Photo Valeriy BUGAYEV

Биыл Павлодар қаласында жылыту маусымы былтырғыдан қарағанда ерте басталды. Тоғызыншы қыркүйектен бастап орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне әлеуметтік нысандар қосылса, ағымдағы айдың ортасында көпқабатты тұрғын үйлер қосыла бастайды.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков биыл облыс орталығында жылыту маусымы 9 қыркүйекте басталғанын атап өтті. Алғашқы болып балабақша, мектеп, медицина мекемелері сияқты әлеуметтік нысандар жылуға қосылады. Ал 16 қыркүйектен бастап жылу тұрғын үй секторларына беріле бастайды.

— Бірден ескертетін жайт, дәл сол күні тұрғындардың пәтерлеріндегі батареялар бірден қызбайды. Жылу желілерін толық толтыру біршама уақытты алады. Желідегі су айналымы 22 мың тоннаны құрайды. Ал жылу электр орталығындағы желілік сумен толтырудың максималды мүмкіндігі — тәулігіне 800 тонна көлемінде. Осыған байланысты қаланы жылумен қамтуды толық іске қосу және баптау үшін бізге үш-төрт аптаға дейін уақыт қажет. Бұл жұмыс менің жеке бақылауымда болады, — деді қала әкімі.

Сонымен қатар, шаһар басшысы биыл Павлодар қаласында жылыту маусымы ерте басталғанын, бұл желілер мен үй коммуникацияларын алдын ала дайындаудың нәтижесінде мүмкін болып отырғанын айтты. Жылу беріле бастағаннан-ақ қаланың жедел қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты.

А.МҰҚЫШЕВ.