Бүгінде Ұлттық қордағы қаражатты балалардың болашағы үшін пайдалануға баса мән беріледі. Жыл басында «Ұлттық қор – балаларға!» жобасы қолға алынып, әр баланың шотына 100 АҚШ доллары көле-мінде қаржы аударылған болатын. Ендігі ретте олардың сапалы жоғары білім алуы үшін «Келешек» жүйесі іске қосылады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында балалардың жоғары білім алуын қамтамасыз ету мақсатында қазірден жинақтау жүйесін енгізу керек екенін айтқан болатын. Осы бастаманың негізінде «Келешек» ерікті жинақтау жүйесі әзірленді. Күні кеше Мәжілісте жаңа жүйенің қызметін құқықтық тұрғыдан реттейтін нормалар қарастырылды.
Бағдарлама талаптарына сәйкес, әр ата-ана баласы 5 жасқа толған кезде арнайы шот аша алады. Оған мемлекеттен 60 АЕК көлемінде бастапқы капитал аударылады. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 120 АЕК көлемінде капитал қарастырылған. Өз кезегінде ата-аналар үшін баланың шотына жыл сайынғы ең төменгі жарнаны аударуы тиіс. Яғни, бір жылда кемінде 24 АЕК көлемінде қаржы аударуы керек. Бұл – 88 608 теңге. Әлеу-меттік тұрғыдан осал топ өкілдері баласына жылына 12 АЕК аударса жеткілікті. Бұл ретте мемлекет тарапынан балалардың шотына жыл сайын 5 пайыз көлемінде, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың балалары үшін 7 пайыз сыйақы қосылады. Ал банк тарапынан 12-14 пайыз аралығында жылдық инвестициялық төлем жасалады. Атап өтерлігі, ең төменгі жылдық жарнаға қойылатын талаптар бұзылған жағдайда, яғни ата-ана баласының шотына белгіленген айлық есептік көрсеткіштен аз сома салған жағдайда, бастапқы білім беру капиталы бюджетке қайтарылады. Ал жылдар бойы мемлекет берген бастапқы капитал, мемлекеттік және банктік сыйақы, ата-ана салған жарна жинақталып, бала мектепті тәмамдаған соң сол жинақ қаржыны елде немесе шетелде білім алуға, тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағыттай алады. Бұл жүйе келесі жылы іске қосылмақ.
Өз тілшіміз.