Жергілікті жолдардың сапасы мен қолжетімділігі ел эконо-микасының жандануына үлкен септігін тигізетіні анық.
Инфрақұрылым дамыса, жолаушылар мен тауарлар бір жерден екінші жерге өз уақытында жеткізіледі, қауіпсіз әрі талапқа сай жөндеуден өткен жолмен тұрғындардың жүріп-тұруы да жеңілдейді.
Ағымдағы жылы облыста республикалық маңызы бар 46,5 шақырым және жергілікті маңыздағы 616 жол жөнделді, оның ішінде 269 шақырым көше, 158 шақырым аудандық маңызы бар жол, 113 шақырым кірме жол жөнделді. Келер жылы 16,5 млрд теңгеге 325 шақырым жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелерін жөндеу жоспарланып отыр. Оның ішінде 31 ауылдың кірме жолдарын асфальттау көзделген.
Бұдан басқа, соңғы екі жылда облыс бойынша қоғамдық көліктер жаңартылып, шағын маршрутты көліктер үлкен класты автобустармен ауыстырылды. Бүгінде облыста 218 автобус жаңартылған. Яғни, облыстағы үш қаладағы қоғамдық көліктердің 75 пайызы заманауи үлгідегі үлкен класты автобус-тардан тұрады. Жыл соңына дейін жаңа автобустар саны 250-ге жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Оның ішінде Павлодар қаласының тұрғындарын тасымалдауға 169 жаңа автобус тиесілі.
Сондай-ақ, облыс орталығының трамвай жүйесі жаңартылып, кәсіпорынның техникалық базасы 70 жаңа трамваймен толыға түспек. Трамвай жолдарының бағыт желісін кеңейту үшін 2025 жылдың жазында ұзындығы бес шақырымға жуық жаңа Достық шағын ауданына трамвай желісінің құрылысы басталады.
А.МҰҚЫШЕВ.