Ақтоғай ауданы Жолболды ауылында жаңа мешіт бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Өткен сенбі күні ғибадат үйінің ресми ашылуы болып, ауылда дүркіреген той өтті.

Мешіт құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған. Сауапты іс Павлодар қаласы «Ақмешіт» мешітінің бас имамы, Жолболды ауылының тумасы Әбілқайыр Қазыбекұлының бастамасымен қолға алынған. Ауылдан шыққан кәсіпкерлер мен тұрғындар да жұдырықтай жұмылып, Алла жолында басталған істі соңына дейін жеткізді. Осылайша ауыл тұрғын-дары көптен күткен зәулім мешіт есігін айқара ашты.

Мешіттің ашылу салтанатына ҚМДБ-ның Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Жолдас Қоспақұлы, аудан және ауыл әкімдігінің өкілдері қатысып, жомарт жандарға халық атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар, ауылдың ақ сақалды қариялары, ақ жаулықты әжелері де арнайы келіп, шашуларын шашып, ақ баталарын ақтарды.

Іс-шара барысында ат жарысынан аламан бәйге, тай және құнан бәйге ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көкпардан, қазақ күресінен, садақ атудан, арқан тартудан жарыстар өтіп, білекті де жүректі жігіттер сынға түсті.

 

Тілеуберді САХАБА.