біріктірілді. Сол кезде түсіп қалғандар болса, қайтадан енгізу тетіктері қарастырылған.
Сайран:
— Павлодар қаласы аумағында мемлекеттік есепте тұрған бос жер телімдері туралы қайдан білуге болады?
— Соңғы үш жылда бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізілді. Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрына жер картасы енгізілді. Бос жерлер осында көрсетіліп тұрады. Әр жер телімінің мақсаты да белгіленеді. ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бос жер учаскелері және жоспар-ланған сауда-саттық (аукциондар) бойынша ақпаратты Мемлектетік мүлік тізілімінің веб-порталында, өздерінің интернет-ресурстарында және арнайы ақпараттық стендтерде тоқсан сайын деректерді жаңартып, шығарып отырады. Ауылдарда қолжетімді стендтерде жазылып тұрады. Қолдан жасалған эскиз картасынан да көруге болады. Ал жайылымдық жерлерді міндетті түрде жайылымды басқару жоспарына енгізіп қоямыз.
Нұртілек:
— Ақсу қаласы ауылдық аймағында бос жатқан шабындық жерді атыма рәсімдеп, кәдеге жаратқым келді. Құзырлы орган ХҚКО-дан «иесі жоқ» деген анықтама әкелу керектігін айтты. Анықтама алдым, рәсімдеуге дейін біраз құжаттарын реттедім, соңында мемлекеттік актіге тапсырғанда рәсімдеуден бас тартылды. Сосын екінші иесі шықты. Сонда жер қатынастары бөлімі мен ХҚКО арасында базалық байланыс жоқ па?
— Қазіргі уақытта Павлодар облысында ауыл шаруашылығы жерлерді цифрландыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл жыл соңына дейін картаға енгізіледі. 2026 жылы электронды карта істесе, мұндай қателіктерге жол берілмейді. Әр жалға берілген жердің иесі, оның пайдалану құқығы электронды картада көрініп тұрады. Қазір өтініш беріп, оны рәсімдеу сатыларынан өткенше бір жыл уақыт өтеді. Жер тіркелгенге дейін оған бірнеше адам ұмтылып жүруі әбден мүмкін.
Тілші сауалы:
— Оқырманымыз 50 гектар шабындық жердің жылдық салығы 4 млн теңге шамасында екенін алға тартты. Жалпы, жерді жалға алу құны әр аудан-қалада әртүрлі ме?
— Ертіс өзені бойындағы жерлер елді мекен шекарасына кіріп тұр. Олар Салық кодексінің соңғы өзгерістеріне сәйкес ауыл шаруашылығы жерлері 1 гектарына есептелсе, елді мекеннің, қаланың аумағына кіретіндердің құны бір шаршы метріне қарай саналады. Сондықтан елді мекен шекарасына енетін аумақтардың құны қымбат болады. Сонымен қатар, егістік пен шабындық жердің құны бірдей болмайды. Топырақтың баритет балына да қарайды. Мәселен, Железин, Ертіс аудандарында бұл көрсеткіш жоғары, сәйкесінше, құны да жоғары. Май ауданында төмен, сондықтан арзанырақ. Жерлерде банктерге кепілге қойғанда да жердің сапасы мен көлеміне қарайды.
Айтуар:
— Әкемнің 90 жылдардың ортасынан бері шабындыққа пайдаланып келген 60 гектар жері болды. Белгілі бір мерзімі аяқталғанда қайта рәсімдеп алатын. Екі жыл бұрын жалға алу мерзімінің аяқталғанын байқамай қалыпты. Бір ай өтер-өтпестен ол жер телімін өзгеге беріп үлгеріпті. Неге мерзімі аяқталуға жақындағанын ескертіп, хабарлама жібермейді?
— Бұл мәселеге қатысты тікелей жауап беру қиын. Қос тарапты тыңдап, анық-қанығын айқындау керек. Негізі, мерзімінің аяқталатыны туралы иесіне ескерту турасында заң нормасы жоқ. Десе де, ауылдық әкімдіктер әр жер телімінің кімге тиесілі екенін біледі. Пайдаланып жүргені белгілі болса, міндеттерін орындап жүрсе, бұл жер телімінің мерзімін ұзартуға әбден болушы еді.
Мәнсүр:
— Павлодар қаласының 1-саяжайынан үш саяжай телімін сатып алып, үй салып жатырмыз. Айналасында да жеке тұрғын үйлер көп. Мұндағы тұрғын үйлердің иелері не үшін саяжай шаруашылығына жыл сайын 30 мың теңге шамасында ақы төлеуі тиіс? Күзетіп жатқан жоқ. Себебі, азаматтар өздері сонда тұрады. Біз үйімізді салып біткен соң саяжай шаруашылығынан шығып кету мүмкіндігі бар ма?
— Егер атында саяжай бар, бірақ, кооперативке ақысын төлегісі келмесе, жер телімінен бас тартатыны туралы арыз жазып, қайтарып беруге болады. Шыны керек, көпшілігі сатып алып, тұрғын үй салып алғаннан кейін сәулет бөліміне барып, жерді тұрғын үй салу мақсатына аударып беруді сұрайды. Бірақ, ол мүмкін емес. Тұрғын үй салынған соң ол автоматты түрде тұрғын үй мақсатына аударылмайтынын азаматтар түсінсе дейміз. Бұл да бас жоспармен тікелей байланысты. Басты құжатта жердің мақсаты белгіленіп қояды. Мәселен, бұл жерге бір қабатты ғана үй салу керек деген талап тұрса, оған екі қабатты үйлер салуға болмайды. Сондықтан, баспана тұрғызбай тұрып, тиісті мекемелерден рұқсат алу керек. Егер бұл аумақ алдағы бес жыл көлемінде тұрғын үй салынуға жоспарланған болса, онда күтуге тура келеді. Бас жоспарда мұндай жоба қарастырылмаса, жеріңіз саяжай телімі ретінде қала бермек.
Қарлығаш:
— Павлодар қаласында шағын павильон ашып, кәсіп бастасам деген ойым бар. Мұндай дүңгіршектерге жер телімін қалай алуға болады?
— Павильонға коммерциялық жерлер аукцион арқылы ғана алынады. Қоғамдық кадастрлық картасынан коммерциялық мақсаттағы бос жердің барын көрсеңіз, сәулет бөліміне өтініш беру керек. Жобасы жасалып, табиғи монополиялар мекемеле-рінен барлық келісімдерді алу қажет. Содан кейін жер қатынастары бөліміне құжаттарын тапсырады. Шешім қабылданып, жер аукционға шығарылады. Бір ескеретіні, аукционға шыққаннан кейін құжаттарды жинадым екен деп, түбінде өзіме тиеді деп сенімді болмауыңыз тиіс. Себебі, басқа адамдар да аукционға қатысып, ұтып алу құқығына ие.
Түйін:
Жердің тиісінше кәдеге жаратылғаны иесіне де, елімізге де керек-ақ. Жер – ұрпаққа аманат. Демек, пайдаланушы пайдасын ғана көріп қоймай, ертеңгі буынның да бір ісіне жарайтындай жағдайда күтіп ұстауы қажет. Бұл міндеттер, жалпы жерді жалға алудың талабы мен тәртібі заңнамада айқындалған. Баспана салып, бай-қуатты тіршілік үшін жер телімін алудың да өз жөні мен кезегі барын білдік. Тұрғындардан түскен сауалдарда ауыл маңындағы жайылымдық жерлер, қалалық мекендерде саяжай учаскелерін тұрғын үй мақсатына ауыстыру тұрғысындағы мәселелер толғандыратыны белгілі болды.
«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.