ЖИ және кітапхана

Қар 6, 2025

Жасанды интеллект және цифрлық технологияның өміріміздің бір бөлшегіне айналып бара жатқаны жасырын емес. Мұндай жаңашылдықты біз қаласақ та, қаламасақ та заманның ағымы, өмірдің ырғағымен қабылдауымызға тура келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жасанды интеллект жүйесіне айрықша ден қоюы да тегіннен-тегін емес еді.

Жалпы, руханияттың қара шаңырағы – кітапхана үшін «Жасанды интеллект жүйесінің маңызы қандай?» және «ЖИ кітапханашыны алмастыра ала ма?» деген сауалдардың туындауы заңдылық. Егер мына бір ақпараттарға көз салсақ, біз сөз етіп отырған ЖИ-дің кітапхана өміріндегі қажеттілігі орасан зор екеніне көз жеткізесіз.

Мысалы, ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған АҚШ-та «Газет навигаторы» деп аталатын технология небәрі 19 күннің ішінде 16 358 041 газет бетін өңдеп, жіктей алады. Ал Ұлыбританияда «Хью» кітапханасының сөйлейтін каталогы басып шығарылған көшірмелердің орнын біледі, дыбыстық сұрауларды қабылдап, оқырманды қажетті кітап сөресіне бағыттайды. Ал «ЖИ кітапханашыны алмастыра ала ма?» деген сауалға келсек, бұл жаңашылдықты адам баласының жұмысын жеңілдетуші көмекші құрал ретінде ғана қарауға болады. Яғни, ЖИ ешқашан адам жанын, оның интуициясын, сезімталдығын және басқа да құндылықтарын алмастыра алмайды.

Жалпы «Жасанды интеллект» терминімен адам баласы кеше немесе бүгін ғана танысып отырған жоқ. Шетелдік ғалымдардың зерттеуіне сүйенсек, бұл ақылды қызмет көрсету жүйелердің басталуы мен дамуын 3 кезеңге бөлуге болады. Атап айтқанда, кейбір дамыған мемлекеттерде жасанды интеллект 1950-1970 жылдары аралығында пайда болып, алғашқы бағдарламалар жасала бастаған. Содан кейін ол 1980-2010 жылдары адам баласы үшін өз жемісін бере бастады. 2010 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ЖИ барлық салаға қарқынды енгізіліп жатыр. Сол секілді кітапхана саласын да қамтып, әлемдік руханияттың дамуына өз үлесін қосып келеді.

ҚР Ұлттық кітапханасының ақпараттық ресурстар бөлімінің басшысы Айкенже Жақсылықтың айтуынша, жасанды интеллектінің кітапханаға пайдасы өте ауқымды және әртүрлі бағыттарды қамтиды. Басты тұстарын атап өтер болсақ, ақпаратты жылдам іздеу және сұрыптауда, кітапхана қорындағы кітаптарды, мақалаларды талдап, оқырман сұранысына сәйкестендіруде маңызы зор. Бұл дегеніміз – оқырман мен кітапханашының уақытын үнемдеуде таптырмас мүмкіндік. Яғни, қажетті мәліметтерді тез және оңай табуға мүмкіндік береді.

— Жасанды интеллектінің кітапханашыларға берер мүмкіндігі бұл ғана емес. Автоматтандырылған каталогтау және индекстеу барысында кітаптардың мазмұнын талдап, автоматты түрде тақырып, автор, жанр, кілт сөздер бойынша жүйелей алады. Осы сынды қызметтердегі адам еңбегін жеңілдетіп, қателерді азайтады. ЖИ арқылы әртүрлі тілде ақпарат іздеуге болады. Сонымен қатар, шет тіліндегі кітаптардың мазмұнын қазақ тіліне немесе қазақша кітаптардың мазмұнын басқа тілдерге аудара аласыз. Бұл әсіресе шет елден білімдерін шыңдауға келген оқырмандарымыз үшін өте пайдалы. ЖИ-дің көзі көрмейтін немесе басқа мүмкіндігі шектеулі оқырмандар үшін пайдасы зор. Дыбыстық кітаптар ұсыну, сонымен қатар мәтінді дыбыстау, брайль әліпбиіне бейімдеу сынды қызметтер көрсете алады. Жасанды интеллектінің тағы да бір маңыздылығы — статистиканы анық шығаруы. Яғни, жиі оқылатын кітаптарды анықтайды және қай бөлімдерге көп сұраныс бар екенін көрсетіп, қорды тиімді басқаруға көмектеседі, — деді А.Жақсылық.

Павлодар қаласындағы көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана басшысы Жамал Кенжебекова да ЖИ-дің кітапхана саласындағы тиімділігін растады.

— Жақында көзі көрмейтін және нашар көретін оқырмандар үшін брайль кітаптарын шығардық. Осы жобаны жүзеге асыру барысында жасанды интеллект мүмкіндігін барынша пайдаландық. Сонымен қатар, ерекше оқырмандарға арналған электронды кітапхана жұмысында да осы жаңашыл ақпарат технологияларын қолданып отырмыз, — деді ол.

«Павлодар қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесінің басшысы Сәуле Жағыпарованың айту-ынша, кітапхана қызметкерлері ЖИ-дің ChatGPT, Claude немесе Google Gemini сияқты қосымшаларын тиімді пайдаланып үйренген. Қалалық кітапхана жүйесіндегі автоматтандыру залы осы бағытта жұмыс екпінін арттыруды жоспарлауда.

— Қалалық кітапхана мамандары жасанды интеллектінің игілігін өзінің мүмкіндігіне қарай қолдануда. Атап айтсақ, кітапхана жұмысын автоматтандыруға, ақпараттық ресурстарды тиімді басқаруға және оқырмандарға ыңғайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік беруде. Одан бөлек, үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам талдауға, құжаттарды цифрландыру және индекстеуге, оқырмандарға жеке ұсыныстар жасауға көмегі зор. Сондай-ақ, жаңа кітаптарды каталогтау және метадеректерді автоматты түрде толтырып жүрміз, — деді кітапхана басшысы Сәуле Смағұлқызы.

Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасанды интеллектіні дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды. Қазіргі күні жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар бүкіләлемдік деңгейде кітапхана саласында да берік орнығып, кеңінен қолданысқа еніп келеді.

Тілеуберді САХАБА.