Қазақстандық құқық қорғау меке-мелері тұрғындарды жоғары ақы төленетін жұмысқа ұсыныс алған жағдайда абай болуды ескертеді.
Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеме жасады. Құзырлы органның ақпаратында: «Егер сіз жұмыс іздеп курьер (бөлшектеуші, таратушы, кладмен, трафаретші) ретінде жоғары ақы төленетін жұмысқа ұсыныс алсаңыз, ойланыңыз. Өйткені, аталған жарнама есірткі бизнесіне тартуды жасырын көздеуі мүмкін. Жалған табыс туралы хабарландырулардағы сөздер алаңдатуы қажет. Бұл — есірткі сатушылардың айласы. Мәселен, 20 және 22 жастағы екі қыз «жеңіл ақша» табуға шешім қабылдап, интернетте ақша табудың оңай жолына кезіккен. Қылмыстық жоспарға сәйкес кураторлардың көрсеткен мекенжайлары бойынша психотроптық заттар мен олардың аналогтарын алып, бөлшектеп орап, таратқан. Сотталушылар жалға алған тұрғылықты пәтерден өлшеп оралған 50 грамнан астам мефедрон тәркіленді», — делінген. Қазіргі таңда сот үкімімен олардың әрқайсысы 10 жылға бас бостандығынан айырылған.
Бас прокуратура тұрғындарды осындай жағдайдан сақ болуға шақырады.
Нұржайна ШОДЫР.