Жол жөнделді

Жел 4, 2025

Алдағы уақытта Май ауданының тұрғындары облыс орталығы мен аудан аумағы арасында еш қиындықсыз қатынайтын болады. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының тапсырысы бойынша аталған учаскедегі жол толығымен жаңарды. Сонымен қатар, көршілес Абай облысына қарасты Курчатов қаласына дейінгі жол ретке келтірілді.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық филиалының хабарлауынша, «Атамекен – Ақсу – Көктөбе – Үлкен Ақжар – Курчатов қаласы» бағытындағы 195-216 шақырым аралығындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін күрделі жөндеу бойынша жұмыстар аяқталды. Автомобиль жолы III техникалық санатқа жатады. Жөндеуден өткен аумақтың жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайды. Оның ішінде 17,2 шақырымы Павлодар облысының Май ауданына, 3,4 шақырымы Абай облысының Курчатов қаласына жатады. Жұмыстарды «Павлодар жолдары» ЖШС мердігерлік ұйымы орындады.

— Күрделі жөндеу кезінде жалпы ауданы 193,971 мың шаршы метр жол жабындысын толық қалпына келтіру, ауыстыру және жаңа су өткізу құбырларын орнату жұмыстары атқарылды. Сонымен қатар, Курчатов қаласында екі жол өтпесі мен айналма жол салынды. Жоба аясында санитарлық-гигиеналық торап, демалуға арналған орын және жарықшамдар орнатылған демалыс алаңы қарастырылды. Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 234 дана жол белгілері, 3,6 шақырымдық тосқауыл қоршауы қойылып, 65,5 шақырым жол таңбасы салынды. Автобус аялдамаларында автопавильондар қойылып, Курчатов қаласының автомобиль жолы учаскесі жарықтандырылды, — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» компаниясы облыстық филиалының өкілдері.

Аталған бағыттағы жұмыстар жолдарды нормативтік жағдайда ұстау, қозғалыс қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асты.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.