Аққулы ауданында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында «Жеңіс алауы» жобасы бастау алды. Жергілікті тұрғындардың бойына патриоттық сезімін қалыптастыруға бағытталған шараға ауыл қариялары мен жастар белсенді қатысты.
Ең алдымен жұртшылық атақты қолбасшы, Ұлы Отан соғысына қатысып, Невель қаласын азат еткен Әбілқайыр Баймолдиннің құрметіне арнап тұрғызылған Жұлдыз ескерткіші алаңында тағзым етті. Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махаббат Абулова, аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник Шыңғыс Сарбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Әлтаев жобаның мақсатына тоқталып, соғыс ардагерлерінің ерліктерін сөз етті. Жастарға Жұлдыз ескерткішінің орнатылу мақсатын түсіндірді. Ауыл қариялары әскери қайраткер Әбілқайыр Баймолдиннің ерлігін еске алды. Одан кейін патриоттық кеш аудандық кітапханада жалғасты. Қонақтардың назарына Әбілқайыр Баймолдинге арналған көрме, Ұлы Отан соғысы жайлы бейнеролик ұсынылды. Оқушылар шағын концерт ұйымдастырып, Жеңіс тақырыбында өлең оқып, әннен шашу шашты.
Қазақтан шыққан тұңғыш кадрлық офицер Әбілқайыр Баймолдин 1909 жылы Аққулы ауданының Тақыр ауылында дүниеге келген. Ол бірінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсетіп, медальдармен марапатталған. Соғыс басталған уақытта Алматыда жасақталған 100-ші атқыштар бригадасы командирінің орынбасары қызметін атқара жүріп, Мәскеу түбіндегі ұрыстарға қатысқан, КСРО-ның батыс аймақтарындағы шайқастарда ерлік көрсеткен.
Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова және атақты мерген Ыбырайым Сүлейменовтермен бірге жауға қарсы тұрып, Мәскеу түбіндегі Невель қаласын азат етуге қатысқан. 1944 жылы Невель қаласының солтүстігінде болған қанды қырғында ерлікпен қаза тапты.
Кеш қорытындысы бойынша «Жеңіс алауы» эстафетасы Баймолдин ауылдық округіне табыс-талды. 20 ақпаннан бастап осы жоба аясында барлық ауылдық округте мәдени, спорттық, қайырымдылық, қолдау шаралары кеңінен өткізіледі. Әр апта арнайы тақырыптық форматта батырларға арналады. Қорытынды кеш 9 мамыр – Жеңіс күні аудан орталығында өткізіледі. Осы уақыт ішінде «Жеңіс алауы» елді мекендерді аралап, аудан орталығына оралады.
А.АСҚАРҚЫЗЫ.