Күз келісімен қоңыр салқын да түседі. Осы ретте, 10 қыркүйектен бастап облыстағы аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік мекемелерге жылу беріле бастады. Алайда кейбір нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер әлі жылуға қосылмаған. Ал облыстағы тұрғын үйлер қашан толығымен жылумен қамтылады? Жөндеу жұмыстары толық аяқталды ма? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылумен қамту бөлімінің басшысы Жангелді Қожановпен аз-кем тілдескен едік.
— Жангелді Мейрамұлы, санаулы күндер бұрын облыстық әлеуметтік меке-мелерге кезең-кезеңімен жылу беріле бастағанынан хабардармыз. Бүгінде облыс бойынша қанша мекемеге жылу берілді? Ал тұрғын үйлер қашан жылумен қамтамасыз етіледі?
— Кезекті жылыту маусымын 10 қыркүйектен бастадық. Қазіргі уақытта облыстың үш қаласында әлеуметтік-мәдени нысандар мен
тұрғын үйлерді жылумен қамта-масыз ету жұмыстары жүргізілуде. Барлық жоспарлы жөндеу жұмыс-тары белгіленген мерзімде аяқталды. Тұрғын үй мен әлеуметтік сала нысандары толықтай жылу беруге дайын. Бірақ тұрғын үйлер жылыту жүйесіне кейінірек қосылады. Ережеге сәйкес, оларға жылу қосу үшін сыртқы ауа температурасы үш күн қатарынан +10 C° немесе одан төмен болуы қажет.
Жылу желілерінде гидравликалық сынақтар жүргізіліп, олардың барысында анықталған 295 ақау жедел түрде жойылды. Осылайша, жылыту маусымының басталуына кедергілер жоқ. Басқарма тарапынан жабдықтардың жағдайына күнделікті мониторинг жүргізілуде және қажетті отын қоры жасақталған.
— Ал мекемелер мен тұрғын үйлерді қатты отынмен қамтамасыз ету барысында қандай жұмыстар атқарылуда? Отынмен қамту мәселесі қалай шешілуде?
— 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына қатты отынның жалпы қажеттілігі шамамен 645 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде облыстың бюджеттік ұйымдары, автономды және орталық-тандырылған қазандықтары үшін 240 мың тонна, ал тұрғындар үшін шамамен 405 мың тонна қатты отын қажеттілігі бар.
Аймақтағы әлеуметтік-экономи-калық жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу және әлеуметтік шиеленісті болдырмау мақсатында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жыл сайын «Богатырь Көмір» ЖШС мен «Майкубен-Вест» акционерлік қоғамы арасында меморандум жасасады.
Аталған құжат қатты отын бағасын тұрақтандыруға және коммуналдық-тұрмыстық тұтыну-шыларды облыста көмірмен белгіленген бағамен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік нысандар мен халықты жылыту кезеңінде қатты отынмен қамта-масыз етуге, көмір тапшылығы мен бағаның ауытқу тәуекелдерін жоюға арналған.
— Жылу мөлшері бойынша мәселе туындаса, тұрғындар қайда хабарласуы керек?
— Үйлерге жылу берілгеннен кейін де мәселелер туындайтыны белгілі. Яғни, бөлменің темпе-ратурасына көңілі толмайтындар көп. Үйдегі жылу мөлшері даладағы температура көрсеткішімен сәйкес-тендірілетінін естен шығармаған жөн. Арнайы ережелер бар. Егер параметрлер сәйкес келмесе, әуелі қызмет көрсететін ұйымға хабарласу керек. Олар бізге хабарласып, кейін өтініш түскен әр үйге комиссия мүшелері жіберілетін болады.
— Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.