Өңірдегі әлеуметтік нысандарға — балабақша, мектеп, аурухана мен мәдениет, спорт мекемелеріне жылу беріле бастады. Ал көпқабатты тұрғын үйлер алдағы 10 күн дересінде орталық желіге қосылуы тиіс. Сонымен қатар, бірнеше ай бойы ыстық сусыз отырған облыс орталығындағы 200-ге жуық үй судың игілігін қайта көрді.
Бұған дейін Павлодар қаласының басшылығы 20 қыркүйекке дейін ыстық суды қайта қосуға уәде берген еді. Айтқандай-ақ, 1-20 қыркүйек күндері көпқабатты тұрғын үйлердің басым бөлігінің тұрғындары ыстық суды пайдалана бастады. Ал 11 баспанада әлі күнге дейін ыстық су жоқ. Олар – Ак.Бектұров көшесі, 109, Ак.Сәтбаев көшесі, 15, Гагарин көшесі, 81, елгин көшесі, 47 және 47/1, Қамзин көшесі, 165, Лермонтов көшесі, 49, Ломов көшесі, 60, Московская көшесі, 12, Павлов көшесі, 14 және Семенченко көшесі, 21/2 мекенжайында орналасқан үйлер. Аталған баспаналарға ыстық судың берілмеуіне жөндеу жұмыстарының жүргізілуі мен тұрғындардың үй ішіндегі желілерді жөндеуге қаржы жинамауы себеп болып отыр. Әйтпегенде, «Павлодар жылу желілері» ЖШС ыстық су беруге дайын көрінеді. Енді бұл үйлердің қашан орталық желіге қосылатыны әзірше белгісіз болып отыр. Ал бұл уақытта облыс орталығындағы әлеуметтік нысандар жылыту маусымын бастап кетті.
— Қалалық әкімдіктің қаулысына сәйкес, 18 қыркүйекте жылыту маусымы басталды. Бірінші кезекте жылу әлеуметтік нысандары мен мемлекеттік мекемелерге беріледі. Қазіргі таңда
бұл мекемелердің барлығы жылу қабылдауға әзір, — деп хабарлады «Павлодарэнерго» АҚ. Айта кетейік, бұған дейін облыс әкімі Асайын Байханов өңірдегі көпқабатты үйлерге 30 қыркүйек — 1 қазанда орталық жылу берілетінін айтқан болатын.
Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.