Жылу мен жарық сыйлап…

Ақп 27, 2025

Қазіргі өркениет заманында өмірімізді электр және жылу қуатынсыз елестету мүмкін емес. Үйде, жұмыста жарық «жалп» етіп сөніп қалғанда барлық шаруамыз тұралап қалғандай болады. Мұндай ақауларды дер кезінде жойып, олқылықтардың орын алмауы үшін энергетика саласы мамандарының атқаратын еңбегі зор.

Сондай білікті мамандардың бірқатары облыс орталығындағы «Павлодарэнерго» акцинонерлік қоғамына қарасты №2 жылу-электр орталығында еңбек етеді. Қысқы уақытта станция қуаттылығының 95-96 пайызы пайдаланылады. Мұндай үздіксіз қызметтің арғы жағында ауысыммен кезектесіп еңбек ететін энергетиктердің күнделікті жұмысы тұр.

Сондай жандардың бірі – станция электригі Мақсат Жұмабеков. Павлодарлық оқу ордаларының бірінде электрик мамандығы бойынша білім алған ол өз кәсібіне деген қызығушылығы жылдан-жылға артып жатқанын айтады.

– Бұл саланы таңдағанымда ата-анам: «Бұл – қоғам үшін аса қажет мамандықтардың бірі» деп, қолдау көрсеткен болатын. Оқуымды тәмамдап, Отан алдындағы борышымды абыроймен қорғап келген соң бірден мамандығым бойынша іске кірістім. Бірақ бастапқыда басқа өндіріс орнында жұмыс істеген едім. Кейін еңбек жолымды жылу-электр станциясында жалғастырдым.

Біз күнделікті жұмыста қолданатын «Ретом-21» құрылғысы бірнеше функцияны орындайды. Ол цехта кездесетін ақауларды анықтап, жөндейтін тұстарын көрсетеді. Құрылғымен жұмыс істеу барысында есептеу жағынан қиындықтарға кезіккен сәтте тәжірибелі әріптестерімнің көмегіне жүгінемін. Бір жыл уақыт аралығында техникалық біліммен қатар жылдам шешім қабылдаудың маңызы зор екенін түйдім. Алдағы уақытта энергетика саласында жан-жақты дамып, білікті мамандардың қатарын толықтырамын деген ойдамын, –
дейді ол.

Мақсат сынды жас мамандарға тәжірибесі мол қызметкерлер бағыт-бағдар көрсетіп, бар білгенімен бөлісіп келеді. Олардың қатарында Ілияс Еріков бар. Еңбек өтілі 12 жылдан асқан маман еңбек жолын көмекші жабдық машинист қызметінен бастап, жақында басшының орынбасары қызметіне тағайындалды. Екінші үйіне айналған жұмыс орнында елеулі өзгерістер мен жаңартуларды бастан өткерген маманның айтары мол.

– Біздің станция қаланы жылумен, электр энергиясымен қалтқысыз қамтуы үшін жыл сайын ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл өз кезегінде өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта оңтайландыру жұмыстарының бірі – қазандық агрегаттың жетілдірілуі. Мұндай жөндеуден кейін оның жұмысы айтарлықтай жақсара түсуі тиіс.

Жалпы, энергетика саласында біліктілікті арттырып, білімді шыңдауға мол мүмкіндік бар. Сондықтан түлектер бұл саланы таңдаса, ұтылмайды деп ойлаймын. Әрине, көптеген сала сынды біздің жұмыста да тәжірибенің алатын орны ерекше. Колледж қабырғасында алған білімінің 70 пайызы теория болғандықтан, тәжірибе жүзінде шеберлігін ұштап, бір атқарған істі бірнеше рет қайталаған абзал. Әсіресе, жөндеу жұмыстары саласында кез келген құрылғыны егжей-тегжейлі зерттеп, ақаудың жойылғанына көз жеткізу керек. Өндіріс барысындағы басты қағида – қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, — дейді жылу-электр   орталығы турбиналық цех-
тың жөндеу жұмыстары жөніндегі басшысының  орынбасары Ілияс Еріков.

Ал 2019 жылы машинист-қараушы қызметіне кіріскен Аманжол Ахметов әке жолын қуып, энергетика саласын таңдаған. Бала кезінен әкесінің маңдай терімен келген еңбегінің жемісін көріп өскен ол болашақта абыройлы қызметтің иесі атануын  қалаған.

– Мен цехтағы сорғылардың жұмысын қадағалаймын. Бүгінде сорғылардың түр-түрін білемін. Күн тәртібім олардың жағдайын тексеруден басталады. Күнделікті қолданыстағы  заманауи жабдықтар жұмыс үрдістерін әлде-қайда жеңілдетеді. Демек, біз де физикалық тұрғыдан ғана емес, әрдайым білімімізді толықтырып, кез келген істің ұтымды жолын таба білуіміз қажет. Әкемнің жолын қуғаныма еш өкінбеймін. Бұл салаға алғаш келгенде қиындықтар көп болғанымен алға ұмтылдым. Өндірістегі қызмет — тұрақтылық пен бола-шақтың кепілі, — дейді жылу-электр орталығының машинист-қараушысы Аманжол Ахметов.

«Павлодарэнерго» АҚ №2 жылу электр орталығы электроникалық зерт-ханасының басшысы Кирилл Павлов қазіргі жастардың жолы болды дегенді алға тартады. Неге десеңіз, жұмыс барысында қолданатын құрыл-ғылар мен жабдықтардың барлығы заманауи, көбі автоматты түрде басқарылады. Жұмысына мұқият қарап, жоғары жауапкершілік танытса
болғаны.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз! Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануы тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі!» деп халыққа үндеу жасады.

Биыл техникалық және кәсіби білімге басымдық беріліп жатыр. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқара-
тын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру, олардың кәсіп жолында дамуы, әлеуметтік жағдайының жақсаруы – аталмыш бастаманың басты мақсаты. Осындай шешім өндірістік саланың дамуына ықпал етумен қатар, қоғамдағы жұмысшы мамандықтарына деген қадірін арттыруын көздейді.

Иә, біз күнделікті өмірде жарықты, жылуды үздіксіз пайдалануды қалыпты жағдай деп ойлаймыз. Бірақ мамандығына жүрек қалауымен келген мамандар істеріне адал қарап, күн-түн демей, туындаған мәселелерді бұлжытпай орындауға тырысады.  «Еңбегінен ел таныр» демекші, энергетика саласына елеулі еңбегі сіңіп, тұрғындардың алдында жауапкершілігі мол мамандар қашан да зор құрметке ие болудың себебі осы болса керек.

Салтанат ҒАББАС.