Жылыту маусымына ерте қамдану қажет екеніне көз жетті. Облыс тұрғындары жылу желілерінде жиі тіркелетін апаттардың зардабын тартқаны соншалық, біраз уақыт ыстық сусыз отыруға көніп отыр. Бастысы — жылу құбырлары сапалы жаңартылып, қыста қалыпты жұмыс істесе болғаны.
Соңғы жылдары қысқы маусымда жылу желілері жарылып, павлодарлықтарды әбігерге салатын апаттар артпаса, азайған жоқ. Құбырларды уақытша жамаумен мәселе шешіле қоймас. Иә, күн жылынса, жолдардың қазылып, көшелердің жабылуы павлодар-лықтарға таңсық емес. Сонымен, облыс орта-лығындағы жылу жүйесін жаңғыртудың барысы қалай? Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, биыл жалпы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайтын 26 учаскеде желілерді жаңарту көзделген. Оның 2,3 шақырымы кварталішілік желілер болса, қалғаны – жылу магистралі. Осы ретте, биыл облыс орталығында соңғы отыз жылда алғаш рет кварталішілік желілер жаңартылып жатқанын атап өткен жөн. Жөндеу жұмыстары әуелі ең тозған учаскелерде жүргізілмек. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын кезең-кезеңмен атқарылады деп жоспарланып отыр. Биыл Назарбаев даңғылы — Қайырбаев көшесі — Естай көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі — Нұркин көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі — Гагарин көшесі, Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі — Нұркин көшесі — Амангелді көшесі шекарасындағы учаскелерде жаңа жылу құбырлары төселмек. Осылайша, жыл сайын кестеге сай кварталішілік желілер жаңартылып, шаһардағы жылу желілерінің тозу көрсеткішін азайту көзделіп отыр. Бұған дейін мамандар қыста құбырлардың жарылуы магистральдік желілердің тозуы себебінен емес, осы кварталішілік желілердің тозуы салдарынан орын алатынын айтып жүрген еді. Құр сөз болмай, нақты іс атқарылатыны тұрғындарды қуантып отыр. Жөндеу жұмыстарымен танысу үшін Ломов көшесі – Мәшһүр Жүсіп көшесі — Гагарин көшесі аумағына бардық. Техникаларда дамыл жоқ. Жұмыскерлер өзіне тиісті шаруаны ұқыптылықпен тындырып жүр. Бір атап өтерлігі, құбыр төселгеннен кейін басқа бригада бірден қазылған жерді тегістеуге кірісуде. Асфальт төсеу жұмыстары да кестеге сай жүргізіледі деп болжанып отыр. Асфальттың уақытылы төселуі маңызды. Себебі, кварталішілік желілер көп-қабатты тұрғын үйлердің ауласын қамтитынын ескерсек, қазылған жер тұрғындарға қиындық туғызатыны айтпаса да түсінікті. Бригада басшысымен хабарласа алмасақ та, жөндеу жұмыстарының қызу жалғасып жатқанына көз жетті. Бастысы – сапалы атқарылса болғаны. Қыста жөнделген учаскелерде ақау табылып жатса, жалғыз мердігер ғана емес, жұмысты бақылауда осалдық танытқан құзырлы мекеме өкілдері де жауап беретінін естен шығармаған жөн. Жалпы, облыс орталығын-дағы кварталішілік жылу желілерін жөндеу жұмыс-тары 25 сәуірде басталып, 25 тамызда аяқталады деп күтіліп отыр. Бұдан бөлек, шаһарда кәріз желілерін салу жұмыстары да жүргізілуде. Мәелен, Екінші Павлодар шағын ауданында кәріз жүйесінің 3-ші кезеңін салу бойынша екі жылдық жоба жалғасуда. Былтыр жоспарланған 15 көшенің 12-сінде өздігінен ағатын коллекторларды төсеу жұмыс-тары жүргізілген еді. Биыл шілде айының соңына дейін қалған 3 көшеде (Архангельская, Целинная, Литвинов) 3000 метрге жуық желі салу арқылы жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Сондай-ақ, осы мерзім ішінде мердігер кәріз-сорғы жүйесін және қысымды кәрізге монтаж жүргізуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар Зеленстрой шағын ауданында да жүргізілуде. Мұнда жоспарланған 12 көшенің 8-інде жұмыстар толығымен орындалды. Қазір мердігер қалған көшелерде жұмысын жалғастыруда. Бұған дейін жоба бойынша Зеленстройдың барлық көшелерінен Ломов көше-сіндегі негізгі коллекторға жалпы ағынды бағыттау қарастырылған болатын. Қазір оларды Қазправда көшесіндегі кәріз коллекторына қайта бағыттау туралы жобалық шешім қабылданды. Барлық қажетті рәсімдерді ағымдағы жылдың 15 шілдесіне дейін жүргізу жоспарлануда.
Оралхан ҚОЖАНОВ.
Суретті түсірген — Есенжол Исабек.