Тамыз айының бірінші жексенбісінде көлік қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтеді. Бұл сала мамандарының еңбегі көзге көріне бермегенімен, оларға артылған жауапкершілік жүгі зор. Бүгінгі кейіпкеріміз Тәңірберді Қасенов – өзгелерге өмір сыйлау үшін өз өмірін күн сайын қатерге тігетін азамат. Ол медициналық көмекке мұқтаж жандарға жедел жету үшін барын салады.
Апаттар медицинасы орталығы мемле-кеттік мекемесі облыстық филиалы төтенше жағдай орын алғанда, оқыс жағдай тіркелгенде зардап шеккендерге шұғыл жетіп, медициналық көмек ұсынатын мамандардың басын біріктіреді. Олар үшін әр секунд санаулы. Оқиға орнына 1-2 секундқа ерте жетуі арқылы талай адамды ажал аузынан құтқарған.
Көп жағдайда жедел жәрдем қызметінде адамдарға өмір сыйлайтын дәрігерлер хақында жиі жазамыз. Апаттар медицинасы ҚР төтенше жағдайлар министрлігіне қарағанымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен қызметтері ортақ. Олар да жедел жәрдем көлігін тізгіндеп, оқыс жағдайға тап болған жандарға көмек қолын созады.
Бүгін шақырту түскен кезде көлігін дайындап, 2-3 дәрігерді алып, оқиға орнына жедел жететін жүргізуші жайында сөз қозғамақпыз. Адам өмірін құтқаруда осы мамандардың еңбегі зор. Себебі, төтенше жағдай немесе жол апаты кезінде зардап шеккендерге жедел жететін жүргізушіге зор міндет жүктеледі. Оқиға орнына шұғыл жету жүргізушінің кәсібилігіне байланысты.
Тәңірберді Рашитұлы құқық қорғау саласында еңбек еткен. Құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін бірден апаттар медицинасына жұмысқа орналасады. Жауапты қызметке тұру үшін алғашқы медициналық көмек көрсету ережесін үйреніп, жүргізушілік қабілетін дамытқан. Себебі, бұл қызметте жедел жәрдем көлігін тізгіндеу үшін куәліктегі барлық категорияны меңгеруі
шарт.
— Апаттар медицинасында еңбек етіп жүргеніме 6 жыл толды. Бұған дейін тергеу, жол полициясы сынды түрлі салада жұмыс істедім. Апаттар медицинасы қызметі де — жауапты міндет. Жүргізуші бірінші кезекте көлікте отырған дәрігерлердің өміріне жауапты. Екіншіден, жол ережесін сақтай отырып, кептелістерді айналып өтуі арқылы зардап шеккендерге жедел жетуі тиіс. Өкінішке қарай, қазіргі көлік жүргізушілері өте қатты жүреді. Кейде шақырту кезінде арнайы белгіні қоссақ та жол бермей жатады. Күніне 5-6 шақырту түсетін кездер болады, — дейді Тәңірберді Қасенов.
Тәңірберді Рашитұлы Павлодар қаласы мен облыс орталығынан 50 шақырым қашықта орналасқан аумақтарға да шығатынын айтады. Мәселен, Успен, Аққулы, Шарбақты аудандарында орын алған жол-көлік, өрт апаттарына барады. Сонымен қатар, апаттар медицинасы Қалқаман мен Екібастұз қаласына қарасты Шідертіде де жұмыс істейді.
— Қауіпті қызметте жүріп, көптеген оқиғаның куәсі боламыз. Бірақ 2017 жылы орын алған қайғылы жағдай есімнен кетпейді. 2017 жылы облыс орталығында екі оқушыны трамвай қағып кеткен болатын. Оқиға орнында бір қыз бала көз жұмды. Ал екінші баланы апаттар медицинасының мамандары тез жетуі арқылы аман алып қалды. Бәлкім, біз бір секунд кешіксек, қайғылы жағдай орын алар ма еді деп ойлаймын, — дейді жүргізуші.
Тәңірберді Қасенов өз өмірін қатерге тігетін мамандықта жұмыс істеп жүргеніне еш өкінбейтінін айтады. Ол үшін адам өмірін сақтап қалудан асқан абыройлы қызмет жоқ.
— Оқыс оқиға кезінде біз дәрігерлерге көмектесеміз. Жол апаты кезінде зардап шеккен адамдарды көліктен алып шығып, өз көлігімізге жатқызамыз. Алғашқы медициналық көмекті де меңгергенбіз. Зардап шегушілердің саны көп болса, жараны танып, зардап шегушінің денсаулығын бақылаймыз. Менің ойымша, мұндай қарапайым көмекті барлық адам білуі тиіс, — дейді Т.Қасенов.
Тәңірберген Рашитұлы өз тәжірибесінде Ақтоғай ауданы Қожамжар ауылы тұсында орын алған алапат көлік-оқиғасын еске алды. Ақ түтек боранда аталған елді мекен тұсында жол-көлік оқиғасы тіркелген. 4 көлік бір-бірімен соқтығысқан. Шарбақты ауданында көктайғақ кезінде де бірнеше көлік соқтығысқан жол апаты орын алған.
— Таңертең жұмысқа келген кезде бірінші кезекте көлігімді тексеремін. Диспетчерге хабар түскенде 2 минуттың ішінде жиналып шығуымыз керек. Біздің қызметке қоңырау 112-ден түседі. Облыс орталығындағы апаттар медицинасында 4 жүргізуші қызмет етеді. Бір тәулік жұмыс істеп, үш күн демаламыз, — дейді Т.Қасенов.
Тәңірберді Қасеновтің жұбайы жолдасының қызметі қауіпті екенін жақсы түсінеді. Біз де өзгелерге өмір сыйлау жолында қауіпті қызметте жүрген кейіпкерімізге мықты денсаулық, еңбегіне табыс
тілейміз.
Айдана ҚУАНЫШЕВА.