Жетістіктер насихатталады

Қаз 23, 2025

Еліміздегі мән-маңызы терең басты мерекенің бірі – Республика күні облысымызда да жоғары деңгейде аталып өтпек. Павлодарлықтар үшін 1000-нан астам түрлі іс-шара ұйымдастырылмақ. Сондай-ақ, «МузАРТ», «Кешью» тобы мен  басқа да танымал әншілер өнер көрсетеді деп жоспарлануда. Бұл туралы кеше Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының басшысы Әлнұр Сейдуманов мерекелік шаралар Республика күнімен қатар, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына арналатынын атап өтті.

– Мақсатымыз – ел азаматтарының отансүйгіштік сезімін арттыру, ұлттық бірлікті нығайту және Мемлекеттік рәміздер мен тәуелсіздік құндылықтарын дәріптеу. Басты идеологема – еліміздің түрлі саладағы жетістіктерін насихаттау, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы ұлттың даму басымдықтарын сезіну болып табылады. Осыған орай облыстың қалалары мен аудандарында безендіру жұмыстары, концерттік қойылымдар, көрмелер, әдеби және шығарма-
шылық кештер, ашық есік күндері, дөңгелек үстелдер, жастармен кездесулер, өзге де іс-шаралар ұйымдастырылады, — деді басқарма басшысы. Оның айтуынша, Республика күніне арналған мерекелік бағдарлама 20 қазанда басталып кеткен. Содан бері өңірдегі мәдениет ошақтарында, білім ордаларында тақырыптық кештер ұйымдастырылуда.

Ал бүгін, яғни 23 қазанда облыстық «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастар байқауы мен «Кәсіп жұлдызы-2025» сайысының жеңімпаздары марапатталады. Сондай-ақ, «Тәуелсіздік ұланы» конкурсынан топ жарған 100 талантты оқушы мен колледж студенті арнайы төсбелгімен наградталып, ақшалай сыйақы алады.

Ертең Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында салтанатты жиын өтеді. Бұл күні де аймақтағы жетістігі бар жандарға түрлі марапаттар табысталып, айтулы кеш концертпен жалғасын табады.

Мереке күні, яғни 25 қазанда қалалар мен аудандарда жалпы-халықтық іс-шаралар өтеді. Тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында «Береке fest» акциясы ұйымдастырылып, «Small», «Greenwich», «Inmart», «Ваш» сауда желілерінде отандық тауарлар жеңілдетілген бағамен сатылады. «Kaspi», «Teez», «Halyk market», «Mechta» және «Технодом» сынды ірі электрондық дүкендерде де 50%-ға дейін жеңілдікпен онлайн-акциялар болады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері, «Jailau» нарығында төмен бағамен өнімдер саудаланады деп жоспарлануда. Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандарда да әлеуметтік жәрмеңкелер, ал
26 қазан күні Павлодар қаласындағы Усолка, Химқалашық, Достық шағын аудандарында көшпелі жәрмеңкелер жұмыс істейді.

Аймағымыздың барлық өңірінде спорттық жарыстар, эстафеталар өтіп, әлеуметтік желілерде сұхбаттар, қызықты бағдарламалар мен бейне құттықтаулар жарияланады. Бұдан бөлек, мереке қарсаңында облыс бойынша 120-дан астам тақырыптық билборд орнатылған екен.

Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқар-масының басшысы Медет Тауас-қанның айтуынша, өңірдегі мәде-ниет мекемелерінде мерекелік іс-шаралар әлдеқашан басталып кеткен. Ертең, яғни 24 қазанда қала-аудандарда салтанатты жиын мен мерекелік кештер болады. Осы күні екібастұздықтар танымал әншілер Маржан Арапбаева мен Ескендір Ибрахимнің, ақсулықтар Өмірқұл Айниязов пен «Жошы» тобының өнерін тамашалайды.

25 қазан күні облыс орталығында қала тұрғындары мен қонақтарға мерекелік концерттік бағдарлама ұсынылады. Оған «МузАРТ», «Кешью» тобы мен Amre, Alem қатысып, павлодарлықтарға өз өнерлерін көрсетеді деп жоспарлануда. Бұл күні сондай-ақ, барлық музейлерге кіру тегін болады.

Атап өтерлігі, Республика күні қарсаңында мүгедектігі бар адамдарға да қолдау көрсетілмек. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар және І-ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлемдер берілмек. Мұндай көмекке облыс бойынша 14 мыңнан астам адам қол жеткізді.

Нұржайна ШОДЫР.